Accessibility links

Тасқыннан үйсіз қалғандар енді жер теліміне алаңдайды


Тұруға жарамды деп табылған үйінің зардап шеккен бөлігін көрсетіп жүрген ауыл тұрғыны. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.

Тұруға жарамды деп табылған үйінің зардап шеккен бөлігін көрсетіп жүрген ауыл тұрғыны. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.

Су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз деп танылып, бұзылатын үйлердің қожайындары «жергілікті билік жер теліміне меншік құқынан бас тартуымызды сұрайды» деп алаңдайды.

Әкімдік заңды процедурасыз қираған үйдің орнына жаңасын сала алмайтынын айтады.

Су басқан Ғабиден Мұстафин атындағы (бұрынғы атауы - Токаревка) кент қазір үлкен алып құрылыс алаңына ұқсайды. Көше-көшенің бойында су тасқынынан зардап шеккен үй-жайларды бұзып, аман-қалғандарын жөндеп, бұзылған үйлердің орнына жаңа баспана салып жатыр.

Бірақ су тасқынынан кейін үйіне оралғандар «кенттегі болашағымыз үшін алаңдауға негіз бар» дейді. Үйлерін қалпына келтіруге ақшалай өтемақы алған тұрғындар «мардымсыз ақша берді» деп шағымданады. Ал су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз деп танылған үй иелері әрі-сәрі күйде. Билік «заң талабы» деп түсіндіріп, жер теліміне меншік құқынан бас тартуын сұраған.

Жергілікті шенеуніктер тұрғындарды алаңдамай, билікке сенуге шақырады.

«ӨТЕМАҚЫ АЗ БЕРДІ»

Кент тұрғыны Жәлел Миникеев ауылды су басқанын естігенде иті мен дүние-мүлкін құтқару үшін көрші Сортировка станциясынан келген екен. Заттарын тасып жүргенде, жұртпен бірге эвакуацияға кетіп үлгермей қалған. Ақыры итін шатырға шығарып, өзі шифонерьдің үстінде ұйықтауына тура келген. Бірақ үйіндегі заттарының көбін бәрібір аман алып қала алмаған. Жәлел Миникеев үйін жөндеу мен материалдық шығын өтемақысы ретінде 500 мың теңгеден сәл көбірек (шамамен екі мың 700 доллар) ақша алған. «Жөндеу жұмыстарын неден бастарымды - шатырының бір шеті түсіп кетіп, ағын судан қабырғаларында жарық пайда болған қазандықты жөндерімді немесе сылағы түсіп, қабырғасы арсиып, едені көтеріліп кеткен үйдің ішіне сылақ жүргізерімді білмей басым қатты» дейді ол.

Жәлел Миникеев үйіндегі су тасқыны зардабын көрсетіп тұр. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

Жәлел Миникеев үйіндегі су тасқыны зардабын көрсетіп тұр. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

- Есептеп көрсем, мына үйді ретке келтіріп, бүлінген жихаз бен істен шыққан тұрмыстық техниканы ауыстыру үшін кемі бір жарым миллион теңге керек екен. Әрине, мұнша ақшаны бермейді ғой, сондықтан бергендерін алдым, - дейді Жәлел Миникеев Азаттық тілшісіне.

Кенттің тағы бір тұрғыны Рамиль Нигматуллин Азаттық тілшісіне оның отбасы үйін жөндеуге бір миллион 300 мың теңге (алты мың 900 доллар шамасында) өтемақы алғанын айтады. Ал бүлінген жихаз бен тұрмыстық техника үшін 300 мың теңге (шамамен бір мың 600 доллар) төлеген. Бұл ақшаға мамырдың 16-сы күні кентте арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде аздаған тұрмыстық техника сатып алған. Нигматулиннің айтуынша, үйді толық жөндеп, судан бүлінген заттарды ауыстыру үшін бұл өтемақы жетпейді.

Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы әкімдігі су тасқынынан келген зиян көлемі дұрыс есептелген деп санайды. Билік өтемақы сомасымен келіспейтін тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес береді.

Мұстафин кентінде салынып жатқан үйлердің бірі. Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

Мұстафин кентінде салынып жатқан үйлердің бірі. Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

- Жұрт зардап көлемін бағалауға ақша шығармасын деп бағалаушы мамандарман келісім-шарт жасастық. Олар келіп, бағалап кетті. Біз олардың қойған бағасымен келісіп, тұрғындарға өтемақы төлеп бердік. Бағалау екі рет жүргізілмейді. Бірақ тұрғындар келіспесе де, бәрібір төлейміз. Ұйғарыммен келіспеген үш отбасы ғана қол қоюдан бас тартып, өзгелерінің бәрі қол қойып берді емес пе? Бірақ мына бағамен келіспесе, онда бағалаушы мамандармен соттассын. Өйткені олар да өз жұмыстарына жауап береді. Олар бұл үшін толық жауапты. Бірақ олардың бағасы көрдім, тұрғындардың зиян көлемін дұрыс бағалаған, - дейді Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли Азаттық тілшісіне.

БАСПАНАСЫЗ ҚАЛҒАНДАР ТҮСІНДІРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Мамырдың 18-і күні Ғабиден Мұстафин атындағы кентте үйлері бұзылатын бірнеше тұрғыны билік өкілдерімен сөйлесу үшін ауыл әкімдігі ғимараты жанына жиналған. Бірақ олармен кездесудің сәті түспеген: шенеуніктер тұрғындарға «басқа ауылда жиналыста болдық» деген. Сондықтан жұрт біраз тұрған соң үйлеріне тараған.

Жұрттың жиналуына бұзылған «үй иелері өздерінің нотариус арқылы жер телімдерінен жазбаша бас тартуы тиіс екен» деген ақпарат түрткі болған.Тұрғындар мұның анық-қанығын білгісі келген, бірақ әзірше жауап алмаған.

Юлия Малышева. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.

Юлия Малышева. Мұстафин кенті, Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.

- Мұны мемлекет жеке меншік территорияға үй сала алмайды, әкімдіктің құқы жоқ деп түсіндіретін көрінеді. Айтуларынша, үйді салып болған соң біз жерімізді қайта сатып алып, жекешелендіруге тиіспіз. Бір сәтте жиған-тергенімізден айрылып қаламыз ғой деген оймен жерімізден бас тартудан қорқып отырмыз. Кейін оны өзімізге қайтарып беретініне кім кепіл? Тағы біреулер «бұл жаңадан салынған үйлердің иелері кейін үйін сатып немесе жалға бере алмас үшін жасап отырған амалы» дегенді айтып жүр. Бірақ онсыз да тұратын үйіміз жоқ, кім бұлай істейді? Әкімдіктен дұрыстап түсіндіруін және кепілдік беруін талап етеміз, - дейді үйі бұзылған Юлия Малышева Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Су тасқыны кезінде дүние-мүлкінен, малынан және үйінен айырылған Малышевтар отбасы қазір көрші Нұра станциясындағы таныстарының үйінде тұрады. Екі баласы бар Юлия «мына жағдайда жерімнен де айырылып қаламын ба деп уайымдаймын» дейді.

Жергілікті билік заңды процедурадан қорықпауға шақырады. Аудан әкімі орынбасары «жұрт билікке сенуі тиіс» дейді.

Cу қайтқаннан кейін Мұстафин ауылының көрінісі. Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

Cу қайтқаннан кейін Мұстафин ауылының көрінісі. Бұхар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

- Архитектуралық және құрылыс жұмысы туралы заң, жер кодексі бар. Біз осы нормативті актілердің негізінде жұмыс істеп отырмыз. Тапсырыс беруші ретінде Бұхар жырау ауданы құрылыс бөлімі әуелі тұрғындардың жерін алмай, жеке меншік территорияға бюджет ақшасына үй сала алмайды. Бұл заңды бұзу болып саналады. Сондықтан қазір тұрғындар меншік құқығын құрылыс бөліміне береді, біз ол жерді құрылыс бөліміне ресімдейміз. Ал үйді салып біткен соң баспананы мемлекеттік акт бойынша қабылдап аламыз. Мұның бәрі заң жүзінде тіркеледі. Кейін тұрғындарға жер телімдерін үйімен қоса қайта береміз. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ, бәрі заң жүзінде жасалады. Жұрт жеріміз бен үйіміз мемлекетке өтіп кетіп, өзіміз жалдаушы ретінде қаламыз деп уайымдайды. Олар бізге сенуі тиіс. Ешкім ештеңе төлемейді,- дейді Бұхар жырау ауданы әкімі орынбасары Асхат Әли Азаттық тілшісіне.

Қарағанды облысы билігінің дерегінше, төрт мыңға жуық адам тұратын Ғабиден Мұстафин атындағы кентте 200 үй бұзылуы тиіс. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұруға жарамсыз деп танылған 44 үйдің қазір 21-і толық бұзылған, қалғандарын бұзып жатыр. Әкімдік салынатын үйлердің бірнеше жобасын жасаған жобалау мекемелері белгіленген.

Сәуірдегі су тасқыны кезіне Қарағанды облысында ондаған елді-мекен су астында қалып, жүздеген үй қираған. Су тасқынынан келген шығын көлемі әлі толық есептелген жоқ.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG