Accessibility links

«АрселорМиттал Теміртау» жалақыны кем төлеп жатыр


Металлургтер монументі. Теміртау, 1 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Металлургтер монументі. Теміртау, 1 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығы жұмысшылардың қаңтар айындағы жалақысын уақытша 25 пайызға кем төлеу туралы бұйрықтың күшін жоймайтын болды. Компания менеджменті прокуратура бұйрығымен келіспейтінін мәлімдеп, кінәні дағдарысқа артты.

​Бүгін Теміртау қаласында «АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлерінің қаңтар айындағы жалақысының 75 пайызын ғана төлеу туралы бұйрыққа қатысты дауға байланысты компаниясы басқармасы баспасөз жиынын өткізді.

Компанияның бас директоры Виджай Махадеван ақпанның 5-іне дейін күшін жою туралы прокуратура қаулысына қарамастан, жалақыны кешіктіріп төлеу және қайта есептеу туралы бұйрығын қалдырады деп мәлімдеді. Ал қызметкерлерге жалақы әзірше қысқарған көлемде беріле бастады.

– Қысқа мерзімдік шараны неліктен қабылдағанымызды «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қызметкерлерінің бәріне түсіндірдім. Желілік басшылар мен бүкіл бөлімшелер де өз қызметкерлеріне жағдайды түсіндіріп жатыр. Олар жағдайды біртіндеп түсіне бастайды деп ойлаймын. Сондықтан қаңтар айының жалақысын 75 пайыз көлемінде төлеу туралы бұйрықты күшінде қалдырдық. Төленбеген пайызын қолма қол ақшаға байланысты жағдай түзелген бетте дереу төлейтінімізді қызметкерлеріміз біледі. Қазір қолма қол ақшадан тапшылық көріп отырмыз. Прокуратура қаулысы мен тексеруге қатысты жұмыспен заң бөлімі айналысып жатыр, – дейді Виджай Махадеван.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Иво Хмелик компания жалақыны толық төлемеуді заңсыз деп тауып, 600 мың теңге (3 мыңнан аса доллар) көлемінде айыппұл салған Қарағанды облысы прокуратурасының қаулысына қатысты шағымданатынын айтты.

Виджай Махадеван кейбіреулер «заңға қайшы» деп бағалаған бұйрықтың неліктен шығарылғанына қатысты да комментарий берді.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылары өткізген баспасөз мәслихаты. Теміртау, 6 ақпан 2015 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылары өткізген баспасөз мәслихаты. Теміртау, 6 ақпан 2015 жыл.

– Мұны білеміз әрі заңгерлерімізбен алдын ала кеңескенбіз. Бұл шара өзімізге де ұнамайды, бірақ оған амалсыздан бардық. Жалақыны қысқарту туралы мұндай шаралар ешкімге ұнамас еді. Бірақ жағдай нашарлап кеткендіктен, басқа амал қалмады. 2013-2014 жылдары бірдеңе етіп амалдағанбыз. Бірақ қазір қызметкерлерімізге жалақысын толық көлемде төлей алмайтын, мердігер ұйымдардың қызмет ақысы мен материал үшін есеп айырыса алмайтын халге жеттік. Ақша жеткілікті болса, мұндай шараға ешқашан бармас едік, – дейді Виджай Махадеван.

Компания «көктемде жағдай сәл түзеліп әрі бәсекеге қабілеттілік деңгейіміз жақсарады, сәуірге қарай компания өніміне сұраныс артады» деп үміттенеді. Компания өнімнің өзіндік құнын азайту үшін «агрессиялық бағдарлама» жасалып жатқанын мәлімдеді. Басшылықтың хабарлауынша, өндірісті ұлғайту арқылы шығынды азайту жоспарланған.

Компанияның дерегінше, өнімнің 25 пайызы ішкі нарықта сатылады, 30 пайызға жуығы Ресей нарығына, ал 45 пайызы экспортқа шығарылады.

Металлургиялық комбинаттың Азаттық тілшісі сөйлескен қызметкерлері компанияның «өндіріс көлемін ұлғайту арқылы дағдарыстан шығамыз» деген жоспарына сенбейді. Бірақ олар мақалада аты-жөндерін атамауды сұрады.

Компания өндірістік жоспарды қалай ұлғайтпақ екен? Ескі құрал-жабдықпен бе?

– Компания өндірісті, яғни өндірістік жоспарды қалай ұлғайтпақ екен? Ескі құрал-жабдықпен бе? Ал мұнша көлемді атқаруға жұмысшылар шамасы келе ме? Онсыз да жұмысшы жетіспейді, ал бір бөлігі тозып біткен құрал-жабдық ондай салмаққа шыдай ала ма? Кейде жөндеуге қосалқы бөлшектер табылмай қалады, – дейді металлург Сергей С. Азаттық тілшісіне.

Бірақ компания келесі аптада №3 домна пеші іске қосылатынын әрі енді өнімнің өзіндік құны түсетінін хабарлап үлгерді.

Ақпанның 4-інде Қарағанды облыстық прокуратурасы компанияға 5 ақпанға дейін жұмысшылар жалақысының бір бөлігін төлеуді уақытша кейінге қалдыру туралы бұйрықтың күшін жоюға мұрсат берген болатын.

Ақпанның 2-сінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысшылар жалақысын уақытша қайта есептеу туралы бұйрық шығарған. Бұйрық бойынша, көмір және металлургия компаниясы жұмысшыларының қаңтар айындағы жалақысы 25-тен 50 пайызға дейін қысқаратын болған. Компания жалақыны қысқартуға «күрделі геосаяси жағдай», «экономикалық өсімнің баяулауы» мен «тұтыну нарығындағы жағдайдың нашарлауы» және «рубльдің құлдырауынан» кәсіпорынның қаржылық қиындықтарға ұшырауы себеп болды деп түсіндіреді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG