Accessibility links

«Бомба қоймақ болған» мұғалімнің ісі


Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

«Жалған терроризмге» қатысты айыпталған мұғалімнің адвокаттары жазықсыз адамның сотқа тартылғанын айтады. Тергеушілер мұнымен келіспейді, ал кей «жәбірленушілер» зиян шеккендерін айтады.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты бір жыл бұрын болған оқиғаны қарап жатыр.

Тергеу болжамынша, былтыр Юрий Пак полицияға телефон соғып, қаладағы ірі сауда орындарының біріне бомба қоймақ ниетін хабарлаған. Тергеушілер «әлгі «қаскүнемнің» дауысы сотталушының дауысы екені дәлелденді» деген уәжбен телефон соққан адамның сөздері жазылған аудионы сотқа заттай айғақ ретінде ұсынған, ал сотталушы мұнымен келіспейді.

Жалпы білім беретін орта мектепте физикадан сабақ беретін мұғалім Юрий Пакқа «Террористік акт дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша айып тағылған. Мұғалімді жұмыстан шеттетпеген.

«МҰҒАЛІМНІҢ ІСІ»

«Жалған терроризмге» қатысты айыпталған физика пәні мұғалімі, ертеректе Қарағанды мектептерінің бірінде оқу меңгерушісі қызметін де атқарған Юрий Пактың полицияға қоңырау соқпағанын дәлелдеуге тырысып жүргеніне бір жылдан асты. Юрий Пакты бұл іске әуелі куәгер ретінде тартқан, ал кейін оны айыпталушы мәртебесіне ауыстырған.

Юрий Пак «сол күні смартфонымды кабинетте сөмкемде қалдырып кетіппін» деген уәжбен тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттар мен сотталушы телефонды біреу «бұзып кіріп», әлеуметтік желі арқылы қашықтан қосылуы мүмкін деп болжайды. Ертеректе олар телефонға қашықтан қосылу мүмкін екенін дәлелдеу үшін сараптама жүргізуді талап еткен.

– Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Маған тағылған айыпты бұрынғысынша мойындамаймын. Қанша өтініп сұрасам да, маған ешбір сараптаманың нәтижесін көрсеткен жоқ. Айтатын уәждері – «Болмайды!». Ашық айтайын – әлгі дауыс менікі емес, – дейді сотталушы Юрий Пак соттағы тергеу кезінде.

Судья Әлия Жошева Юрий Пактың сотын жүргізіп отыр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Судья Әлия Жошева Юрий Пактың сотын жүргізіп отыр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Сотта заттай айғақ ретінде ұсынылған аудио жазбалар тыңдалды. Бұл – ішкі істер департаменті операторы мен полицияға қоңырау соққан әлдебір қаскүнемнің арасындағы әңгіменің жазбасы. Процеске жиналғандар мен БАҚ өкілдері қатысқан сотта тыңдалған аудиода шығыс халықтарына тән акцентпен әрі масаң дауыспен сөйлейтін әлдебір ер адам операторға: «10 жыл жазықсыздан жазықсыз отырып шықтым, психикасы ауру науқас емеспін. Қазір ЦУМ-ға бомба қоямын» дейді. Бірақ «қазір тынышырақ орынға барып алайын» деген ол өзінің шынымен Қарағанды қаласында тұрғанын нақтылағысы келгендей, нысандарды атаған кезде «Қарағанды» сөзін бірнеше мәрте қайталайды. Оператордың «Қазір қай жерде тұрсыз? Жедел әрекет ету жасағын жіберсек қалай қарайсыз? Талап-тілектеріңізді соларға айта аласыз» деген сөзіне тұтқаның ар жағындағы ер адам «полициямен істес болғым келмейді» дейді. Бұдан кейін ер адам тағы бірдеңе дейді де, байланыс үзіліп кетеді.

Сотта әлгі дауыстың кімдікі екенін анықтау үшін жүргізілген сараптамалардың аудиолары да тыңдалды. Адвокаттар мен сотталушы соттан әлгі сараптамалар заттай айғақ бола алмайды деп тануды сұрайды.

«ӘЙТЕУІР БІРЕУДІ ОТЫРҒЫЗУ КЕРЕК БОЛДЫ»

Сотталушының адвокаттары судья мен сот процесіне қатысушылар назарын істегі сәйкессіздіктер мен «заттай айғақтарға» аударады.

– Заттай айғақтардың мәселесі көпке дейін шешілмеді. Бұл жайт қаскүнемнің дауысы бар жазбаға әсер етілген болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Клиентімнің дауыс үлгілерін алдау арқылы алған, ол жазбаша келісім бермеген. Жүргізілген сараптамалардың бәрі ережені өрескел бұзу арқылы жүргізілген, – дейді Юрий Пактың адвокаттарының бірі.

Бұған қоса, қорғаушы тарап әлгі телефон қоңырауы түскен кезде Юрий Пак өзге мұғалімдермен бірге басқа кабинетте болған, сондықтан оның қоңырау соғуы мүмкін емес деп мәлімдейді. Адвокаттардың айтуынша, Юрий Пактың тіл мүкістігі бар, ал қоңырау соққан адамның сөзі жазылған аудиода бұл ақау байқалмайды. Қорғаушы тарап өзге айырмашылықтар жайлы да айтты.

– Техникалық бақылау аппараты көрсеткен деректер тергеушілердің әлгі қылмысты менің клиентім жасаған деген болжамы жоққа шығарады. Қазір Қазақстанда телефон террористерін қылмыстық жауапқа тарту науқаны жүріп жатқандықтан, мына статистикалық көрсеткішті жауып, сотқа тартатын адам табу керек болды. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын түсінемін, қоғамды дүрліктіретін адамдарды қатал қылмыстық жауапкершілікке тартуды мен де қос қолдап қорғаймын. Бірақ мына жағдай... Алты жылға соттау мен ашылмай қалған қылмыстың болмашы статистикалық көрсеткіші екеуін өзіңіз салыстырып көріңізші. Екеуі салыстыруға да болмайтын нәрсе ғой, – дейді сотталушының екінші адвокаты.

Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

«ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ» ТАЛАП-АРЫЗДАРЫ

Бұл істе Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы, жедел жәрдем станциясы және тергеушілердің болжамынша, Юрий Пак жарылғыш құрылғыны қоюға ниеттенген сауда орталығы жапа шегуші ретінде танылған.

Сауда орталығы басшылығынан өзге жапа шегушілер сол күні террористік акт дайындалып жатыр деген жалған шақыртуға бензин жұмсалды деген уәжбен материалдық зиянды өндіріп беруді сұрап, талап-арыз берген. Талап-арыздарда көрсетілген сома көп емес – 2 мыңнан 10 мың теңгеге дейін.

17 маусымға белгіленген тараптар жарыссөзі алдында жапа шегушілер материалдық зиянды өндіру талаптарынан бас тартқан жоқ, ал кейбірі тіпті сотталушыны қылмыстық жауапқа тартуды талап етеді. Қазақстан заңдары бойынша, террористік акт дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлаған адам алты жылға сотталуы мүмкін.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG