Accessibility links

Қайырымдылық дүкені кеңейгісі келеді


Қайырымдылық дүкеніндегі сауда. Қарағанды. 14 желтоқсан, 2014 жыл.

Қайырымдылық дүкеніндегі сауда. Қарағанды. 14 желтоқсан, 2014 жыл.

Қарағанды қаласында қайырымдылық дүкені ашылды. Мұнда сатылатын ең қымбат заттың бағасы бес мың теңгеден аспайды. Түскен табыстың бір бөлігі ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге жұмсалады.

Қарағанды қаласы тұрғыны Алина Попова «Радость» қайырымдылық дүкені туралы таныстарынан естігенін айтады.

Ол қала шетінде орналасқан дүкенді көп іздеуге тура келгеніне өкінбейді. Бойжеткен жеті мың теңге төлеп, екі көйлек, туфли және зергердің қолынан шыққан тұмары бар алқа сатып алды.

- Мұндай дүкеннен зат сатып алуға арланбаймын. Заттары сапалы, жап-жаңа. Кейбірі тіпті Қарағанды дүкендерінен табылмайтын эксклюзив әрі арзан екенін көріп тұрмын. Неге сатып алмасқа? Өзің де киініп қаласың, әрі мұқтаж жандарға да көмектесесің, - дейді Алина Попова Азаттық тілшісіне.

Дүкеннен зат сатып алушылардың көбі - Қарағанды тұрғындары. Студент, зейнеткер, көп балалы отбасылар сияқты сатып алушылар арасында тіпті ақшалы адамдар да бар.

ТҰРМЫСЫ НАШАР ОТБАСЫДАН ШЫҚҚАН КӘСІПКЕР

Дүкенді Қарағандының 31 жастағы тұрғыны Меруерт Арғымбаева ашқан. Ол «KOMANDA» жастар бастамасы лигасында волонтер болған. Халық тапсырған заттарды қабылдауға көмектескен, оларды іріктеп, балалар үйлеріне, тұрмысы нашар отбасыларға, үйі өртеніп кеткен жандарға таратумен айналысқан. Біртіндеп жаңа заттар көп түсе бастаған соң Қарағандыда «Радость» қайырымдылық дүкенін ашу идеясы туған. Меруерт «табысымның бір бөлігін ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге бөліп отырамын деп ұйғардым» дейді. Оның дүкенінде бағасы бес мың теңгеден асатын зат жоқ.

Қайырымдылық дүкенін ашқан Меруерт Арғымбаева. Қарағанды. 14 желтоқсан 2014 жыл.

Қайырымдылық дүкенін ашқан Меруерт Арғымбаева. Қарағанды. 14 желтоқсан 2014 жыл.

​Өзін «әлеуметтік кәсіпкер» деп атайтын Меруерттің айтуынша, оның бизнес-моделі қарақан басының қамы емес, қоғамның әлеуметтік мұқтаждығын шешуге бағытталған. Қазақстанда жаңа бизнес түрі - әлеуметтік кәсіпкерлік дами бастағанын Меруерт екі жыл бұрын естіген. Әлеуметтік бизнестің дәстүрлі бизнестен айырмашылығы - ол қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге көмектесу арқылы табыс табады.

- Неге екенін білмеймін, жұрттың көбі мені бай деп ойлайды. Бірақ пәтер жалдап тұрамын, көлігім де жоқ. Өзім де тұрмысы нашар отбасынан шыққанмын. Жоқшылықтың не екенін білемін. Бірақ біреудің есіркеп-мүсіркеуін күтіп отырмау керек. Мен жұрттың бәрін киіндіремін деген міндет алған жоқпын. Мақсатым – жағдайы ауыр жандарға көмектесу. Сондықтан жаңа заттарды тегін таратқаннан гөрі сатсақ, тұрмысы нашар жандар арзан әрі сапалы киім киюге мүмкіндік алады әрі ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге қосымша қаражат көзі болады деп ойладым, - дейді Меруерт Арғымбаева Азаттық тілшісіне.

"СЕКОНД-ХЕНД НЕМЕСЕ АРЗАНДАТЫЛҒАН ДҮКЕН ЕМЕС..."

Қайырымдылық дүкені халықтан жаңа заттарды және бұрын қолданылғанымен, әлі киіс беретін, тозбаған заттарды қабылдайды. Меруерт бұрын қолданылған заттардың 90 пайызын күнделікті іріктеп, мұқтаж жандарға апарып береді. Ал қалған 10 пайызын - жаңа немесе бірер киілген заттарды сатуға қояды. Кейбір дүңгіршектердің қожайындары сатылмай қалған киімдерді қайырымдылық дүкеніне тегін береді. Оңтүстік Кореядан әкелінген жаңа киімдерді «Елдос» қайырымдылық қоры да беріп тұрады екен.

- Қайырымдылық дүкендері бағаны белгілі бір шектен асырмау принципін ұстайды. Кез келген зат 35-40 доллардан қымбат тұрмауы тиіс. Басында бағаны бес мың теңгеден асырмаймын деп ойлағанмын, бірақ доллар қымбаттап кетті, енді бағаны сәл ғана - сатып алушыларды үркітіп алмайтындай етіп көтерсем бе деп ойланып жүрмін. Қазақстанда әзірше мұндай дүкен ашқан біз ғана, - дейді Меруерт Арғымбаева.

Теміртауда тұратын азаматтық белсенді Алексей Митрофанов дүкен туралы естігенін айтады. Ол халыққа демеу болатын мұндай қайырымдылық жобалар жергілікті биліктің көмегімен әр қалада ашылуы тиіс деп есептейді.

- Ақшалай көмектесуге жұрттың көбі құлықсыз немесе бәрінің шамасы келе бермейді. Ал мына дүкенге келсең, өзіңе бірдеңе сатып аласың әрі мұқтаж жандарға да көмектесесің. Ақшаңды қайырымдылыққа жұмсағың келмесе, әлдебір заттарыңды әкеліп беруіңе болады. Оның үстіне, қымбат бутиктерден киінгісі келмейтіндер бар, біреулердің ақшасы жетпейді, ал біреулер қымбат киім-кешек сатып алуды артық ысырапшылдық деп санайды. Өзім сондай адаммын, - дейді Алексей Митрофанов.

«НАУҚАС БАЛАЛАРҒА КІРІС ЕСЕБІНЕН КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Қайырымдылық дүкені иесінің айтуынша, саудадан түскен ақшаның дүкенді ұстау шығындары, салық пен жалақы төлеуден қалғаны қанның қатерлі ісігі, ДЦП (сал дерті), жүрек ақауы сияқты ауыр дертке шалдыққан науқас балаларға көмекке жұмсалады.

ДЦП дертіне шалдыққан 12 жастағы Ансаф Масалимов - «Радость» қайырымдылық дүкенінен ақшалай көмек алғандардың бірі. Баланың анасы Рамиля Масалимованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Новосибирск қаласында операция жасатуға қажет ақша жинауды «Радость» дүкені ұйымдастырған.

- Бұл үндеуден кейін көмектескендер көп болды. Қайырымдылық дүкені иесі де біздің есеп-шотымызға алты мың теңге аударды. Әркім шамасына қарай көмектесіп, жұрттан операцияға жететін ақша жиналды. Қазір ұлымның жағдайы тәуір болып қалды. Енді оңалтуға ақша керек, - дейді Рамиля Масалимова.

Көмек қажет еткен балалардың тізімі. 14 жетоқсан 2014 жыл.

Көмек қажет еткен балалардың тізімі. 14 жетоқсан 2014 жыл.

Меруерт Масалимова қайырымдылық мақсатқа аударылатын ақша көлемі сатудан түскен ақшаға байланысты екенін айтады.

- Науқас балаларға ақшаны сатудан түскен ақша көлеміне қарай бөлеміз. Орта есеппен алғанда, айына 16 мың теңге аударамыз. Қанның қатерлі ісігіне шалдыққан теміртаулық Никита Тимошенкоға үш айда 74 мың теңге аудардық. Бірақ ол жуырда қайтыс болып кетті. Болашақта айына 100 мың теңге аударып тұруға шамам келетін шығар деп ойлаймын, - дейді Меруерт.

Емделуге және қымбат операция жасатуға мұқтаж балалардың тізімі мен фотосуреттері, байланыс телефоны «Радость» дүкенінде ілінген. Қазір қарағандылық 17 жастағы Саша Назаровтың күтімі мен емделуіне ақша жинау науқаны жүріп жатыр. Эпилепсия дертіне шалдыққан балаға арнап қайырымдылық дүкені бір пакет жылы киім-кешек пен біраз ақша жинаған.

Меруерт әлеуметтік бизнесін кеңейткісі келеді. Қайырымдылық дүкені қожайыны «Сатып алушыларды көбірек тарту үшін дүкенді Қарағанды қаласының ортасына көшіру керек. Түсіп жатқан заттар да көп, оларды қоятын орын жоқ, сондықтан үлкен бөлме қажет. Бірақ бизнесті кеңейту үшін айналымға салатын ақша да керек» дейді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG