Accessibility links

«Бесоба» тұрғындары тағы қауіп төнгенін айтады


Қарағанды тұрғыны Альберт Камуков "Бесоба" кешеніндегі жарық түскен үйді көрсетіп тұр. 24 шілде 2012 жыл
Қарағанды тұрғыны Альберт Камуков "Бесоба" кешеніндегі жарық түскен үйді көрсетіп тұр. 24 шілде 2012 жыл
Қарағандыдағы «Бесоба» үй кешенінде салынып бітпеген тағы бір үй құлауы мүмкін деп дабыл қаққан көршілес үй тұрғындарын жергілікті әкімшілік қорқатын ештеңе жоқ деп жұбатады.

Қарағанды қаласындағы элиталық тұрғын үй кешені ретінде салынған «Бесоба» туралы көпшілік құлағдар. Биылғы сәуірде кешендегі көп қабатты үйдің төрт бірдей подъезі құлап түскен еді.

Енді тұрғындар «Бесобада» тағы бір үйдің құлау алдында тұрғанын хабарлайды. Бірақ бұл толығымен салынып бітпеген 4-үй. Бес жылға жуық салынып жатқан ғимаратта сызаттарды байқаған тұрғындар, бес қабатты ғимарат көрші тұрған үйлердің бірінің үстіне түседі деп алаңдайды.

СЫЗАТ

- 4-үймен көрші тұрған үйдің мүмкіндігі бар тұрғындары көшіп жатыр. Ал көпшілігінің баратын жері болмаған соң, амалсыздан тұрып жатыр, - деді 6-үй тұрғындарының бірі Азаттық тілшісіне.

5-үйдің тұрғыны Альберт Камуков 4-ші үйдің қабырғасына түскен ұсақ сызаттарды осыдан бір ай бұрын байқағанын айтады. Инженерлік құрылыс саласын жақсы білетіндіктен, күнделікті 4-үйді бір қарап шығуды әдетке айналдырған.

Шілденің басында ғимараттағы сызаттардың үлкейгенін байқаған Альберт Камуков бірден тұрғындар мен тиісті органдарға хабарлаған.

- Шілденің 5-і күні Қазақстанның көп салалы жаңарту және дамыту институтының (КазМИРР) мамандары келіп, тек маяктар қойып кетті. Олары жыртылып жатыр. Ал мында бір подъездің екіншісінен айтарлықтай төмен шөгіп кеткені анық көрініп тұр, - деді Азаттық тілшісіне апатты ғимаратты көрсетуге келіскен Альберт Камуков.

ҚАУІП

Альберт Камуковтың сөзінше, «Бесобаның» тұрған жері саз балшық.
"Бесоба" кешенінің тұрғындары құрған бастамашыл топ. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл.
"Бесоба" кешенінің тұрғындары құрған бастамашыл топ. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл.

- Қазақстанның көп салалы жаңарту және дамыту институтының (КазМИРР) мамандары бұл үй жақын арада құлап қалатындығын айтады. Алайда қол хат бермейміз деп отыр. Ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Егер мен жобаны о баста көргенімде мен бұл жерден үй сатып алмас едім. Өйткені мұнда ми батпақты су көзі бар. Ал бізге көрсеткен жобада бұл жерде құм-тас-топырақ бар деп көрсетілген, - деді сұхбаттасымыз.

Тұрғындар егер 4-үй құласа, көрші тұрған үйлерді де өзімен бірге ала кетеді деп үрейленеді.

РЕСМИ ЖАУАП

Тұрғындар наразылығы күшейген соң қала әкімі Қазақстанның көп салалы жаңарту және дамыту институтынан ғимараттың қазіргі жағдайына қатысты есеп беруді талап етті.

Институт мамандарының шілденің 24-і күні берген есебінде: «Бесоба» тұрғын үй кешендегі 4, 5, 6, 7/1 үйлерінің жалпы жағдайы «апатты, яғни ақаулары бар», яғни аталған үйлердің құлауы мүмкін деген тұжырым жасаған.

Дегенмен әзірге қорқатын ешнәрсе жоқ дейді мамандар, өйткені «шілденің 24-і күнгі геодезиялық бақылау биылғы сәуірдегі көрсеткіштермен бірдей». Яғни 4-үй бойынша – 130мм, 5-үй бойынша – 120 мм, 6-үй бойынша – 100 мм, 7/1 үй бойынша – 120 мм ауытқу бар.
"Бесоба" кешеніндегі 4-үйдің су басқан іргетасы мен жертөлесі. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл
"Бесоба" кешеніндегі 4-үйдің су басқан іргетасы мен жертөлесі. Қарағанды, 24 шілде 2012 жыл

Мамандар 4-үйде қосымша сызаттардың пайда болғандығын да растады. Алайда бұл өзгеріс іргетастың «біркелкі шөкпеуінен» туған деп сипатталған.

Қарағанда қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 7/2 үйі сәуірдің 6-сы құлап қалған болатын. Оқиға бойынша тексеру жүргізген мемлекеттік комиссия кешенді салғанда құрылыс нормалары бұзылған деген қорытынды жасады. Құрылысты салған мердігерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 245-бабы, 2-тармағы (апатқа соқтырған сапасыз құрылыс) бойынша іс қозғалды.

Бұдан өзге, үйді қабылдап алған комиссия мүшелеріне қатысты да 307-бап (қызметтік міндеттерін дұрыс атқармау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл үйлер 2009 жылы пайдалануға берілген.
XS
SM
MD
LG