Accessibility links

Су басқан Көкпектінің екі жылдан кейінгі күйі


Көкпекті тұрғындарының 2014 жылы ауылды су басқанда бүлінген қора-қопсыларын ешкім қалпына келтірмеді. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпекті тұрғындарының 2014 жылы ауылды су басқанда бүлінген қора-қопсыларын ешкім қалпына келтірмеді. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

Көкпекті мен Рабочий кенттерін су басқанына екі жылдан асқанымен, тұрғындар әлі ес жимаған. Оларға моральдық әрі материалдық зиян әлі өтелмеген. Сот «зиян кінәлі жандардан өтелсін» деген қаулы шығарған. Азаттық тілшісі су тасқынынан зардап шеккен ауылға барып қайтты.

Көкпекті ауылына кірген адамның көзі контраст көрініске бірден түседі: 2014 жылғы су тасқынынан кейін салынған жаңа үйлердің қатарлары мен жұлым-жұлымы шыққан ғимараттар, қора-қопсы, құрылыс қоқыстары үйіндісі, далаға шығарып тастаған жарамсыз жиһаз.

Ауылда сыз бен шіріген иіс әлі сезіледі. Кей тұрғындар Азаттыққа су тасқынынан кейін ауылдан қап-қап балық жинағандарын айтады. Бақшасынан салмағы тоғыз килограмм тартатын сазан мен тұқы балығын тауып алғандар бар. Сыртта ілулі тұрған кілемшелерге ұсақ шабақтар шаншылып қалған. Тұрғындардың көбі әлі күйзеліп жүр, сондықтан кейбірі ақпарат құралдары өкілдерімен сөйлесуден қашқақтайды.

ТІРІ АДАМ ТІРШІЛІГІН ЖАСАЙДЫ

2014 жылы наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылы мен көрші Рабочий кентін су басқан болатын. Көкпекті су қоймасы бөгеті бұзылып, үлкен мұз кесектері аралас биіктігі екі метрлік толқын көтерілген. Ең көп зардап шеккен Көкпекті ауылында бес адам қаза тапқан. Олар – 1924 және 1963 жылы туған Ноғаев пен Ноғаева, 1926 жылы туған Нагибина, 1942 жылы туған Ромащенко, 1979 жылы туған Скебетский.

Көкпектіге барар жол. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпектіге барар жол. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

Ромащенко отбасы сол қасіретті күнді қиналып еске алады. Азаттық тілшісімен сөйлескен Наталья Ромащенконың айтуынша, бөгет бұзылып, батпақ пен мұз кесектері аралас тасқын кентті басып қалған кезде оның анасы – зейнеткер Евдокия Ромащенконы толқын ағызып әкеткен. Ерлі-зайыпты қарттар – Виктор мен Евдокия көліктерімен қыратқа жетіп алмақ болған. Бірақ әйел көлікке мініп үлгермеген, оны су ағызып әкеткен, денесі таңертең үйінен көп жырақ жерден, жергілікті зират тұсынан табылған.

- Анам осылай мерт болды. Ал әкем құдай сақтап тірі қалды, су толып кеткен көлікті ағыс қақпақылдап әкетіп, ол мұздай судың ішінде екі сағаттай арпалысқан. Бүйрегіне суық тиген, жүрегі мен қан тамырларынан кінәрат табылған әрі қатты күйзеліске түскен әкем ауруханада бір ай жатты. Әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмай жүр. Жүрегін ауыртпайық деп болған жайтты есіне түсірмеуге тырысамыз. Анамды бізге ешкім қайтармайды. Әлгі қасіреттен кейін кінәлі жандар тиісті жазасын алса екен деп ойлайсың. Бірақ бес адамның қазасы үшін ешкімді жауапқа тартпады, ал билікті «мерзімі өтіп кетті» деген желеумен қылмыстық жазадан мүлде босатты. Бұл қалай сонда? – дейді Наталья Ромащенко.

Өзге көптеген тұрғындар сияқты Ромащенколардың да үйі, жиһаз-мүлкі бүлінген. Автокөліктері де су астында қалған. Ромащенколар зиянды өтеуді талап етіп, арыз бермеген. Олар «үйді жөндеумен көбінесе өзіміз айналыстық, бар күшіміз соған кетті әрі анамның қазасына қайғырып жүріп арыздануға мұршамыз болмады» дейді.

Көкпектіде жөнделмеген үйлер әлі де көп. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпектіде жөнделмеген үйлер әлі де көп. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

Ол кезде медициналық көмекке 20-дан аса адам жүгінген болатын. Түрлі жарақат алған, суық өтіп кеткен және жүйкесі сыр берген алты адам ауруханаға түскен. Олардың ішінде бір әйел мұздай суға тұншығып, батып кетуге шақ қалған. Оның өкпесі қабынып, ісінген, тынысы тарылып, денесі қанталаған, терісі сыдырылған. Екінші әйелдің қолы мен аяғын бірінші дәрежелі үсік шалған. Кәрілік жеткен ер адамның бел омыртқасы сынып, екі өкпесі бірдей қабынған, денесін тұтастай үсік шалған. Тағы бір ер адамға қабырғасы сынған деген диагноз қойылған. Ал тағы бір кісінің оң бұғанасының қос сүйегі сынған. Алтыншы тұрғынның бұлшық еттері жаншылып қалған.

БІТПЕГЕН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕН ҮЙДЕГІ БАҚАЛАР

Көкпекті кентінің 56 жастағы тұрғыны Нұрия Хуснутдинованың су тасқынынан жартылай қираған үйі сол күйі тұр. Оның айтуынша, бір қабырғасы қирап, төбесі иіліп, екі бөлмесінің едені қисайып кеткен мұндай үйде тұрудың өзі қорқынышты. Іші сыз тартып, көгерген үйде бақалар секіріп, қырықаяқ сияқты ұсақ жәндіктер қаптап кеткен. Нұрия Хуснутдинова толқын сындырып, ағызып әкеткен дуалды орнатуға мүмкіндік жоқ деп қынжылады.

Нұрия үйдің ішін бір жарым метрден асқан батпақ аралас су басып қалғанын еске алады. Аула мен бақшада мұз кесектері мен су шайып қираған жолдың асфальт кесектері шашылып жатқан. Көкпектіде 20 жылдан бері тұратын Нұрия мұндай су тасқыны ешқашан болмағанын айтады.

Cүрілген үйлердің орнына салынған жаңа баспаналар. Қарағанды облысы, Көкпекті, 20 маусым 2016 жыл.
Cүрілген үйлердің орнына салынған жаңа баспаналар. Қарағанды облысы, Көкпекті, 20 маусым 2016 жыл.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін қоғамдық қор бөлген 600 мың теңге үйдің бір бөлігін ғана жөндетуге жеткен: әлгі ақшаға екі бөлменің еденін ауыстырып, терезеге жаңа әйнек (бұрынғы әйнегін тасқын сындырып кеткен) салдырған, сылақ және әрлеу жұмыстарын жүргізген. 400 мың теңге бүлінген тұрмыстық техника үшін өтемақы ретінде бөлінген.

- Үйді жөндеп бітіру үшін үш рет несие алуға тура келді. Сыз үйде, еденде ұйықтауға тура келгендіктен, моральдық зиян төлеуді де сұрадым. Өзім ауырып қалдым, бүйрегіме суық тиген, аяғым қақсап ауырады, сусамырға шалдықтым. Әлі күнге дейін сыз үйде тұрып жатырмыз. Айырылып қалған дүниемді қайтарып берсе болды. Одан артық ештеңе сұрамаймын. Жұмыс істей алмаймын, оған денсаулығым мүлде жарамайды. Ұлым жұмыс істейді, соның арқасында күн көріп отырмыз. Бірақ зиян үшін өтемақы төлемесе, үйімізді қалпына келтіре алмаймыз, – дейді Нұрия Хуснутдинова.

Қандай ауыртпалыққа тап болып, әлі шешілмей келе жатқан қандай проблемалар бар екенін Азаттыққа айтып беруге Көкпектінің тұрғындары Татьяна Кузнецова мен оның күйеуі Серік те келісті. Сол түні кентке жайылған су жіліншіктен аса қоймаған кезде Серік әйелі мен қызына «үйден кетіңдер де, маңайдағы шоқылардың бірінің төбесіне шығыңдар» деп айқайлаған. Өзі көрші үйдің торайларын құтқаруға жүгірген, бірақ ағын судың екпіні темір қақпаны екінші жаққа қайырып жауып тастап, Серік әупірімдеп бағанаға өрмелеп шығып, екі сағаттай бағана басында отырған. Ал қызы мен әйелін алғашқы толқын өзенге қарай ағызып әкеткен, бірақ өзенге бірнеше метр қалғанда темір дуалға жармасып аман қалып, екеуін жұрт шоқыға шығарып алған. Жиналған жұртты сол мезетте көрші кентке әкеткен. Ал бірер минуттан кейін әлгі шоқы да судың астында қалған. Татьянаны ауруханаға жеткізген. Қазір оның тамағы ауырады.

– Үйіміз қатты бүлініп, оны екі метрдей су басып қалды, ас бөлмедегі терезенің астын үлкен мұз ойып тастады. Қоғамдық қордан бөлінген ақша жетпей қалды. Ақыры несие алуға тура келді. Ас бөлменің еденін ауыстыруға ғана шамамыз келді. Үйдің іші әлі кеппей, сыз тартып тұр. Пеш жағып отырмыз. Үйде бақа секіріп жүр, бұған дейін тіпті құрбақа да болған. Бүкіл үйдің еденін қопарып, қайта төсеп шығу керек. Тұсқағаз бен төбенің сылағы түсіп, әк қабыршақтанып жатыр. Ары қарай соттасамыз. Бүлінген үй үшін 2 миллион теңгеден сәл көбірек ақша төлеуді талап етеміз, сметада сонша ақша шыққан. Ал моральдық зиян үшін – қызым екеуміз суға батып, кейін емделгеніміз үшін 1 миллион теңге талап етіп отырмыз, - деді Татьяна Кузнецова Азаттыққа.

Көкпекті тұрғыны Татьяна Кузнецова үйінің жанында тұр. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпекті тұрғыны Татьяна Кузнецова үйінің жанында тұр. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

Татьяна мен Серіктің айтуынша, су тасқыны кезінде бүлініп, жарамсыз болып қалған жиһаз бен тұрмыстық техника үшін тұрғындарға ақшаның бір бөлігін ғана төлеген. Ауыл тұрғындарының көпшілігі су тасқынына дейін болған бар дүниесі түгілі аса қажет заттардың өзін сатып ала алмай отыр.

ЗИЯНДЫ СОТ АРҚЫЛЫ ӨТЕУ

Көкпекті тұрғындарының уайымы көбейе түскен. Енді олар «үйімізді қалай жөндеп, қандай ақшаға жиһаз сатып аламыз» деп қана емес, зиянды өтеуді талап ету үшін сотқа тағы бару керек деп те уайымдайды. Ертеректе билік айтқандай, зиян кінәлі жандардан өндірілетін болды.

- Біздің талап-арыздарымызды бірден қанағаттандырмағаны несі? Сот шеккен зиянымызды тап қазір өтеуге міндеттейтін шығар деп үміттеніп едік. Екі жыл өтіп, «мерзімі өтіп кетуіне» байланысты екі шенеунікті қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін сотты әдейі созған шығар, – дейді материалдық шығыны 2 миллион 300 теңгеге, ал моральдық зияны 1 миллион теңгеге бағаланған Нұрия Хуснутдинова.

Көкпектіде су басқан үйлердің көбінің сылағы түсіп жатыр, едендері көтеріліп кеткен. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпектіде су басқан үйлердің көбінің сылағы түсіп жатыр, едендері көтеріліп кеткен. Қарағанды облысы, 20 маусым 2016 жыл.

351 адам жәбірленуші деп танылған, оның 21-і зиянды өндіру туралы талап арыз бермеген. Кей тұрғындар әуелі арызданып, кейін материалдық талаптарынан өздері бас тартқан, ал кейбірінің талап-арызын сот қабылдамаған. Бөгеттің бұзылуы ісіне қатысты үкімді жариялаған кезде судья «сот азаматтық талапкерлердің азаматтық талап-арызын қанағаттандыру құқығы бар деп таныды» деп мәлімдеді. Олардың ішінде Көкпекті ауылы мен Рабочий кентінің бөгет бұзылу кесірінен зиян шеккенін құжат жүзінде растай алған 187 тұрғыны бар. «Қазақтелеком» компаниясының Қарағанды облыстық филиалы телекоммуникациялар дирекциясы, Бұқар жырау ауданы мен Қарағанды қаласының құрылыс бөлімдері де шығынды өндіріп беруді талап ете алады. Енді олардың бәріне шығынды өтеуге қатысты мәселені азаматтық сотта шешуге тура келеді.

XS
SM
MD
LG