Accessibility links

Назарбаев істеген Магнитка жұмысшыларын «шыдауға» шақырды


Олег Сосковец Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде сөйлеп тұр. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Олег Сосковец Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде сөйлеп тұр. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған қазақстандық Магниткада жұмыс істеген ресейлік саясаткер Олег Сосковец Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа барып, жұмысшыларды «шыдауға» шақырды. Ресейлік мейман «Назарбаевтың жастық шағы өткен қалада» астана күніне орайластырылған іс-шараларды ашты.

Совет заманында Қарметкомбинат жұмысшысынан одақ министріне дейін өрлеген ресейлік Олег Сосковецті Теміртау жұрты әрдайым құшақ жая қарсы алады. Оның биылғы сапарында бұл дәстүр бұзылмады.

АСТАНА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ САЛТАНАТ ПЕН МАДАҚТАР

Олег Сосковецтің айтуынша, ол Қазақстанға астана күнін мерекелеуге келген әрі әуелі «Назарбаевтың жастық шағы өткен қалаға» баруды жөн көрген. Бүгін Сосковецті Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік қайраткері, Ресей тауар өндірушілері одағы президенті, қаржы-өнеркәсіп топтары қауымдастығы төрағасы ретінде және бұрын Ресей үкіметі төрағасының бірінші орынбасары болған тұлға деп таныстырды. Ал ол өз сөзінде «президент Назарбаевтың маңызын» айтты.

Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде жиналған жұрт. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде жиналған жұрт. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

– Мен өзге жайттардың ішінде екеуміздің жеке таныстығымызға 45 жыл болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлының рөлін ерекше атап өткім келеді. Мен институтты бітіріп, зауытқа жұмыс істеуге келген кезде ол партком хатшысы болып отырған. Кейін оның қолынан партия билетін алдым. Содан бері екеуміз өмір бойы бірге келеміз, оның көмегі мен қолдауын ұдайы сеземін. Теміртау тұрғындарымен өткен кездесулерінің бірінде ол «тіпті астананы да сіздерге қоңсы қондырдым» деген еді. Астанаға қатысты шешімдердің өзегі мен оны құрушы Қазақстан президенті екенінде дау жоқ. Бірақ оның арманын ел азаматтары ерен еңбегімен іске асырды, – деді Олег Сосковец кездесуде.

Сосковец Теміртау қаласының құрметті қонағы ретінде жергілікті билік өкілдерімен бірге Қазақстанда 6 шілде – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні мерекеленетін астана күніне орайластырылған бірнеше шараны ашты. Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік дәм – Теміртау әкімі Ғалым Әшімов «президенттің атынан» деп ұсынған үлкен торт әзірлеген.

Теміртау әкімі Ғалым Әшімов «президенттің атынан» деп ұсынған торт. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Теміртау әкімі Ғалым Әшімов «президенттің атынан» деп ұсынған торт. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

«БАУЫРЛАР, ШЫДАҢДАР!»

Сосковец жайлы, әсіресе бұрынғы Қарметкомбинат – қазіргі «АрселорМитталТеміртау» компаниясының бас директоры болған кезі жайлы қоғамда қилы пікірлер кездеседі. Дәстүр бойынша ол Теміртауға келген сайын Мәскеуге қызметке кеткенге дейін 20 шақты жыл жұмыс істеген металлургиялық комбинатта болады.

Журналистерге берген сұхбатында Олег Сосковец Теміртаудағы өзекті тақырып – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы жұмысшыларды қысқарту мен аутстаффинг жүйесіне көшу саясаты жайлы «бұл – қожайын пайда болған көптеген кәсіпорындардың проблемасы» деді. Бұрынғы директор металлургиялық комбинаттағы ахуалды «дұрыстау керек» деп санайды.

– Меншік иелері Ресей Федерациясы юрисдикциясына жататын ресейлік кәсіпорындармен салыстырып көрсем, оларда жауапкершілік жоғары: жалақысы көбірек, металлургтердің әлеуметтік жағдайы да мұндағымен салыстырғанда жақсырақ. Мен кәсіпорын қожайындары осы жайтқа назар аударса деймін. Ал персоналға келсек, оны да үнемі қысқарта бермейтін шығар, әлдебір шегі болуы тиіс қой. Зауыттағы негізгі ғимараттардың, металл конструкциялардың да қазіргі жай-күйі нашар. Егер бұған көңіл бөлмесе, соңы үлкен апатты жағдайға соқтыруы мүмкін. Сондықтан мұнда мамандар керек. Түбі меншік иелері бұған назар аударуы тиіс, – дейді Олег Сосковец.

Олег Сосковец қала әкімі мен университет ректорының ортасында тұр. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Олег Сосковец қала әкімі мен университет ректорының ортасында тұр. Теміртау, 4 шілде 2016 жыл.

Сосковец металлургиялық комбинат айрылып қалған позицияларын қайта қалпына келтіруі тиіс деп санайды. Оның сөзінше, кәсіпорын Ресей нарығынан өз-өзінен оқшауланып, комбинат Ресейдің көптеген кәсіпорындарымен байланысын үзіп алған. Бірақ ол «әлі перспектива бар» дейді.

– Әріптестер, металлург бауырлар, шыдаңдар, өйткені қазір сіздер экономиканың, қоғамның тұғырысыздар, – деген тілек айтты Сосковец теміртаулықтарға.

Қаладағы алып өнеркәсіп ошағы саналатын металлургиялық комбинат 1990 жылдардың ортасында үндістандық бизнесмен Лакшми Митталдың иелігіндегі компания меншігіне өткен. «АрселорМитталТеміртау» компаниясы иелігінде металлургиялық комбинаттан өзге бірнеше шахта бар. Металлургтер, шахтерлер мен олардың кәсіподақтары жалақыны азайту, штатты қысқарту, «еңбекті жалға алу» жүйесіне көшуге қатысты наразылық танытып, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығының саясатына талай рет алаңдаушылық білдірген. Кәсіподақ шағымынан кейін билік жүргізген соңғы тексеру кезінде «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорындарында заң бұзу фактілері анықталмаған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG