Accessibility links

16 жасар бозбала «екі полицейді ұрғаны үшін» сотқа тартылды


16 жастағы айыпталушы Владимир Маурер. Қарағанды, 20 наурыз, 2013 жыл
16 жастағы айыпталушы Владимир Маурер. Қарағанды, 20 наурыз, 2013 жыл

Қарағандыда «полицейлерге күш қолданды» деп айыпталған 16 жастағы Владимир Маурерге қатысты бесінші сот отырысы өтті. Ал оны «сабаған» полицейлер ісі әзірше сотқа жеткен жоқ.

Қарағанды қаласында қазір 16 жастағы Владимир Маурерге қатысты екі қылмыстық іс жүріп жатыр. Бірінде ол – «полицейлерге күш көрсетті» деп айыпталған адам, екінші істе – егізі Вадим екеуі «полицейлердің соққысына жығылған» жәбірленуші.

Бірінші іс бойынша айыпталушының анасы ұлдарының кінәсіз екенін, ал жәбірленуші полицейлер Владимир Маурердің өздеріне күш көрсеткенін айтады. Бұл іс бойынша сот тыңдаулары қаңтар айында басталған.

Екінші іс - ағайынды Маурер "бізді ұрып-соқты" деп көрсеткен тоғыз полицейдің ісі ("билігін асыра пайдаланды" - 308-бап 1-бөлім) ) әлі сотқа жеткен жоқ. Қазір істі арнайы прокуратура қарап жатыр.

Адвокаттар бұл екі істі қосу туралы сотқа ұсыныс жасады. Түпкілікті шешім 8 сәуірде белгілі болады.

СӘРСЕНБІЛІК СОТ ОТЫРЫСЫ

Наурыздың 27-сі, сәрсенбі күні Владимир Маурердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті.

Айыпталушыға «билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша (321-бап 1-бөлім) айып тағылған.

Қарағанды қаласындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі бойынша маманданданған ауданаралық сотқа екі жақ - айыпталушы Владимир Маурер, оның адвокаты Павел Рудавин, айыпталушының заңды өкілі әрі анасы Наталья Маурер, жәбірленуші полицейлер (Тельман полиция бөлімшесінің қылмыстық бөлім бастығы Медет Қожахметов және осы бөлімнің оперативті кезекшісі Бекзат Маутиев) түгел келді. Істі судья Кубашева жүргізген.

​Адвокат Павел Рудавиннің айтуынша, сотта сот-медицина сарапшысы мен айыпталушы тыңдалып, іс материалдары зерттелген. Бұған қоса қорғау тарабы сотқа өтініш түсірген.

- Мен Тельман аудандық полиция бөлімінің полицейлеріне қарсы қозғалған қылмыстық іспен қосу үшін Маурер ісін қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш бердім. Ал судья мәселені 8 сәуірге дейін ашық қалдырды. Келесі сот отырысы 8 сәуірде өтеді, - деді адвокат Павел Рудавин Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, өтініш қабылданып, Маурер ісі қосымша тергеуге жіберілсе, оны «полицейлерге қарсы іске» қосады.

- Егер сол іс бойынша полицейлердің кінәсі дәлелденсе, олардың Вадим мен Владимирге күш қолданғаны дәлелденсе, Владимир Маурерге қатысты іс жабылады, - дейді адвокат Павел Рудавин.

Айыпталушының анасы Наталья Маурердің айтуынша, бұл өтінішке судья қарсы болмағанмен, прокурорлар қарсылық танытқан.

«АЙЫПТАЛУШЫ» БОЗБАЛА

16 жастағы егіздер Владимир және Вадим Маурердің анасы Наталья Маурердің айтуынша, даудың басы 2012 жылы 29 қазанда Қарағанды маңындағы Дубовка елді мекенінде жастар арасында болған төбелестен кейін басталған.

Сол оқиғаның ертеңінде төбелестің мән-жайын анықтау үшін 16 жастағы Владимир және Вадим Маурерді Тельман полицей бөлімшесіне алып кеткен.
Айыпталушы Владимир Маурердің анасы Наталья Маурер. Қарағанды, 20 наурыз, 2013 жыл.
Айыпталушы Владимир Маурердің анасы Наталья Маурер. Қарағанды, 20 наурыз, 2013 жыл.

​Наталья Маурер мұнда полицияның ұлдарын көз алдында ұрып-соққанын айтады.

- Үйге бір топ полиция сау етіп кіріп келді. Ұлдарымды полицияға алып кетеміз деді. «15 минут беріңіз, киініп шығайық» деп едім, полицейлер іш киіммен ғана тұрған ұлдарымның қолдарын қайырып, полиция бөлімшесіне апарып, өлгенше ұрып-соқты. Жолда тіпті біреуі есінен танып қалғандықтан жедел жәрдем машинасын шақыруға тура келді. Осының бәрі менің көз алдымда болып жатты, - дейді ол.

Оның айтуынша, есінен танып қалған ұлының бас сүйегі сынған. «Мұның бәріне қатысты анықтама құжаттары бар» дейді ол.

- Өткен жылдан бері полицейлердің ұрып-соғуына байланысты арыз жаза бердім. Олар (полиция өкілдері – ред.) осының бәрін «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруды сұрап еді, бірақ біз келіскен жоқпыз. Енді мұндай әділетсіздікті қалай қозғамай қоюға болады? Біз келіспегендіктен енді олар менің ұлыма қарсы қылмыстық іс қозғап жатыр. Ұлыма қарсы қылмыстық істің қозғалғанын да кеш білдік, - деп түсіндіреді Наталья Маурер.

Адвокат Павел Рудавиннің айтуынша да, айыпталушы Владимир Маурер өзінің айыбын мойындамайды.

Екі істің бірінде ұлдары жәбірленуші, бірінде айыпталушы болған Наталья Маурер БҰҰ-ға шағым әзірлеп жатқанын айтты.
Айыпталушы Владимир Маурердің сыңары Вадим Маурердің "ауруханаға түскендегі суреті". (Суретті берген анасы Наталья Маурердің айтуынша).
Айыпталушы Владимир Маурердің сыңары Вадим Маурердің "ауруханаға түскендегі суреті". (Суретті берген анасы Наталья Маурердің айтуынша).

«ЖӘБІРЛЕНУШІ» ПОЛИЦЕЙЛЕР

Сәрсенбі күні өткен сот отырысына барған Азаттық тілшісі "жәбірленуші" атанған екі полицейдің - Медет Қожахметов пен Бекзат Маутиевтің пікірлерін сұрап еді, олар ақпарат құралдарына жауап беруден бас тартты.

Полицейлер сотқа берген жауабында Владимир Маурердің бөлімшеде өздерін қалай "жарақаттағанын" былай баяндаған:

"Владимирдің жанында тұрғанымда ол кенеттен орнынан ыршып тұрып, бетімнен ұрды. Аузымнан шыққан қан жейдеме тиді. Ал Маутиев Маурерді тыныштандырам деп иығынан итеріп қалып еді, Маурер жалтарып қалып оны да беттен соқты. Сосын оны дәлізге шығарып едік, онда да тұрғысы келмей қарсылық көрсете берді. Курткамның жағасынан тартып, жұлып алды. Мұны ондағы адамдардың бәрі көрді" деп жазған полиция майоры Медет Қожахметов сотқа берген жауабында.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG