Accessibility links

Мұнайшылар белсендісі Наталья Соколова алты жылға сотталды


Наталья Соколова сот залында. Ақтау қаласы, 28 шілде 2011 жыл.

Наталья Соколова сот залында. Ақтау қаласы, 28 шілде 2011 жыл.

Тамыздың 8-і күні Ақтау қалалық №1 сот «Қаражанбасмұнай» компаниясы мұнайшыларының белсендісі, кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен соттады.

Үкімді оқыған судья Гүлмаржан Әділ-Сұлтани Соколованың 6 жылға бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеді. Наталья Соколова жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.

– Наталья Соколоваға бұдан бөлек 3 жылға дейін заңгерлік қызметпен айналысуға, қоғамдық жұмыстарға қатысуға да тыйым салынды, – деп хабарлайды сотқа қатысқан мұнайшылардың бірі.

ЕКІ АЙЫППҰЛ, БІР ҚАМАҚ

Маңғыстау өңіріндегі мамыр айынан бері ереуілдеп жатқан мұнайшылар кәсіподағының заңгері Наталья Соколова «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен қылмыстық іске іліккенше үш рет әкімшілік жауапқа тартылған еді.

Оған 23 мамыр күні «17 мамырда рұқсатсыз митинг өткізгені үшін» 22 680 теңге айып салынған. 24 мамыр күні тағы да «21 мамырда рұқсатсыз

Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

жиын өткізді» деген айыппен 30 240 теңге айып төлеуге үкім шығарылған.

Наталья Соколованы 25 мамыр күні Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті жанында «рұқсатсыз қарсылық акциясын өткізгені үшін» 8 тәулікке қамаған.

Ол маусымның 1-інде босатылуы тиіс еді. Алайда кейін «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшысы Юань Мудың арызы негізінде Наталья Соколоваға қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген басқа айып тағылды.

Маусымның 10-да қалалық сот Соколованы екі айға қамау туралы шешім шығарды.

АДВОКАТ

Наталья Соколова қамауда отырған кезде күйеуі Василий Чепурной әйелін сотта қорғамақ болған адвокат Марина Капланмен келісім-шартты бұзғанын айтқан.

– Марина Капланның жұмысына көңілім толмады. Қазіргі кезде адвокат жоқ. Бұл тергеу қызметінің міндеті болғанмен, мұны істеуге олардың

Наталья Соколованың жолдасы Василий Чепурной. Алматы, 30 мамыр 2011 жыл.

құлқы жоқ, – деген еді Василий Чепурной маусымның 23-і күні Азаттық тілшісіне.

Ол Наталья Соколованың құқын сотта қорғайтын адвокат іздестіріп жатқанын, бірақ әлі таппағанын айтқан. Оның пікірінше, бұл іспен айналысқысы келетін адвокаттар табылғанмен, оларға қысым жасалуы мүмкін. Сөйтіп мұнайшылар кәсіподағының заңгері адвокатсыз қалған.

«Қазақстанның социалистік қарсылығы» қозғалысының айтуынша, Наталья Соколованы мемлекет берген адвокат қорғауға кіріскен.

ҚЫСЫМ

Наталья Соколованың күйеуі Василий Чепурной 23 маусымда берген сұқбатында мамыр айының соңында қамалған әйелін одан кейін бірде-бір рет көрмегенін айтқан еді. Тіпті телефон арқылы да сөйлесуге мүмкіндік берілмеген. Ол әйеліне қатысты соңғы жаңалықтарды тек жұрттан естіп-білген.

– Жағдайы қалыпты екенін тек сыбыстардан ғана естіп-білем. Естуімше, ол мамырдың 24-і күні бастаған аштықты әрі қарай жалғастырып жатыр. Тек су мен шай ғана ішеді. Қазір денсаулығы сыр бергеннен кейін кейін таңертеңгі асын аздап ішіп жүр, – деген еді Василий Чепурной.

Оның айтуынша, Наталья мен оның жақындарына қоқан-лоққы көрсетілген.

Сұхбаттасымыздың сөзіне қарағанда, полиция өкілдері Натальяны «кінәсін» мойындатқызуға тырысқан. «Бейнекамераға өзінің қателігін мойындайтынын, оған өкінетінін, қойған талаптарының заңсыз екенін айтқызуға тырысқан. Бірақ Наталья одан бас тартқан» деген болатын қамаудағы заңгердің күйеуі.

Василий Чепурной үйінде өзі жоқ кезде белгісіз адамдардың есікті бұзып кірмек болғанын айтқан:

– Терезелерге темір тор орнатылған. Темір есіктің екі құлпын бекіткенім қандай жақсы болған. Жоғарғы жағын ашып, төменгісін ашуға ақылы жетпегенге ұқсайды. Бірақ оны дәлелдеу қиын. Себебі есік ашылмаған.

Біз осы жайттарға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызбен еш жауап ала алмағанбыз.

ЕРЕУІЛШІЛЕР ЗАҢГЕРІНІҢ СОТЫ

Наталья Соколованың соты 28 шілдеде басталып, жабық түрде өтті. Сотқа туыстары мен таныстары кіргізілген жоқ, тек адвокаты ғана қатысты.

Наталья Соколова сот барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады. «Арбитражға қатысу, айлықты салыстыру және коэффициентті талқыға салу, кәсіподақ жиналыстарын өткізу – жұмысшылардың заңды

"Қазмұнайгаз" компаниясының Астанадағы ғимараты. (Көрнекі сурет)

құқықтары, кәдімгі нәрселер» деген еді мұнайшылар кәсіподағының заңгері.

Ал «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы Азаттық радиосына берген жауабында Наталья Соколованы «Қаражанбасмұнай» және «Өзенмұнайгаз» кен орындарында мамырдан бері жалғасып жатқан ереуілдердің ұйымдастырушысы, арандатушы деп атаған.

«Қаражанбасмұнай» компаниясындағы ереуіл 17 мамырда, «Өзенмұнайгаздағы» ереуіл 26 мамырда басталған. Сот 20 және 27 мамыр күндері бұл ереуілдерді заңсыз деп тапты.

Ереуілшілер жалақыны көбейтуді, қосымша өтемақы төлеуді талап етіп тұр. Олардың тағы бір талаптары - кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы босату болатын.

Қарсылық акциясы басталғалы жүздеген адам (соңғы дерек бойынша, 416 жұмысшы) жұмыстан шығарылды. Мұнай компаниясы басшылығы босаған орындарға мыңдаған адамнан өтініш түскенін мәлімдеді.

Маңғыстау облысының Бозащы түбегіндегі мұнай кенін игеріп жатқан «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы компаниясының 2007 жылғы 12 желтоқсаннан бергі иелері – Қытайдың CITIC (China International Trust & Investment Corp.) Group мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы.

Наталья Соколова бұрын «Қаражанбасмұнай» компаниясы кадр департаментінің бастығы болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG