Accessibility links

«Бесоба» үйіндісінің арасында адамдар әлі тұрып жатыр


«Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйлер. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

«Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйлер. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

Қарағанды қаласындағы «апатты» деп танылған элиталық ауданда үйлер бұзылып жатыр. Көшуден бас тартқан кейбір тұрғындар тәуекелге бас тігіп, жылуы мен жарығы, суы жоқ үйлерде тұрады.

Жайсыз ауданның бірталай тұрғыны бас амандығын ойлап, жергілікті биліктің талабы бойынша өз баспаналарын тастап көшіп кетті. Өмірін қатерге тігіп, бұзылған үйлерде тәуекел етіп тұрып жатқан кейбір тұрғындар биліктен өз пәтерлеріне татитын баспана талап етіп отыр. Оқиға орнына Азаттық тілшісі барып қайтты.

ТҰТАС БІР ШАҒЫН АУДАН ҚИРАТЫЛЫП ЖАТЫР

Қарағандыда бір кездері элиталық аудан болған «Бесоба» тұрғын үй кешені қазір адам танығысыз, құдды бомба түскендей үйіндіге айналған. Мұнда алғаш келген адам бұл жерде таяуда ғана тіршілік қайнап жатқан деп әсте ойламас еді. Жұмысшылар арнайы техниканың көмегімен және қолмен таңның атысынан күннің батысына дейін бес қабатты жап-жаңа үйлерді құлатып, бұзып жатыр. «Бесоба» тұрғын үй кешеніне жақындаған кезде жұмыс істеп жатқан экскаваторлар мен автокрандардың шуы, ғимараттардың құлаған сынықтарының тарсылы, жұмысшылардың айғай-шуы естіледі, үйінді астында қалып қойған заттарын әкетуге жанталасқан тұрғындар көрінді. Тұрғындар жаңадан сатып алып шығынданбас үшін кейбір заттарды бүтін алып қалуға тырысып жатқандарын Азаттық тілшісінен жасырмады.

Үйлері бұзылып жатқан аумақ қоршалғанымен, қоршаудың ар жағына өту қиын емес екен: көлікпен де, жаяу да өтуге болады. Жүргіншілердің бұл арада не мақсатпен жүргенін сұрап жатқан жан жоқ. Азаттық тілшісінің «Адамдар әлі тұрып «Бесобадағы» үйлерді қиратып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

«Бесобадағы» үйлерді қиратып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

жатқан үй қайда?» деген сауалына жұмысшылардың бірі «Төбеңе, жан-жағыңа қарап алып, абайлап жүр, басыңа кірпіш түсіп кетпесін» деп ескертіп алып, үйді нұсқап жіберді.

Бірнеше адам қираған кешенде жарық, жылусыз, сусыз тұрып жатыр екен. Коммуналдық қызметтен оларды осыдан екі аптадай бұрын ажыратып тастапты. Тұрғындардың тағы бір бөлігі барлық жиһаздарын тастап, есіктерін жауып, өздері басқа жаққа кетіпті.

Қазір үйлері бұзылып жатқан тұрғындар биліктен сәуір айында қираған төрт подъезді үйдің тұрғындары көшірілген ауданнан болса да баспана беруді сұрап отыр. Билік осы «Бесобада» жаңа үйлер салуға уәде берді. Ал әзірше Қарағандының шетіндегі Майқұдық кентінде жалға берілетін үйлерде тұра тұруды ұсынды. Бірақ ол жаққа барудан бас тартқандар да бар. Тұрғындардың бір бөлігі өздерінің пәтеріне шамалас бағалы баспана беруді талап етті. «Бесоба» тұрғындары 20 адам қол қойған талап арыз жазып, бұл мәселені сот арқылы шешпек.

АПАТТЫ БАСПАНАСЫН ТАСТАУДАН БАС ТАРТҚАН ЕКЕУ

7-үйдің тұрғыны Серік Мажиров «көшіп кететін жер жоқ, ал билік ұсынған баспана ұнамайды» деген уәжбен өз пәтерін тастап кетуден бас тартты. Отағасы шенеуніктерден «баспана мәселесі шешіледі, қаланың шетінен емес, Қарағандының ішінен тура осындай баспана беріледі және келешекте баспанасыз қалмайсыңдар» деген жазбаша кепілдеме алмаққа тырысып жүр.

Бүкіл үйде Серік жалғыз қалыпты. Ол – екінші топтағы мүгедек. Азаттық тілшісіне «мүгедектікке осыдан бір ай бұрын шықтым» деді. Бұған дейін 20 жыл бойы хирург "Бесобаның" тұрғыны Серік Мажиров. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

"Бесобаның" тұрғыны Серік Мажиров. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

болып істепті. Оның айтуынша, «Бесобадан» бір бөлмелі пәтерге мемлекеттік бағдарлама арқылы әрең ие болыпты. «18 жылға ипотека қамытын кидім. Зейнетке шыққанша төлеп бітірермін деп ойлап едім» дейді.

– 25 жыл бойы баспанасыз жүрдім, пәтер кезегінде бес жыл тұрдым. Нәтижесінде бұзуға тиіс баспана алыппын. Бұл пәтерді маған әкімдік, нақтырақ айтсам, «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі сатты. Бұл пәтерде екі жыл тұрдым. Осы уақыт ішінде ипотеканың пайыздық сыйақысын ғана – 600 мың теңгені төледім. Ипотеканы «Құрылыс жинақ банкі» арқылы алғанмын, – дейді Серік Мажиров.

Серік Мажиров «егер баспана апатты деп танылса, пәтерді сату-сатып алу туралы келісім-шарт қос тараптың келісімі бойынша бұзылуы тиіс, ал оның орнына әкімдіктің атынан пәтерді сатушы осы шамалас баспана беруі тиіс» дейді.

– Келісім-шартта «төлем шарттары орындалмаған жағдайда, тараптардың келісімі негізінде келісім-шарт бұзылуы мүмкін» деп жазылған. Яғни әкімдік бұл апатты баспана болғандықтан, әлгі келісім-шартты тараптардың келісімімен бұзуы тиіс еді. Келісім-шартты соттың шешімімен немесе форс-мажорлы жағдай туындауына байланысты да бұзуға болады. Бірақ бұл форс-мажорлы жағдай емес қой. Төтенше жағдай да емес. Бізге сапасыз баспана сатқан! Бізге пәтер берілген кезде мына шағын аудан қамауда болған. Бізге пәтерді 2009 жылы берді, ал қамауды тек 10 ай өткен соң ғана алып тастады. Осы айлар бойы біз пәтер жалдап тұрдық. Пәтерге кеткен 350 мың теңгемізді олардан талап еткен жоқпыз, үндемеместен, шыдаммен күттік. Ақыры не болды? Бізді тағы алдады, – деп қынжылады Серік.

Серік Мажировтың айтуынша, ол ипотека үшін айына 25 мың теңге төлейді екен.

– Орны ғана қалған пәтер үшін төлеп, соттасып, жүйкемді тоздырғаннан гөрі бұл пәтерді әкімдікке кері қайтарып бергенім оңай емес пе?! Алайда әкімдік біздің ипотеканы да төлеп, анау қияндағы Майқұдықтан жалға берген пәтерде тұрғанымызды және мына «Бесобадағы» пәтеріміздің келісім-шартын да қайтарып бергенімізді қалайды. Осындай кіріптарлық күйде ғұмырымызды өткізуіміз керек. Өкінішті-ақ! Мүгедектігімнен енді жұмысқа да жарамаймын. Тағы бір ескеретін жайт, мемлекеттік бағдарламаға қатысқандар үлескерлердің ақшасына салынған үйге тап болдық, Жалпы, біз мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйде, мысалы Шахтерлер даңғылы бойындағы үйде тұруымыз керек еді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша арнайы салынған үйлер бар ғой, – дейді Серік Мажиров.

«Бесобадағы» 5-үйдің тұрғыны Альберт Камуков та отбасымен бірге тұратын пәтерін тастап кетуден бас тартқан. Ол цессия келісім-шарты мен Майқұдықтағы «Бесобаның» тұрғыны Альберт Камуков. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

«Бесобаның» тұрғыны Альберт Камуков. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

14-шағын аудандағы пәтерлерге ресімделетін мемлекеттік мүлікті (несиені) ақысыз пайдалану туралы келісім-шартқа отыруға келіспейтінін айтады.

– Бәрі заңды болса, мен ың-жыңсыз көшіп кетер едім. Бар кінә әкімдікте деп есептеймін. Әкімдік ақау үйді сатты екен, демек енді оны толық көлемде ауыстырып берсін. Мұндағылардың бәрі несие төлейді ғой. Ақшаны желге ұшырып жатқанмен тең болып шықты. Келісім-шартты қайтадан өзгертіп берген жоқ, су, жарықты күшпен өшірді. Сотқа әкімдіктің үстінен шағым түсіруге мәжбүр болдық. Сот қандай шешім шығарса, сол болады. 189 пәтердің 76 иесі цессия келісім-шартына, яғни талап құқықтарынан бас тарту келісім-шартына қол қоймады. Бірақ бізге «несие келісім-шарты мінеки, көшіңдер, ал цессия келісім-шартын сот арқылы шешеміз» десе, әңгіме басқа. Олар айлаға басып, пәтердің құжаттарының түпнұсқасын қайтарымсыз өткізгенімізді, несие келісім-шартына қол қойғанымызды талап етіп отыр. Бірақ олар бізді бұдан да үлкен кіріптарлыққа душар етпек деп ойлаймын, – дейді Альберт Камуков.

ҰРЛЫҚ-ҚАРЛЫҚ, ТОНАУ КӨП

Альберт Камуковтың айтуынша, ол тұратын 5-үйде заттарын тастап, көшіп кеткен тұрғындардың сегіз пәтері құлыптаулы тұр.

– Бізде жарық болмаған соң жұмысшылар жандары ашып, бізге шай қайнатып береді. Мен генератор әкеліп алғанмын, аз да болса жарық пен жылу береді. Бірақ бұл күн емес қой, шарасыздықтың амалы. Мен тұратын подъезде екі пәтер жабық «Бесобадағы» үйлерді қиратып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

«Бесобадағы» үйлерді қиратып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

тұр. Иелері заттарын алып кеткен. Бүкіл үй бойынша сегіз пәтер жабық. Олардың екі-үшеуін тонап кетті. Бір әйел денсаулығы жарамай, заттарын қалдырып, есігін ғана жауып кетті. Осында тұрған бір адам жақында көшті. «Үйіңнен кетпесең, жұмыстан шығарамыз» деп бастықтары қорқытыпты, – дейді Альберт Камуков.

7-үйдің тұрғыны Серік Мажиров Азаттық тілшісіне түнде жөнді ұйықтамай шығатынын айтты.

– Түнде тонаушылар тарсылдатып жүреді, ұрлайды. Бірдеңе болып қала ма деп, жанымнан балғаны тастамаймын. Түнде тіпті балконға өрмелеп шығып кетеді. Қорқынышты, – дейді ол.

Биліктің ісін «шаруаға қырсыздық» деп атаған Альберт Камуков шығынның шамасын мөлшерледі:

– 200 миллион теңгені алды да, лақ еткізіп мына үйді нығайтуға салды. Енді, міне, бәрін бұзып, швеллерлерді металға өткізіп жатыр. Швеллердің бір метрі қыруар ақша тұрады. Есептеп көріп едім, мұнда үнемнің орнына он шақты миллион теңгенің зияны келген. Мысалы, пластик терезелерді быт-шытын шығарып, сындырып тастады. Оның бір шаршысы, шамамен бір жарым мың теңге тұрады, ал шынысы – қос қабатты. Қаншама керамикалық тақта, қаншама құбыр, металл, шлакоблок ұрланды. Шлактан құйылған бір кірпіш 100 теңге тұрады. Көбін қиратып тастады. Жұмысшылар әйнектерді балғамен ұрып, сындырып жүреді, – дейді Альберт Камуков.

ЦЕССИЯ КЕЛІСІМ-ШАРТЫ

Қарағандылық шенеуніктерден бұл мәселе жайында түсінік алу оңай болмады. Қарағанды қаласы әкімдігінің ресми сайтында да ақпарат жұтаң. Сайтта №3,4,5,6,7 үйлердің апатты деп танылғаны, «оларды қалпына келтіру техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз» екені ғана жазылған. Әкімдіктің сайтында апатты «Бесобадағы» құлатылған үйдің тұрғындары. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

«Бесобадағы» құлатылған үйдің тұрғындары. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

үйлердің тұрғындары «цессия келісім-шарты мен Майқұдықтағы 14-шағын аудандағы пәтерлерді – мемлекеттік мүлікті (несиені) ақысыз пайдалану туралы келісім-шартқа отыруы қажет» деп көрсетілген.

Қарағанды әкімдігінің сайтында тараптардың міндеттері мен құқықтары көрсетілген келісім-шарттың (несиенің) үлгісі берілген. Онда несие беруші несие алушыға мүлікті (14-шағын аудандағы пәтер) уақытша ақысыз пайдалануға беруге, ал несие алушы келісім-шартта көрсетілген мерзім аяқталған соң аталған мүлікті бастапқы қалпында қайтаруға міндеттеме алады деп жазылған. Баспананы жекешелендіруге және басқа мәмілелер жасауға болмайды.

Бұдан бөлек несие алушы пәтерді пайдалану шығындарын толық өтеуі тиіс: коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, кондоминиум қызметін төлеу, өз есебінен күрделі және ағымдық жөндеуден өткізу, пәтерді қайта бөлуге немесе санитарлық-техникалық және басқа да қосымша құрал-жабдықтарды орнатуына болмайды.

Келісім-шартта несие беруші келісім-шартты «несие алушыға ескерту жіберген сәттен бастап 10 күн өткесін басқа баспана берместен» бір жақты бұза алады деп көрсетілген.

Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің көптеген тұрғыны «шикілігі көп әрі екіұшты жазылған бұл келісім-шартқа қол қойып, түбінде мүлде баспанасыз қалмайық» деген күдікпен бұл құжатқа қол қоймай отыр.

Ресми тұлғалардан бүгінге дейін қандай да бір түсінік ала алмадық. Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметіне Азаттық тілшісі 4 қазан күні таңертең жолдаған сауалға осы мақала жарияланған сәтке дейін жауап болмады.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG