Accessibility links

Тасқын зардабының өтемақысы үшін күрескен үшінші жыл


Көкпекті ауылының көшесі. Қарағанды облысы, 6 ақпан 2017 жыл.
Көкпекті ауылының көшесі. Қарағанды облысы, 6 ақпан 2017 жыл.

Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылының 2014 жылы бөгет бұзылған кезде зардап шеккен тұрғындары зиянды әлі өндіре алмай жүргендерін әрі сот сергелдеңіне түскендерін айтады. Сот өкілдері «қазір істерді қарауға әзірлік жүріп жатыр, тағы уақыт керек» дейді.

Көкпекті су қоймасының бөгеті бұзылған 2014 жылғы наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылын биіктігі екі метрлік толқын басып, ішінде 90 жас шамасындағы екі қарт адам, 72 және 52 жастағы екі әйел мен бір жас жігіт бар бес адам қаза тапқан. Зардап шекті деп танылған жүздеген адам зиянның өтемақысын әлі өндіртіп ала алмай жүр.

АРЫЗДАНУШЫЛАР ДА, БАС ТАРТҚАНДАР ДА БАР

Надежда Скебетская – жалпы сомасы 18 миллион теңгенің материалдық және моральдық зиянын өндіріп беруді сұрап, арызданған ондаған адамның бірі. Ол «баламнан айырылып, моральдық азап шектім әрі үлкен материалдық шығынға баттым, сондықтан талабымнан бас тартпаймын» дейді. Бөгет бұзылған кезде Надежда Скебетскаяның ұлы ішінде балалар да бар жақындарын құтқарамын деп мерт болған. Ол 35 жасқа жетпей кетті. Тасқын болған күні оның қызы тоғызға толған болатын.

- Ол аяқтарым тырысып қалды дегенді айтуға ғана шамасы келіп, құлап түсті де, қайтыс болды. Қас-қағым сәтте баламнан, екі отбасы тұрып жатқан үйімізден, бүкіл мүлкімізден айырылдық. Үйді бұзып орнына жаңасын салып берді, ал ұлымды енді қайтара алмаймын ғой. Бес адамның қазасы үшін сол күйі ешкімді жауапқа тартқан жоқ. Бұған қоса, моральдық, материалдық шығынымызды да әзірше өндіріп ала алмай отырмыз. Бүкіл бала-шағамның денсаулығына зақым келді, - дейді Надежда Скебетская Азаттыққа.

Көкпекті бөгеті бұзылғаннан кейін тартылып қалған өзен. 6 ақпан 2017 жыл.
Көкпекті бөгеті бұзылғаннан кейін тартылып қалған өзен. 6 ақпан 2017 жыл.

Тасқын кезінде аяғы ауыр болған Юлия Франк та сол күні жазым бола жаздаған. Жуырда баласы үш жасқа толатын Юлия да соттың басталуын күтіп жүр. Ол материалдық зиянды шамамен екі миллион теңгеге, ал моральдық зиянды бір миллион теңгеге бағалаған.

- Соттан сотқа сілтеп, сандалтып қойды, бір анықтаманы қайта-қайта талап етеді, сотқа сметалық құжаттарымызды бірнеше мәрте тапсырдық. Қаншама уақыт өтті, бірақ біз зиянды әлі өндіріп ала алмай жүрміз. Негізі, шұрқ тесік болып қалған менің үйімді бұзулары тиіс еді, бірақ оны тұруға жарамды деп тапты. Оны бүтіндей қайта салып шықтық деуге болады. Төбесі иіліп кеткені әлі көрініп тұр. Енді дәлізді, әжетханасымен қоса жуынатын бөлмені жөндеу керек, - дейді Юлия Франк.

Сот жәбірленуші деп таныған Көкпекті ауылының тұрғыны Юлия Франк. Қарағанды облысы, 2 ақпан 2017 жыл.
Сот жәбірленуші деп таныған Көкпекті ауылының тұрғыны Юлия Франк. Қарағанды облысы, 2 ақпан 2017 жыл.

Анна Горбатко әлгі апаттан кейін жансақтау бөліміне түсіп, онда 16 күн жатқан. Ол «соттың қашан басталтыны мүлде белгісіз, ал бөгет бұзылған кезде шынымен үлкен зиян шеккенімізді дәлелдеп, құзырлы мекемелерді аралап жүруге енді шамамыз жоқ , сондықтан жуырда талаптарымыздан бас тартуға тура келді» дейді.

- Лай аралас мұздай суға тұншығып, суға батып кете жаздадым, аяғымды қатты зақымдап алдым, аяғымның бір кесек етін жұлып әкетті. Бұл үшін кінәлі адамдар жауап беруі тиіс емес пе?! Бірақ мұның бәрі тым ұзаққа созылып кетті. Өзге зардап шегушілер сияқты әуелгіде біз де моральдық, материалдық шығынымызды өндіріп алуды ойлағанбыз. Бірақ жуырда әлдебір адамдар келіп, талаптарымыздан бас тартып арыз жазып беруді ұсынды. Күйеуім қол қойып берді, өйткені бұдан ары сергелдеңге түсіп, сотқа сандалуға шамамыз жоқ. Күйеуім жұмыстан жиі-жиі сұрана алмайды, ал мен жанымда біреу болмаса, аяғымды сүйретіп жүре алмаймын. Бірақ зиянды өндіріп бергені дұрыс болар еді, әрине, - деді Анна Горбатко.

СУ ҚОЙМАСЫН ЖАЛҒА АЛУШЫНЫҢ РӨЛІ

Азаттық тілшісі Көкпекті су қоймасын жалға алып, әуесқой балықшылар аулау үшін балық өсірген жеке меншік фирманың басшысы ретінде бөгет бұзылуына қатысты қозғалған қылмыстық істің бас айыпталушысы деп танылған Владимир Крючковтен комментарий сұраған еді.

Алғашқы сот инстанциясы оны үш жылға соттаған. Ал апелляциялық сот түрмеге кесу жазасы қарастырылған «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, абайсызда адам өліміне немесе басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқтыру» деген бап бойынша айыптауды алып тастап, үкімді бас еркіндігін екі жылға шектеу жазасына дейін жеңілдеткен болатын.

Яғни, Крючков «өкілетін асыра пайдаланды» деген айып бойынша кінәлі деп танылды. Істегі тағы екі адам – ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы басшысыРишат Жантүліков пен Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смайыловты сот «мерзімі өтіп кетуіне» байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

Көкпекті бөгетін жалға алған кәсіпкер Владимир Крючков сот үкімін жариялағаннан кейін комментарий айтып тұр. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпекті бөгетін жалға алған кәсіпкер Владимир Крючков сот үкімін жариялағаннан кейін комментарий айтып тұр. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылы, 20 маусым 2016 жыл.

Көкпекті тұрғындарының бөгет бұзылуы салдарынан келген миллиондаған материалдық және моральдық зиянды өндіру талабына қатысты Владимир Крючков «өзімді болған жағдайға кінәлі ретінде мойындағаным жоқ әрі мойындамаймын» дейді. Бірақ ол іс бойынша күдікті болмай жатып қаза тапқан бес адамның отбасына бір миллион теңгеден төлеген болатын. заңгер әрі Владимир Крючковтың өкілі Инна Ворова:

- Ол әуелі апатқа жол бермеу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап, жанталасты, ал сосын зиянды барынша азайту үшін адамдар мен техниканы жұмылдырды, зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетті. Сотқа әлі күнге дейін арызданып жүрген ауыл тұрғындары ешбір жөн сөзге көнбейді, айқын нәрселерді мойындағылары келмейді. Бірақ кентте іс жүзінде жағдай қалай болғанын және Крючковті кінәлі етіп шығара салғанын түсінетін адамдар да бар. Олар талап-арыздарынан өздері бас тартып, сол кезден бері ауылдастарын көндіруге тырысып келеді. Бірақ әзірше талап-арыздар тоқтаған жоқ, - дейді.

Владимир Крючков «бөгеттің апатты жағдайда екенін айтып, қорғаныс шараларын қарастыру керек деп билікке жылдар бойы талай ескерткенмін» дейді. Бұған қоса, оның айтуынша, өзеннің қорғауға алынған аймағындағы үйлердің көбі құрылыс нормаларын бұзып салынған.

23 ІСТІ ҚАРАУҒА ДАЙЫНДЫҚ

Көкпекті ауылы тұрғындары материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап-арыздарын бір соттан екінші сотқа жолдайды деп те шағынады. Сондықтан талап-арыздарды Қазыбек би аудандық соты немесе Бұқар жырау аудандық сотының қайсысы қарайтынын қазір жәбірленушілердің көбі білмейді. Азаттық тілшісіне жапа шеккен Көкпекті тұрғындарының талап-арыздары қазір Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық сотында жатқанын анықтаудың сәті түсті. Яғни талапкерлердің зиянды өтеу туралы берген арыздары Көкпекті бөгетіндегі апатқа қатысты іс бойынша 2016 жылдың жазында үкім жариялаған сотқа тағы қайтарылған.

Тасқыннан үйі қираған Көкпекті ауылының көптеген тұрғыны баспанасын дұрыстап жөндей алмай отыр. Қарағанды облысы, 2 ақпан 2017 жыл.
Тасқыннан үйі қираған Көкпекті ауылының көптеген тұрғыны баспанасын дұрыстап жөндей алмай отыр. Қарағанды облысы, 2 ақпан 2017 жыл.

- Азаматтық талап-арыздар екі судьяда жатыр. Барлығы 23 іс болды, бірнеше талапкер - кейбірінде 1-2 адам, кейбірінде 5-7 адамнан топтастырылған. Қазір сотта жұрттың құжат, өтініштерін жинап, құқықтарын түсіндіру сияқты дайындық жүріп жатыр. Жұрт талап-арыздарында кінәлі тұлғалардан зиянды өндіріп беруді сұрайды. Арыздар бізге биылғы қаңтардан түсе бастады. Істі қарауға жақсылап дайындалу үшін уақыт керек, - дейді Бұхар жырау аудандық соты өкілдері Азаттыққа.

Негізгі сот процесі қашан өтетіні әзірше белгісіз.

ӘКІМДІК КОММЕНТАРИІ

Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев бұзылған кезінде бес адамның өмірін қиған, үйлерді қиратқан Көкпекті бөгетінің қазіргі жайы туралы Азаттық сұрағына берген комментариінде былай дейді:

- Қазір бөгет қараусыз қалған. Бірақ біз нысанды коммуналдық меншікке қабылдау үшін сотқа құжаттарды жолдап қойдық. Енді тиісті сот процедуралары өтуі тиіс, содан кейін әлгі нысанды коммуналдық меншікке алатын шығармыз. Ал нысанға қатысты нақты айтар болсам, бөгет сол бұзылған қалпы тұр, ал 2014 жылдан бергі су тасқындары кезінде ол жақта проблема болған жоқ, су бөгелмей ағып кетіп жатыр, қазір ол жер бос, ешқандай су жоқ. Ол жерде жиналған су жоқ, яғни бөгет жоқ деуге болады, - дейді.

Оның сөзінше, қазір Бұқар жырау ауданында су тасқыны сияқты төтенше апаттарға жол бермеу шаралары қарастырылып жатыр.

Көкпекті су қоймасы бөгеті бұзылып, үлкен мұз кесектері аралас биіктігі екі метрлік толқын көтерілген кезде Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылы мен көрші Рабочий кентін су басқан болатын. Ең көп зардап шеккен Көкпекті ауылында бес адам қаза тапқан. Ол кезде медициналық көмекке 20-дан аса адам жүгінген болатын. Түрлі жарақат алған, суық өтіп кеткен және жүйкесі сыр берген алты адам ауруханаға түскен.

351 адам жәбірленуші деп танылған. Бірақ кей адамдар зиянды өндіру туралы азаматтық талап арыз бермеген - біреулері құзырлы мекемелерді аралап шаршағанын айтады, ал енді біреулері зиян шеккенін дәлелдей алмаған. Кей тұрғындар қасіретке негізгі кінәлі адам сол күйі анықталған жоқ деп санап, талаптарынан өздері бас тартқан.

XS
SM
MD
LG