Accessibility links

Қатыгездік шағымын түрме бастығы жоққа шығарады


Қараған елдімекеніндегі АК 159/5 түзеу мекемесінің қақпасы.

Қараған елдімекеніндегі АК 159/5 түзеу мекемесінің қақпасы.

Семейлік құқық қорғаушы "түрме қызметкерлерінен қоқан-лоқы көрген" тұтқынға қауіп төнгенін айтады. Ал түрме бастығы бұл мәселеге қатысты басқа пікір айтады.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында тұратын құқық қорғаушы Наталья Малышева Қарағанды облысының Қараған ауылында түрме қызметкерлері сондағы тұтқындарға аяусыз қарайтынын айтып, мәселеге «бей-жай қарамайтындарға» үндеу жолдады. Ал осы түрменің – АК 159/5 түзету мекемесінің бастығы құқық қорғаушының сөзін жоққа шығарады.

ШАҒЫМҒА ЖАУАП

Наталья Малышева бас прокурорға, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) төрағасына, ішкі істер министрі мен қаржы полициясының төрағасына жазған хатын Азаттыққа көрсетті. Хатта Қараған ауылындағы түрмеде "тұтқындарға қатыгездікпен қарайтыны" баяндалған. Малышева «тұтқындарды үнемі ұрып-соғатын, адамгершілік намыстарын таптап, қорлау әдістерін қолданатын» қызметкерлердің аты-жөнін келтірген.

«Түзету мекемесінің жетекшісі Дмитрий Иванович Иванюктің салғырттығын пайдаланып, бұл адамдар ойына келгенін істейді, сол үшін жазаланбайтындарын біледі» дейді құқық қорғаушы.

Түрмеде жазасын өтеп жатқандардың туыстары түзеу мекемесінің алдында тұр. Қараған елдімекені, Қарағанды облысы. 1 қыркүйек 2012 жыл.

Түрмеде жазасын өтеп жатқандардың туыстары түзеу мекемесінің алдында тұр. Қараған елдімекені, Қарағанды облысы. 1 қыркүйек 2012 жыл.

Малышеваның жазуынша, тұтқындар өмірлеріне қауіп төнеді деп қорқады, себебі оларды «бастарына қап кигізіп, қолдарына кісен салған күйі камераға дейін жүгіруге мәжбүрлейді».

Құқық қорғаушы тұтқын Александр Алиевті мысалға келтіреді. Ол Семей қаласында ем алған соң этаппен Қараған түрмесіне оралған. Оны «Қарағанға келген соң жазаңды аласың» деп қорқытқан.

ҚАЖК баспасөз қызметінің бастығы полковник Ғалымжан Хасенов Азаттыққа Наталья Малышеваның ҚАЖК-ге келген үндеуін әлі көрмегенін, сондықтан түсініктеме бере алмайтынын айтты.

Қарағандағы түрме бастығы Дмитрий Иванюк те (оны құқық қорғаушы Наталья Малышева нашар жағынан сипаттайды) арқылы аталған арыз туралы ештеңе білмейтінін Азаттық тілшісіне телефон айтты.

Сондай-ақ полковник Иванюк осыған ұқсас басқа да шағымдар бойынша қазір түрмеде ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Наталья Малышеваның «түрме қызметкерлері сотталған Александр Алиевке қоқан-лоқы жасаған» деген дерегін Дмитрий Иванюк теріске шығарып, Алиевтің «қолында ұялы байланыс телефоны жоқ» екенін, сондықтан түрме қызметкерлерінің «этаппен жүргенде оны қорқытуы мүмкін емесін» айтты.

АК 159/5 түзеу мекемесінің бастығы Дмитрий Иванюк. Қарағанды облысы, 1 қыркүйек 2012 жыл.

АК 159/5 түзеу мекемесінің бастығы Дмитрий Иванюк. Қарағанды облысы, 1 қыркүйек 2012 жыл.

Түрме әкімшілігі қатыгездікпен қарайды деп шағымданған сотталушылардың арызын полковник Иванов былай түсіндіреді:

– Бұл сотталғандар бұрын теріс бағытта жүргендер еді – кәнігі ұрыларға тән дәстүр-ережені ұстанатын. Қазіргі кезде колонияда тәртіп орнады. Сондықтан олар жаңа тәртіпті босаңсыту үшін еш негізсіз шағымдана береді.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның Қарағанды облысындағы филиалының қызметкері Темір Ибраев Азаттық тілшісінің Қараған түрмесіндегі жағдайға қатысты сауалына «ондай ақпарат маған жетпеді» деп жауап берді.

БҰРЫНҒЫ КАРЛАГ

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин еркіндікте жүргенде тұтқындар құқығын бұзудың басым бөлігі соңғы жылдары Қарағанды облысындағы түрмелерде кездесетінін айтып еді. Курамшиннің сол кездегі дерегі бойынша, ол жақта тұтқындарға аяусыз қарау дәстүрі сақталған, ол баяғыда – сталиндік Карлаг кезінде қалыптасқан екен. Қазір Қарағанды облысында 18 жылдық жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Атабек те сол туралы айтқан.

Азаттық бұған дейін Қарағанды облысының түрмелеріндегі сотталушылар құқығының бұзылғаны туралы бірнеше мақала жариялаған. Оның ішінде тұтқын Евгений Караушты ұрып-соғу түсірілген бейнетаспа жайлы, түрмеде азаптаудан көз жұмған тұтқындар Шамиль Ярославлев пен Орзу Имроншаевтар туралы мақала да бар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG