Accessibility links

ҚАЖК: Атабекті Алматыға ауыстыру туралы сөз болған жоқ


Арон Атабек Шаңырақ оқиғасы кезінде. Алматы, 14 шілде 2014 жыл.
Арон Атабек Шаңырақ оқиғасы кезінде. Алматы, 14 шілде 2014 жыл.
2013 жылы желтоқсан айының басынан бері Қарағандыдағы АК-159/1 тергеу изоляторына ауыстырылған диссидент, ақын Арон Едігеев (әдеби лақап аты – Арон Атабек) этаппен ешқайда жөнелтілмеген. Бұл жайында республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) Азаттық радиосына 2014 жылы 27 қаңтарда берген ресми жауабынан кейін белгілі болды.

Ресми жауапта "Арон Едігеевті Алматы қаласындағы түзеу мекемелеріне ауыстыру туралы мәселе көтерілген емес" деп жазылған. ҚАЖК сотталушының былтыр желтоқсанға дейін отырған жеріне - Қаражалдағы АК-159/22 мекемесіне қайта жіберілмейтінін Де айтты.

Бұған дейін 18 жылға сотталған Арон Атабекті оның тұрғылықты мекеніне - Алматы қаласына жақын түрмеге ауыстыруы мүмкін деген хабар тараған еді.

Арон Атабектің Қарағандыға жөнелтілгенін, әрі қарай Алматы қаласына, не болмаса Алматы облысына қарай әкетілуі мүмкін екенін ол қамауда отырған Қаражал қаласындағы АК 159/22 колониясының әкімшілігі 2013 жылы желтоқсанның 4-і күні айтқан.

Бұл оқиғадан соң Арон Атабектің Қаражал түрмесінен Қарағанды абақтысына (СИЗО) ауыстырылғаны туралы Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) бастығы полковник Қабдрахман Шотаев Азаттыққа 2013 жылы 20 желтоқсанда хабарлаған. Қарағанды абақтысының бастығы подполковник Владимир Горин де Арон Атабек СИЗО-да «наряд күтіп отырғанын», этаппен одан ары жөнелтілетінін айтқан. Ал ҚАЖД-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов Арон Атабектің Қарағанды абақтысынан қашан ары қарай жөнелтілуі мүмкін екені туралы сұраққа жауап бермеген.

Ақын, диссидент Арон Атабек 2007 жылы қазан айында 18 жылға сотталған. Оған Алматы қаласының Шаңырақ ауылында полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығысты ұйымдастырды деген айып тағылған. Билік өкілдері заңсыз салынды деп санайтын үй-жайларын бұзуға қарсы шыққан оқиғада тұрғындар полициямен қақтығысып, бір полицей өлген еді.

Биыл бірнеше қазақстандық құқық қорғау ұйымы Арон Атабекті саяси тұтқын деп жариялады. Ол түрмеде отырып Қазақстан демократиялық күштерінің "Азаттық" сыйлығын иеленген. Арон Атабек халықаралық "Шығармашылық еркіндігі" (Freedom to Create) сыйлығына да лайық деп танылған.
XS
SM
MD
LG