Accessibility links

Қоқыс ақтарып жүргендердің арасында оралмандар да бар


Баласын көтеріп, қоқыстағы уақытша мекенін тастап бара жатқан келіншек. Қоқыстарды төгу мен көму полигоны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 7 маусым 2011 жыл.

Баласын көтеріп, қоқыстағы уақытша мекенін тастап бара жатқан келіншек. Қоқыстарды төгу мен көму полигоны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 7 маусым 2011 жыл.

Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан «Қоқыстарды төгу мен көму полигонын» ақтарып жүргендер арасынан да оралмандарды кездестіруге болады.


Мұнда әкелген қоқыстарды «жайғастыру қызметімен» (яғни көмумен) айналысатын «Қазвест Инвест Конберсион» ЖШС күзет бөлімінің бастығы Асқар есімді азаматтың айтуынша, күніне екі мың тонна қоқыс келеді.

– Сол қоқысты жеткізген әрбір машинаның артынан 50-ге жуық адам еріп жүреді. Тіпті доңғалақтың астына түсіп, өліп кетіп жатқандар да бар, – деген Асқар «ол адамдардың қай жақтан келіп жатқандығын білмейтінін» айтады.

ҚАҒАЗ ҚАЛА

– Оларды қусаң да кетпейді. Таңғы сағат 6-дан бастап пайда болады. Ақшам намазынан кейін жоқ болып кетеді, – дейді күзет бөлімінің бастығы.

Қоқыс ақтарған адамдардың ақшам намазынан кейін қайда «жоқ болып кететінін» біз таптық. Полигонның батыс жағындағы сайдың ішінде картон
Қоқысқа кетіп бара жатқан адамдар. Қоқыстарды төгу мен көму полигоны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 7 маусым 2011 жыл.

қағаз бен линолеум қалдықтарынан уақытша тұрақ-жай тұрғызып, мекендеп жатқан адамдарды көрдік. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сонда тұрады екен.

– Бұл жерге жаз айында ғана келіп тұрамыз. Күйеуім осы жерде жұмыс істейді, – деді жарты лашықтардың шеткісін қоныстанған тұрғындардың біреуі. Атын айтудан да, суретке түсуден де бас тартты. Есік алдында екі-үш жастағы екі бала қоқыстан ойыншық қалдықтарын теріп, ойнап жүрді.

Келіншектің айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келген.

– Күйеуіңіз қандай жұмыс істейді? - деген Азаттық радиосы тілшілерінің сауалына оралман келіншек:

– Бакалашка тереді, – деп жауап қатты да. – Бұл жерде басқа да Қарақалпақстаннан келгендер бар. Сол жақта үлкен кісілер бар, солармен сөйлесіңіздер, – деп, бізді лашық-қаланың келесі басына сілтеп жіберді.

Қағаз бен линолеумнен жасалған лашықтарды суретке түсірейік деп едік, күзет бөлімінің қызметкерлері «Бұл аумақ – жеке меншіктікі» деп азар да безер болып, түсіртпей қойды.

БІРЕУГЕ – НӘПАҚА, БІРЕУГЕ – ТАБЫС

Күзет бөлімінің бастығы Асқардың айтуынша, қоқыс тұрғындары өздерін «қызметтерінен аластамақ болғандарды өлтіріп кетуден тайынбайды».

– Өткенде бір қуып едік, түнде келіп мекеменің есік-терезесін түгел сындырып кетті. Енді қумаймыз өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін, – дейді күзет
Қоқыстарды төгу мен көму полигоны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 7 маусым 2011 жыл.

бөлімінің бастығы.

Полигонның аумағы 70 гектар екен.

– Заң бойынша, жалпы аумақтың 60 гектары жабық жатуға тиіс, – дейді Асқар. – Бізде керісінше 80 пайызы ашық жатыр.

Асқардың айтуынша, қоқыста жүргендер тек пластмасса құтыларды ғана термейді, «іске татиды-ау» дегендердің бәрін алады.

– Мен өткен жылдың қараша айында келдім, қудым – кетпейді. Өз адамдары бар терген заттарын қабылдап алып отыратын, – деген Асқар «соған қарағанда бұл жерден табатын табыстары қомақты болу керек» дегенді де сөз арасына қыстырып қойды.

Қоқыс төгетін орыннан нәпақа іздеп келгендер де бұл жерден біреулердің пайда тауып отырғандарын тұспалдады.

– Нүкістен кеше келдік. «Осында жақсы жұмыс бар. Мол пайда табасыңдар» деп алып келген еді, – дейді өздерінің аты-жөнін айтудан бас тартқан тағы бір отбасы. Қарасы алты-жеті адамнан тұратын бұл отбасының дені – әйел адамдар. Тіпті араларында 12-13 жастағы бала да жүр.

– Сіздерді мұнда жеткізген кім? – деген сауалымызға «Нүкістегі бір адам» деп қана жауап берді.

– Білмейміз. Мұндай «жұмыс» деп ойлаған жоқпыз. Иісі де жаман екен, – дейді араларындағы ер адам.

Уақытша қоныстарын тастап, кішкентай нәрестесін көтеріп қайтып бара жатқан жас келіншектің «Уһ, шынымен кеттік пе бұл жерден!» деген сөзін құлағымыз шалып қалды.

– Қай жақтан келіп едіңіздер? – деген сауалымызға «Қарақалпақстаннан» деп жауап қатты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG