Accessibility links

Түрмедегі оқиғаны тексеруді талап етті


Қаражал түрмесінде жазасын өтеушілердің әйелдері Астанадағы құзырлы органдарды жағалап жүр. 24 мамыр 2013 жыл.

Қаражал түрмесінде жазасын өтеушілердің әйелдері Астанадағы құзырлы органдарды жағалап жүр. 24 мамыр 2013 жыл.

Қаражалда жазасын өтеушілердің әйелдері Қарағанды прокуратурасының аумағына "заңсыз кіргендері" үшін айыппұл төледі. Одан соң Астанадағы көп ведомстволардың табалдырығын тоздырды.

Татьяна Ильченконың күйеуі мамырдың 21-і күні Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы АК-159/22 түрмесінің 30 тұтқынымен бірге өзінің денесін кескілеп тастады. Мұндай әрекетке ол наразылықтан барған.

Әйелінің айтуынша, ері қатаң режимге қарсылық көрсету үшін емес, өз өмірін құтқару мақсатында жасаған. Мұндай жаппай бағынбау акциялары Қазақстан түрмелерінде жыл сайын болып тұрады. Бірақ бұл қарсылық - биылғы бірінші оқиға.

АСТАНАДАҒЫ ПОЛИЦИЯ ҚОРШАУЫ

Татьяна Ильченко мамырдың 24-і күні Астанаға төрт әйелмен бірге келді. Ол әйелдердің де туыстары Қаражалдағы түрмеде отыр. Келген бетте олар бас прокуратураға барып, туыстарының денелеріне не себепті жарақат салғанын анықтау туралы арыз түсірді. Қызметкерлер арызды қабылдап, бір ай қарайтындарын айтқан. Бұл күні мекемеде әйелдердің шағымын тыңдайтын бірде-бір прокурор болмаған.

Бұдан соң сотталғандардың туыстары парламент депутаттарына барды. Олар депутаттардан «денеге жарақат салу» оқиғасын тексеретін комиссия құруды өтінбек болды.
Қаражал қаласындағы түрме.

Қаражал қаласындағы түрме.


Оларды парламент ғимаратына кіргізбеді. Полицейлер борышкерлердің қарсылық акциясына байланысты екі күннен бері үкімет пен парламент ғимаратын күзетіп жүр. Полиция министрлер үйінің алдында әр жүргіншіні тоқтатып, неғып жүргенін сұрайды. Ол маңда жұмыс істемейтін адамды полиция ары қарай өткізбейді.

- Бізге «бұл жерді полиция қоршап тұр, ары қарай жүре алмайсыңдар, кетіңдер» деді. Оған не істейміз? Төбелесе кетпейміз ғой. Онсыз да айыппұлымыз бар, - дейді Татьяна Ильченко.

«МАҚСАТЫМЫЗ - ЖҰРТ НАЗАРЫН АУДАРУ»

Бұл әйелдер мәселелерін билікке жеткіземіз деп жүріп заң алдында жауапкершілікке тартылды. Мамырдың 23-і күні олар қоршаудан секіріп түскендері үшін азаматтық белсенді Руслан Оздоевпен бірге Қарағанды қаласы сотының үкімімен айыппұл төлейтін болды.

Соттың баспасөз баянында «Қазақстан республикасы заңына орай қорғалатын объектіге заңсыз кірді» деп жазылған. Әйелдің айтуынша, оларды бұған жергілікті билік арандатқан.
Қаражал түрмесіндегілердің туыстары қамау орнының сыртында наразылық танытып отыр.

Қаражал түрмесіндегілердің туыстары қамау орнының сыртында наразылық танытып отыр.


– Прокуратура бастығы орынбасарының қабылдауына кезек бойынша 10 сағат 30 минутқа жазылғанбыз. Бәрін кіргізді, ал бізді кіргізбей қойды. Кешкі беске дейін күттік. «Бара беріңдер. Қабылдау уақыты аяқталды. 29-ында, сәрсенбіде келіңдер» деді бізге. Оған дейін күте алмайтын едік. Шарбақтан өтіп, біреу-міреу шығар деп күттік. Жүрген жоқпыз, баса-көктеп кірейік деген жоқпыз. Шарбақтан ғана өттік. Ол маңда тыйым салынған аумақ деген жазу да болған жоқ, – дейді Татьяна Ильченко.

Оның айтуынша, осыдан кейін ғана арыздарын қабылдап алған. Қазір олардың әрқайсысы 17 мың 310 теңге айып төлеуі керек. Ал Руслан Оздоев оған қоса «тыйым салынған аумаққа өтіп, прокуратураның талабына бағынбады» деген айыппен 7 күнге қамалды.

– Олар «Руслан Оздоевты қамасақ, басқалар қояды» деп отыр ғой. Біз тоқтамаймыз, – дейді Татьяна Ильченко.

ЕКІ ТҮРЛІ АҚПАРАТ

Әйелдердің біразы Қаражалдағы түрменің маңында әлі отыр. Олар туыстарының халін білгілері келеді. Тұтқындардың бірінің жұбайы Татьяна Кунстманның айтуынша, түрмедегілердің туыстарына қоқан-лоқы көрсетіп, қаладан кетулерін, ол оқиға туралы ештеңе демеулерін талап етіп жатыр.
Әйелдердің біразы Қаражалдағы түрменің маңында әлі отыр. Олар туыстарының халін білгілері келеді.

Туыстарының айтуынша, денелерін жарақаттаған 30 тұтқынға қоса түрмеден басқа жердегі ауруханаға әкетілген, халі мүшкіл 3 адам бар. Бірақ ресми орындар оны жоққа шығарады. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, Қаражалда 30 тұтқын ғана денелеріне болымсыз жарақат салған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті тәрбие жұмысы департаментінің Қарағанды облысы бойынша бас маманы Арман Тухметовтің Азаттық тілшісіне айтуынша, оларда «реанимацияда тұтқындар жатыр» деген дерек жоқ. Департамент бұл туралы толық жауапты жазбаша сауал жіберген соң ғана беретінін хабарлады.
Арман Тухметовтің айтуынша, тұтқындар денелеріне жеңіл-желпі жарақат салған, оларға түрмедегі санитарлық бөлімде көмек көрсетілген.
Ешкім өлген жоқ. Ешкім ауруханаға түскен жоқ. Бұл нағыз арандату.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті өкілі Ғалымжан Хасенов түрмедегі жағдай туралы сұраған Азаттық тілшісіне:

– Ешкім өлген жоқ. Ешкім ауруханаға түскен жоқ. Бұл нағыз арандату, – деп жауап берді.

Басқа постсоветтік елдер сияқты Қазақстан түрмелерінде де жаппай бағынбау әрекеттері әрқилы түсіндіріледі. Қаражалдағы оқиғадан бұрын Қазақстандағы адам құқы бюросы ел билігіне өтініш айтып, сотталушылардың құқығы бұзылуы жайлы, тұтқындар мен түрме әкімшілігі арасындағы шиеленіс туралы арыздарды тексеруді сұраған. Ресми биліктің айтуынша, Қаражал түрмесінде тәртіпке шақыру шарасы өткен.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG