Accessibility links

Қаражанбас кенішіндегі мұнайшылар ереуілдеп жатыр


Маңғыстау облысы Бозащы жарты аралындағы Қаражанбас мұнай кеніші.

Маңғыстау облысы Бозащы жарты аралындағы Қаражанбас мұнай кеніші.

Маңғыстау облысындағы Бозащы жарты аралындағы Қаражанбас мұнай кенішінде жұмысшылар наразылығы әлі жалғасып жатыр.


Мұнай кенішіндегі жұмысшылар еңбекақы мөлшерін ұлғайтуды және тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құруға кедергі келтірмеуді талап етіп отыр.

КЕНІШ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ

Азаттық тілшісіне хабарласқан кеніш мұнайшылары кәсіпорын басшылығына қандай талап қойғандары туралы айтып берді.

- Жұмысшылар жалақыны өсіруді және Қаражанбастың тәуелсіз кәсіподағына қысым көрсетуді тоқтатуды талап етіп тұр. Біз наразылық акциясына дайындалып жатқанымыз жайлы компания басшылығына алдын-ала ескерткен болатынбыз, - деді наразылық танытушылардың бірі Қуаныш Сисенбаев.

Оларға құқықтық қолдау көрсетіп жүрген заңгер Наталья Соколованың айтуынша, жұмысшылар наразылығы мамырдың 8-інде басталған. Кейінен кәсіподақ ұйымына қатысты талаптарының бірқатары орындалатындығына уәде етілген соң ғана аштық акциясы бір-екі күнге тоқтаған. Алайда іс жүзінде уәденің орындалмағанын көрген жұмысшылар мамырдың 12-сі күні аштық акциясын қайта жалғастырған.

- Осы күнге дейін мұнайшылар наразылығын елеп-ескеріп, оларды мәмілеге шақыруға тырысқан билік өкілдерін көргеміз жоқ. Бүгін үшінші тәулікке ұласқан аштық кейбірінің денсаулығына кері әсер етіп отыр, - деп мәлімдеді Наталья Соколова Азаттық тілшісіне.

Мұнайшылардың айтуынша, олардың біразы ішінара аштық жарияласа, бірқатары тамақ ішуден біржола бас тартқан. Ал мамырдың 17-сі күні Қаражанбас жұмысшылар кәсіподағы белсенділерін заңгер Наталья
Бізді "ұжым ішінде алауыздық тудырып, мұнайшыларды наразылық акциясына шақырып жүр" деп айыптап отыр
Соколовамен бірге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне шақыртқан екен.

- Бізді "ұжым ішінде алауыздық тудырып, мұнайшыларды наразылық акциясына шақырып жүр" деп айыптап отыр, - деді телефон арқылы хабарласқан Наталья Соколова Азаттық тілшісіне. Ол өзінің үш мәрте шақырту қағазын алғанын айтып берді.

Ал сол күні кешке қарай полицияға түсініктеме жазудан бас тартқан кәсіподақ белсенділері Қаражанбас кенішіндегі мұнайшыларға қарай жол тартқан болатын. Солардың бірі Сұлтан Есбаевтың сөзіне сүйенсек, ауысымдары бітіп, демалыста жатқан компанияның өзге мұнайшылары да оларды қолдауға бет алған.

- Жұмысты тоқтатқан әріптестерімізді қолдауға келе жатырмыз. Талабымыздың бірі - өз тәуелсіз кәсіподағымызды құру. Екі ауысымда 4000-ға жуық адам еңбек етеді, - дейді Сұлтан Есбаев.

Аздан соң Қуаныш Сисенбаев ереуілге шыққандарға «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғам басшылығы мен заң органдары өкілдері келіп жеткендігін хабарлады.

- Дау әлі шешілген жоқ, бірақ біз талабымыз орындалғанша тапжылмаймыз, - деді Қуаныш Сисенбаев.

«Қаражанбасмұнай» төңірегіндегі наразылық жайлы түсініктеме беруді сұраған Азаттық тілшісіне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы баспасөз қызметі нақты оқиғадан хабарсыз екендіктерін айтып, мәлімет беруден бас тартты. Ал «Қаражанбасмұнай» кәсіпорнының қабылдау бөлмесінің телефондары күні бойы қоңырауға жауап бермеді.

Маңғыстау облысының Бозащы жартылай аралындағы мұнай кенішін игеріп жатқан «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы компаниясы 2007 жылғы желтоқсанның 12-сінен бері CITIC Group қытай мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қазақ мұнай компаниясының меншігі болып саналады.

«ҰЖЫМ ЕКІГЕ БӨЛІНДІ»

«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының кәсіподағы төңірегіндегі тартыс басталғалы біраз уақыт болған. Мамырдың 12-сінде еңбек ұжымының жалпы жиналысы өтіп, ортақ дауыспен кәсіподақ ұйымы жетекшілігіне Ербосын Қосарханов тағайындалған.

- Біздер Қосархановтың кәсіподақ ұйымы құжаттары мен мөрін қайтарып беруді талап етіп отырмыз. Ол біздің сенімімізді ақтамай, еңбек дауын шешуге
...үміт артқан кәсіподағымыз кәдімгі қолбалаға айналды
келгенде басшылардың сөзін қолдап, солқылдақтық танытты. Бір сөзбен айтқанда үміт артқан кәсіподағымыз кәдімгі қолбалаға айналды. Бүгін бүкіл ұжым кәсіподақ ұйымы төрағасының орынын босатуды талап етті, оны қолдап отырған айналасындағы саусақпен санарлық топ қана, - дейді Қуаныш Сисенбаев Азаттық радиосына мамырдың 17-і күні.

«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде «Қаражанбас жұмысшылары кәсіподағы» қоғамдық ұйымы ішінде іріткі пайда болып, екіге бөлінгені туралы айтылған.

«Топтың бірін заңсыз түрде жалақыны көтеруді талап етіп жүрген кәсіподақ комитетінің заңгері Н.Соколова басқарады. Әңгіме - 1,7 және 1,8 коэффициенттерін енгізу, зиянды жұмыс жағдайы үшін қосымша төлем төлеу туралы болып отыр. Компания бұл 1,8 коэффициенті мен зиянды жұмыс үшін қосымша төлем төлеу талаптарын заңсыз деп санайды. Ал аймақтық 1,7 коэффициенті 1997 жылғы жұмыс берушінің бұйрығы негізінде жалақыға қосылған» делінген компания мәлімдемесінде.

Сондай-ақ бұл баспасөзге арналған ақпаратта Наталья Соколова мен оның жақтастарының даулы 1,8 коэффициент пен тиісті әлеуметтік төлемдерді төлете алмағаны үшін кәсіподақ комитетінің төрағасы Ербосын Қосархановты қызметінен алуды талап ететіні айтылған.

«Ал 2010 жылдың қарашасы мен 2011 жылдың ақпаны аралығында жасалған өзара келісім шеңберінде жұмысшылар талабының орындалуына кәсіподақ жалдаған заңгер ретінде жәрдем көрсете алмағанына көзі жеткен тағы бір топ Е.Қосархановты жақтап отыр. Бұл топтың өкілдері Н.Соколова ұжым алдында берген уәдесін орындамады деп санайды» деп жазылыпты.

«Қаражанбасмұнай» баспасөз қызметі мамырдың 12-сі күні кәсіподақ ұйымы төрағасын жақтаған алтаудың «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының кеңсесі алдында аштық акциясын жариялағанын айтады.

«Олар Н.Соколованы жауапқа тартып, С.Есбаевты жұмыстан босатуға және еңбек заңдылығына жалқыны өсіруге мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұраған» деп хабарлайды «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының баспасөз қыметі.

Алайда компания басшылығы мұнадай жолдармен келіссөз жүргізу мүмкін еместігін көлденең тартып, мұнайшыларға өз құқықтарын заңды жолмен қорғауды ұсынған болатын.

Бұған дейінде қаңтар айының соңында Қаражанбас жұмысшылары кәсіподағы белсенділері өздерін әлдебір бұзақылардың кеніш басында ұрып кеткені туралы хабарлаған еді. «Жапа шеккендердің шағымына қарамастан полиция бұл мәселені тергеуден бас тартты» дейді Наталья Соколова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG