Accessibility links

Грузия парақорлықтан қалай құтылды?


Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. 30 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. 30 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ үкіметі Грузияның соңғы 10 жылда жеткен жетістіктерін басқаларға үлгі қылады. Алайда бұл өзгерістің бәрі демократиялық реформалардың арқасында жүзеге аспаған. Тиімді басқару тәсілі мен әділ демократиялық жүйе орнату екі бөлек нәрсе деп жазады америкалық басылым авторы.


Қаңтардың 31 күні Foreign Policy («Форин Полиси») журналына «Грузия парадоксы» атты мақала жарияланды. Автор Грузия президентін бақытты адам деп санайды. Себебі жақында ғана АҚШ президенті құрметті қонақтарды қабылдайтын кабинетінде Михаил Саакашвилиді ерекше ықыласпен күтіп алған. «Барак Обама Грузия президентіне АҚШ-тың Ауғанстан мен Ирактағы әскери қимылдарына жәрдем бергені үшін алғыс айтты» дейді басылым.

Мақала авторының айтуынша, Михаил Саакашвили осы сапары кезінде Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы кеңсесіне де кіріп шыққан. Банк басшылары оның коррупциямен күрес тәсілдерін құптап, біраз мақтаулар айтқан.

Ал Грузия президенті: «Барак Обама соңғы кездері мемлекетті басқару ісіндегі жетістіктері үшін Грузияны ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар реформа жасағысы келетін басқалар үшін Грузия сол аймақтағы тәп-тәуір үлгі деген баға берді» деп тілшілерге мақтаныңқырап сұқбат берді дейді журналист.

«Кім де кім өз еліндегі жемқорлықпен күрес үшін ақыл-кеңеске мұқтаж болса, Дүниежүзілік банктың зерттеулерін қарап шықсын. Грузия таң қаларлықтай ілгерілеген» дейді тілші.

«ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛСЫН!»

Мақалада 2003 жылы «Раушан гүл» революциясынан соң билікке келген Саакашвилидің қатал реформалары туралы жазады. Жаңа үкімет 16 мың МАИ қызметкерін бір-ақ түнде жұмыстан шығарып жібереді. Оның орнына жақсы
Грузин полициясы. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
Грузин полициясы. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
жалақыға адал жұмыс жасайтын шағын ғана полиция тобы іріктеліп, қайта құрылды. Айыппұл банк арқылы ғана төленетін болды. Заңның қалтқысыз орындалуын қадағалайтын сенім телефондары 24 сағат қызмет көрсете бастады.

Бұл реформа құқық қорғау саласына тұтас жайылды. Бірінші кезекте парақорлықтың жолы кесіліп, қылмыс күрт азайған. Құжаттарды рәсімдеуде қағазбастылық жойылды. Қолдан жасалған кедергілерді жою үшін үкімет жылдам қызмет көрсететін дүкендерді тездетіп ашып тастады. Сәтті реформаның себебінен Грузия күтпеген жерден ескі көліктерді алып келіп сататын ең тиімді елге айналып шыға келді. Жаңа үкіметтің мұнымен де тоқтамағанын айтқан мақала авторы жаңарған биліктің салық төлеу, кеден, білім беру, коммуналдық қызмет көрсету салаларына енгізген өзгерістеріне біршама тоқталған.

Автордың пайымдауынша, Грузияның аз уақытта жеткен жетістігіне көптеген мамандар таң қалған. Оған дәлел ретінде Transparency International ұйымының Грузия бойынша өкілі Марк Мулленнің пікірін келтіреді. «Қазір Грузия он жыл бұрынғымен салыстырғанда адам танымастай өзгерген. Кімде кім бұл жетістікті мойындамаса, бұл – оның әділдіктен тануы» дейді Муллен.

КІШКЕНТАЙ КІЛТИПАН

Бірақ Дүниежүзілік банктің зерттеуінде Грузияға жайсыздау тиетін жайттар да бар дейді сарапшы. Банк мамандары «Грузияның жемқорлыққа қарсы реформаларын әлі де жеткіліксіз» деп санайды. «Бұл жүйенің тұрақтылығы мен тазалығын тағы да нықтай түсу керек» деп сақтық білдіреді.
Грузияда коррупция әлсірегенімен, үкіметтің билігі тым күшейіп кеткен.

Автордың ойынша, соңғы жылдары Грузияда коррупция әлсірегенімен, үкіметтің билігі тым күшейіп кеткен. Михаил Саакашвилидің Вашингтонға басқа бір келісінде The Economist журналы «Грузиядағы адам құқығы мәселесі нашар» деп жазған болатын.

Грузиядағы БАҚ-тың барлық түрлері билікке түгелдей тәуелді бола бастады дейді ол. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының соңғы зерттеулері бойынша, Грузия баспасөз бостандығы жөнінен әлем бойынша 179 елдің ішінде 104 орында тұр.

«ҚҰРБАН БОЛҒАН ДЕМОКРАТИЯ»

Мақала авторына сұқбат берген Михаил Саакашвили президент пен парламент сайлауына қатысты да реформалар жасап жатқанын айтқан. Алайда кейбір мамандар оған онша сеніңкіремейді. Ол Путиннің тәсілін қолданып, «премьерлікке» ауыса салуы мүмкін деп болжайтындар да жетеді дейді автор. Ал грузин президенті елдегі демократиялық ахуалға қатысты сұрақтарға тура жауап бермей, барынша қашқақтады дейді мақала авторы.

Алайда бұл мәселе жөнінде Колумбия университетінің профессоры Линкольн Митчел: «Егер сіз демократиялық кемшіліктерді елді жақсы басқарумен жамап-
Полиция оппозициялық шерушілерді ұстап жатыр. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
Полиция оппозициялық шерушілерді ұстап жатыр. Тбилиси, 26 мамыр 2011 жыл.
жасқайтын болсаңыз, үлкен маңызды нәрседен құр қаласыз» дейді. Мамандардың айтуынша, жаңа үкімет Грузияның конституциясын өздеріне ыңғайлы етіп өзгертіп алған. Болашақта сайлау әділ өткен күннің өзінде, оппозицияның жеңіске жетуіне ешқандай мүмкіндік жоқ.

Мақала авторы тілдескен АҚШ мамандарының ойынша, мемлекетті жақсы басқарып, жемқорлықпен күресу – құптарлық нәрсе. Бірақ демократияны ендіру мен елді тиімді басқару – егіз ұғым емес.

Михаил Саакашвили жақсы өзгерістерді күштеп жасап, көпшіліктің көңілінен шыққанымен, демократиялық институттарды да қиратып алды. Америкалық мамандар «болашақта маргиналданып бара жатқан оппозиция мен жоғарыдан басқаруға бауыр басып қалған халық ортақ мәмілеге келе ала ма» деп алаңдайды деп жазады автор.
XS
SM
MD
LG