Accessibility links

Кәріз жүйесі эпизодындағы «араб компаниясы»


Әлжан Ақмолдаев, "Серік Ахметов ісі" бойынша айыпталушылардың бірі. Қарағанды, 20 қазан 2015 жыл

Әлжан Ақмолдаев, "Серік Ахметов ісі" бойынша айыпталушылардың бірі. Қарағанды, 20 қазан 2015 жыл

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталушылардың бірі «бұрынғы топ-шенеуніктің адамдарына тиесілі» деген болжаммен әлдебір «араб компаниясының» есеп-шотына "Ахметовтің ұлының өтініші бойынша" ақша аударғанын мәлімдеді. Ахметов бұл айыпты жоққа шығарады.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысы әкімдіктерінің бұрынғы шенеуніктерінің қылмыстық ісіне қатысты сот Қарағандыда кәріз-тазарту жүйесі құрылысына байланысты жаңа эпизодты қарауға кірісті. Бұл эпизод бойынша Ахметовтің өзі, кәсіпкер Әлжан Ақмолдаев, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриалдық паркі» компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Эссе, Оразалы Әйменбетов және Болатбек Ысқақов, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов айыпталады. Серік Ахметовке «аса ірі көлемде пара алды» және «бөтеннің мүлкін жымқырды» деген айыптар тағылған. Тергеушілер мен айыптау тарабының болжамынша, тазарту жүйесі құрылысына пайдаланылады деп жоспарланған қымбат жабдықтарды Ахметовтің «мақұлдауымен» жобалық сметасын кемітпей, арзанына ауыстырған.

ІСТЕГІ «ТИІСТІ АДАМ»

Іс бойынша сотталушылардың бірі - «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары - қазір қамаудағы Әлжан Ақмолдаев сотта Серік Ахметовке талай жолыққанын мәлімдейді. Оның айтуынша, индустриалдық парк құрылысына жүргізетін мердігерлерді таңдау, құрал-жабдықтарды сатып алу және технологияларды қолдану мәселелерін Серік Ахметовтің өзі қарап, мақұлдаған. Ақмолдаевтың көрсетуінше, Қарағанды облысы әкімі болып тұрған тұста Ахметов оған «тиісті адам» келіп жолығатынын айтқан, кейін Ақмолдаевқа бұрынғы шенеуніктің ұлы Данияр Ахметов хабарласқан. Сотталушы Ақмолдаевтың айтуынша, нысан құрылысын жүргізуге рұқсат алып бергені үшін кіші Ахметов кәсіпкерден «сыйақы» аударуды өтінген. Әлжан Ақмолдаев қазір сотқа тартылған бұрынғы премьер-министрдің адамдарына тиесілі «араб компаниясы» есеп-шотына төрт миллион доллар аударғанын айтады.

Серік Ахмтовтің сотынан көрініс. Қарағанды, 20 қазан 2015 жыл

Серік Ахмтовтің сотынан көрініс. Қарағанды, 20 қазан 2015 жыл

- Мұнша ақшаны қайдан аламын деп ойладым. Біз экономикалық ұсыныс жасау амалын ойлап таптық. «Кейін 300 миллион теңгені қайтарып аламын» деп Нұрбаевтан (іске қатысты тағы бір сотталушы, Eco Treatment System және Sapa Project Group компанияларының басшысы Думан Нұрбаев. – Ред.) құрал-жабдықтың бағасын асырып көрсетуін сұрадым. Ол келісімін берді.Бірақ әлгі ақшаны маған сол күйі қайтарған жоқ. Данияр мен Серік Нығметұлына берген уәдемді орындауға тиіс болғандықтан, ақшаны аудару жолдарын ойластыра бастадым. Ақыры араб компаниясы есеп-шотына ақша төрт траншпен аударылды, - дейді Ақмолдаев сотта.

Ақмолдаевтың сөзінше, Думан Нұрбаевтың компаниясы (құрылысты жүргізген мердігер компания) арқылы қолма қол ақшаға айналдырылған қаражат «араб компаниясы» есеп-шотына аударылған. Ақмолдаев екі миллион долларға сәл жетпейтін көлемде ақша аударғанын айтады. Сырқатына байланысты ісін жеке сот өндірісі қарайтын бизнесмен Думан Нұрбаев сотқа қатыспайды.

АДВОКАТТАР: «ҚАЙШЫЛЫҚТАР БАР»

Серік Ахметов Әлжан Ақмолдаевпен таныстығын да, кездескенін де терістеді, әрі тағылған айыптарды мойындамады.

- Онымен жеке таныстығым жоқ, сондықтан, бұл кісіге тіпті ешқандай жеккөрінішім де жоқ, - деп мәлімдеді Серік Ахметов сотта.

Ақмолдаев әуелі бұл іске Ахметовті араластырғысы келмегенін, бірақ ақыры «бүкіл жайтты ашық айтуды ұйғарғанын» айтты.

Серік Ахметовтің адвокаттары судьядан сотталушы Ақмолдаевтың жауабындағы мынадай қайшы тұстарға назар аударуын сұрады: әуелі ол «Ахметовпен әкімдік кабинетінде кездескен жоқпын» деп мәлімдеген, бірақ кейін «Ахметовтің кабинетіне кірген-кірмегенім есімде жоқ» деп айтты, ал кейін «Серік Ахметовпен ол Қарағанды облысы әкімі болған кезде кездескенмін» деп мәлімдеген. Адвокаттардың «осы сәйкессіздікті түсіндіріп беріңізші» деген өтінішіне Ақмолдаев әуелі бұл іске Ахметовті араластырғысы келмегенін, бірақ ақыры «бүкіл жайтты ашық айтуды ұйғарғанын» айтты. Ахметовтің адвокаты Николай Лесник те Ақмолдаевтың жауаптарындағы "сәйкессіздікті" байқаған. Лесниктің мәлімдеуінше, әлгі аударылған ақшаға қатысты істегі қағаздар - банктің төлем құжаты емес, қайта басып шығарған белгісіз бір қағаз ғана. Лесниктің айтуынша, «араб компаниясына» аударылды деген ақшаның көлемі мен күнінде айырмашылық бар.

Қоғамдық резонанс тудырған бұл іс Қарағандының мамандандырылған сотында тамыз айынан бастап қаралып жатыр. 21 айыпталушының алтауы - оның ішінде Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та бар - қамауда отыр. Сотталушыларға «қызмет бабын асыра пайдаланған», «бюджет қаржысын жымқырған» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» деген айыптар тағылып отыр. Іске қатысты негізгі айыпталушы – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы премьер-министр әрі бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов «пара алған» деген күдікке ілінген. Ол 2014 жылдың қарашасынан бері Қарағандыда үйқамақта отыр.

Материалды орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазина.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG