Accessibility links

«Жамағатшылар» үкімінен кейін қарғыс жауды


Сол жақта - "Таблиғи Жамағат" ұйымына қосылды" деген айыппен сотталушылар. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

Сол жақта - "Таблиғи Жамағат" ұйымына қосылды" деген айыппен сотталушылар. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

Бүгін сот Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» ұйымының аймақтық тобы жетекшісі деп болжанған адам мен оның екі серігіне түрме жазасын кесті. Сотталғандардың туыстары үкіммен келіспейді.

Қарағандылық «жамағатшылар» ісі бойынша үкім жарияланған шағын сот залына жиналған 30 шақты адамның көбі сотталушылардың туыстары мен достары және журналистер болды. Қара бетперде киген арнайы күзет сарбаздары қолдарына кісен салып әкелген сотталушыларды әйнектің арғы жағындағы қоршаудың ішіне отырғызды.

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының қылмыстық істер жөніндегі соты Қарағанды облысының үш тұрғынын экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» ұйымын ұйымдастырғаны және жұмысына қатысқаны үшін айыпты деп таныды.

Сот аймақтық «Таблиғи Жамағат» жетекшілерінің бірі деп болжанған 33 жастағы Айдын Шәкентаевты (діни есімі – Муас) екі жарым жылға соттап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кесті. Тергеу болжамынша, Айдын Шәкентаев ұйым қызметін басқаруды өз қолына алып, жаңа мүшелер тартумен айналысқан, тыйым салынған ұйымды насихаттауға белсенді түрде кіріскен.

Судья Жанат Егембердиева сот үкімін оқып тұр. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

Судья Жанат Егембердиева сот үкімін оқып тұр. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

33 жастағы Мұрат Шөпенов пен 38 жастағы Бауыржан Серіков екі жылға сотталып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Жазаны өтеу мерзімі 2015 жылдың 7 қазанынан басталады. Соттың сараптама жүргізуге жұмсаған шығыны олардан да өндірілетін болды.

ҮКІМНЕН КЕЙІНГІ КӨЗ ЖАСЫ

Жиналған жұрт үкімді үнсіз тыңдады. Бірақ судья Жанат Егембердиева үкімді жариялап болып, сот залынан шыға бергенде біреулер: «Сонда біздің әділ де ізгі сотымыз қайда қалды?» деп айқайлады. Сотталушылардың әйел туыстары жылап жатты, бірақ байбалам салған жоқ. Кей туыстары журналистерді қорлап, қарғап жатты. Үкімге қатысты көзқарасын айту жайлы ұсынысқа әйелдердің бірі ғана келісті. Ол өзін «есімім – Самал, сотталушылардың бірінің келіншегімін» деп таныстырды.

Соттан шығып бара жатқан адамдар. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

Соттан шығып бара жатқан адамдар. Қарағанды, 28 наурыз 2016 жыл.

– Екеуміз жақсы тұрдық. 15 жыл отасқанымызда қалағанымды орындап, көңілімді қайтарып көрген жоқ. Оны «бала-шағасына қарамайды» дейді. Мұны қайдан шығарып алған? Балаларымыз мектепте оқиды. Жұрттан саяқ өмір сүріп жатқан жоқпыз. Олардың кінәсін дәлелдейтін ешбір айғақ келтірген жоқ. Бұлай қалдырмаймыз. Жоғарғы сотқа, керек болса халықаралық сотқа шағымданамыз, – деді сәл тынышталған келіншек.

Сотталған үш адамның әрбірінде екіден беске дейін бала бар.

«Таблиғи Жамағат» діни ұйымы 2013 жылы Астана сотының шешімімен экстремистік деп танылып, Қазақстан территориясында оның қызметіне тыйым салынған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, іске қатысты үш айыпталушы сот тыйымы жайлы біле тұра ұйымға адалдығынан бас тартпаған. Сотталушылар бұл айыпты мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG