Accessibility links

Ақтауда әкімдік алдына жиналған мұнайшылар тарады


Мұнайшылар Маңғыстау облысы әкімшілігінің алдында отыр. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Мұнайшылар Маңғыстау облысы әкімшілігінің алдында отыр. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облыстық әкімдігі алдына жиналған Қаражанбас кеніші жұмысшылары маусымның 3-і күні кешке қарай облыс әкімімен кездесті.


Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың кеңесшісі Жанат Ойшыбаеваның мәлімдеуінше, 10 адамнан құрылған мұнайшылар өкілдері әкіммен жолығып, талаптарын талқыға салған.

Алайда Азаттық тілшісіне хабарласқан мұнайшылар әкіммен кездесудің нәтижелі болмағанын айтады.

– Әкім біздің әрекетіміздің заңсыздығынан басқа жауап айтпады. Алайда біз құқымызды қорғап жүрген заңгер Наталья Соколова шыққанша қойған талабымыздан бас тартпаймыз. Ал Соколованы маусымның 1-і күні тағы 3 күнге абақтыда қалдырған еді. Ол ертең бітуі керек, – деді аты-жөнін айтудан бас тартқан мұнайшылардың бірі.

МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫ

Маусымның 2-сі күні Маңғыстау облысы әкімдігі алдына жиналған Қаражанбас кеніші мұнайшыларының отбасы әкімнің көмегімен өздерінің
Әкімшілік ғимараты алдында отырған мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

мұң-зарына президент Назарбаевтың назарын аудартуды мақсат етіп тұрғандарын мәлімдеген болатын. Оған қоса жұмысшылардың құқын қорғап жүрген заңгер Наталья Соколованы қамаудан босатып, тәуелсіз кәсіподақ еркіндігіне мүмкіндік беруді, кәсіподақ төрағасы Е.Қосархановтың қызметінен кетуін талап еткен еді.

Қаражанбас мұнайшылары бұл талаптарын мамырдың 16-сынан бері қойып келеді. Содан бері аштық жариялаған үш жұмысшы ауруханаға түскен. Мұнайшылардың айтуынша, өздеріне сырттай демеу көрсетіп жүрген бір маман – Сәбит Кенжебаев көз жұмған.

ӘКІМНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Маусымның 3-і күні кешке қарай Маңғыстау облыстық әкімі баспасөз қызметі жұмысшылар мен әкімнің кездесуі жайлы ресми ақпарат таратты. Онда Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысындағы жағдайдан мемлекет басшысы мен үкімет хабардар екендігін мәлімдеген.

Облыс әкімі тәуелсіз заңгер Н.Соколоваға қатысты пікірін былай тұжырымдайды: «Н.Г.Соколова заңгер ретінде, жұмыскерлерге
Маңғыстау облысы әкімшілігі ғимараты. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

практикалық, атап айтқанда, сотқа талап-арыз дайындап, құқықтық көмек көрсетудің орнына кәсіпорынға елеулі зиян келтірген заңсыз наразылық акцияларын ұйымдастырушы болды. Бұл ретте, осындайлардың кесірінен, жұмыстан шығарылып, жалақысын жоғалтып және негізсіз көтерілетін жалақыны алуға деген үміт елесінен жұмысшылардың өзі зардап шегуде».

Мекеме кеңсесінде көз жұмған марқұм Сәбит Кенжебаевтың «өлімінің себебі – жүрек қыспасы ауруы болған. Осы ретте кейбіреулердің өздерінің пайдакүнемдік мүдделеріне қол жеткізу үшін осы қайғылы фактіні бопсалауы арға жат және оған жол беруге болмайды» дейді облыс әкімі.

Әкім жұмысшылар наразылығын «жоспарланған акция» дейді. Ендігі мәселе сот шешімі негізінде жергілікті атқарушы органдар құқықтық алаңда ғана әрекет жасайды.

– Сіздерге келсек қойып отырған талаптар заң талаптарына сәйкес емес. Заңсыз әрекет жасауға болмайтындығын түсінуге тиіссіздер, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚҚАНДАР ЖҰМЫСТАН ШЫҒА БАСТАДЫ

«Екі аптадан астам уақыттан бері компания басшылығы мен билік өкілдері назар аудармады» деп наразылық білдірген Қаражанбас мұнайшылары қудалауға ұшырай бастағандарына айтып шағымданады. Ереуілге шыққан белсенділердің бірі Қуаныш Сисенбаев маусымның 2-сі күні ескерту қағазын алғанын хабарлады. Ол өзін полиция қызметкерлері тұтқындамақ болғанын айтады. «Бірақ жиналған жұрт оған мүмкіндік берген жоқ» дейді ол.

Қаражанбастықтарға қолдау көрсету мақсатында Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрамындағы бірқатар мекемелер жұмысшылары да мамырдың 26-сынан бері аштық жариялап, жұмысты тоқтатқан еді.

Маусымның 3-і күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнайдағы» жағдай туралы өз көзқарастарын білдірді. Таратылған ақпараттық хабарламаға сүйенсек, компания еңбек тәртібін бұзып, жұмысқа шығудан бас тартқан жұмыскерлермен еңбек келісімшартын бұзып жатыр. Қазірдің өзінде «Өзенмұнайгаз» мекмесінде ереуілге қатысқан 62 адам жұмыстан шығарылса, «Қаражанбас» компаниясынан 72 адам жұмыстан босатылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG