Accessibility links

Зәбір көргендер уақытша паналайтын орын


Дағдарыс орталығын уақытша паналаған әйелдер теледидар көріп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. "Мир добра" ұйымы берген сурет.

Дағдарыс орталығын уақытша паналаған әйелдер теледидар көріп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. "Мир добра" ұйымы берген сурет.

Қарағандыда тұрмыста зәбір көрген әйелдер мен балаларды паналататын дағдарыс орталығы қайта ашылды. Бірақ мұнда олар тек 10 күн ғана тұра алады.

Биыл мамыр айында Қарағанды қаласында «Ізгілік әлемі» үкіметтік емес ұйымы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсететін орталық ашты.

Ұйым бөлме жалдап отырған қарапайым қонақ үйдің ғимаратында орналасқан дағдарыс орталығында асхана, монша және отбасылық жатақхана тәрізді етіп жабдықталған бөлмелер бар. Мұнда асып-тасқан сән-салтанат болмағанымен, бөлмелерде төсек, теледидар мен тоңазытқыш бар.

Дағдарыс орталығына бүгінге дейін 39 адам келіп, көмек сұраған. Оның 11-і – өз үйінде зәбір көріп, жапа шеккендер. Тоғыз адам дағдарыс орталығына уақытша орналастырылды. Олардың кейбірі түрлі себеппен орталықтан кетіп қалыпты. Қазір мұнда екі бала мен екі әйел тұрып жатыр.

ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ

30 жастағы Аннаның бес жасар қызы Машамен бірге дағдарыс орталығына келгеніне бірнеше күн болыпты. Қорған іздеп келген олардың тамағы тоқ, қауіпсіз жерде. Біреу-міреу танып қояр деп ұялған келіншек аты-жөнін атамауды және жүзін көрсетпеуді өтінді.

Аннаның тағдыры әу бастан қиыспапты. Жас әйелдің күйеуі жоқ, өзі баспанасыз. Зорлық-зомбылық көрген әйел. Көрнекі сурет

Зорлық-зомбылық көрген әйел. Көрнекі сурет

Бірде таныстарының босағасын паналап, бірде бірнеше адаммен бірге пәтер жалдап тұрыпты. Анда-мұнда сүйрелеп, әбден мазасы кеткен қызын Анна таныстарына қалдырып кеткен. Өзі күнкөріс қамымен жұмыс іздеп басқа қалаларға, тіпті ауылдарға барып жүрген.

Соңғы кездері Анна жұмыс орнындағы үйшік сияқты шағын бөлмеде тұрыпты. Азын-аулақ тиын-тебен, тамақ пен түнемелік орын үшін барлық ауыр, лас жұмыстарды атқарған келіншек Қарағандыда қара жұмысшы болып істеген.

– Тентіреп жүргеніме жеті жыл болды. Соңғы жұмыс істеген жердегі бастығым өзімді мазақ етіп, жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Қолымда құжатым, қалтамда ақшам жоғын білетін ол барар жер, басар тауым жоқтығын пайдаланды. Ақыры төзімім таусылып, одан қашып кеттім, - дейді Анна.

Анна таныстарының «қоғамдық ұйымдардан көмек сұра» деген кеңесімен «Ізгілік
Тентіреп жүргеніме жеті жыл болды. Соңғы жұмыс істеген жердегі бастығым өзімді мазақ етіп, жыныстық қатынасқа мәжбүрледі.
әлемі» ұйымына келіпті. Ұйым қызметкерлері келіншектің басындағы тауқыметін тыңдап, жолдама беріп, дағдарыс орталығына орналастырған. Қызын да алып келуге рұқсат беріпті.

Бұл орталықта тағы бір тұрақты баспанасы жоқ әйел қызымен бірге тұрып жатыр. Қызы да нәрестелі болған екен. Екеуінің де құжаттары жоқ, пәтерлерін біреулер алдап алып қойғанын айтады.

– Қызының баласын сәбилер үйіне өткізуге тура келді. Жас келіншектің айтуынша, өзін ұрып-соғып, күн көрсетпеген соң бірге тұрып жатқан ер адамнан қашып кетіпті. Екеуі полицияға шағымданған екен, әйелдерді солар әкелді. Туған-туыстары да жоқ. Дәмханада ыдыс, еден жуушы болып істейді, - деді Азаттық тілшісіне «Ізгілік әлемі» ұйымының психолог-заңгері Юлия Верхуша.

Зәбір көрген жандарды бұл орталықта қамап ұстамайды. Әйелдер мен балалар қалаған уақытында өз шаруасымен кете беруіне болады. Бірақ әлде қандай жағдай болып қала ма деп, мұнда бейне бақылау орнатылған. Жәбірлеуші келіп, әйелдің мазасын алмасын деп күзетші те отырғызған.

ОН КҮНДІК ПАНА

Қарағандыдағы дағдарыс орталығы жапа шеккендерге уақытша ғана пана болады. Бұл орталықта әйелдер балаларымен бірге 10 күннен артық тұра алмайды. Бүкіл көмек тегін көрсетіледі. Мұнда оларды тамақтандырып, жатын орын береді, заңдық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік, қосымша санитарлық-гигиеналық көмек көрсетеді.

Бұл жобаға төрт миллион теңге бөліп, жүзеге асыруға қолдау жасаған - Қарағанды қаласының әкімдігі. Жоба 2013 жылдың мамыр айынан қарашаға дейінгі мерзімге есептелген.

Дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері зәбір көрген әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл.

Дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері зәбір көрген әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл.

«Ізгілік әлемі» ұйымын басқаратын Татьяна Абрамованың айтуынша, жобаға қатысушылар қиындыққа душар болған жандарға көмектеседі.

– Оларды қалыпты өмірге оралтамыз. Әйелдер біздің орталыққа әртүрлі себеппен түседі: біреулерін күйеулері қорлап, ұрып-соғады, енді бірін әйел деп кемсітеді. Туыстары далаға қызымен қуып шыққан бір әйел де пана сұрап келді, - дейді Татьяна Абрамова.

Орын шектеулі болғандықтан, Қарағанды қаласындағы дағдарыс орталығы зорлық-зомбылыққа тап болған жандарды уақытша ғана паналата алады. Зәбір көрген бұл әйелдер орталықтан кеткен соң бала-шағасымен қайдан пана табады деген қиын мәселе бар. Көбінің баратын жері, тұратын баспанасы жоқ.

Ресми дерекке сәйкес, Қарағанды қаласында 480 мың адам тұрады. Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің сайтында «2004 жылы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастыратын топтар құрылды» деп жазылған. Полиция деректері бойынша, ай сайын отбасының шырқын бұзатын ер адамдардан зәбір көрген 50 әйел полициядан көмек сұрайды.

Былтыр Қарағанды облысында отбасы мен тұрмыстық жағдайларға байланысты 6 мың 700-ден аса құқық бұзу оқиғалары тіркелген. Үйіндегі бала-шағасының мазасын алып, әйелін соққыға жығатын төрт мыңнан аса адам өткен жылы әкімшілік қамауға алынған. Полиция мұндай адамдарды профилактикалық есепке алып, «мінез-құлқына қатысты ерекше талап бекіту» сияқты шаралар қолданады, әрі тәрбиелік әңгіме өткізеді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG