Accessibility links

Ереуілші мұнайшылар «Нұр Отанға» партбилеттерін қайтарып берді


«Нұр Отан» партиясының Астанадағы қалалық филиалының кеңсесі. (Көрнекі сурет)

«Нұр Отан» партиясының Астанадағы қалалық филиалының кеңсесі. (Көрнекі сурет)

Бүгін Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мұнайшылары «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығу жөніндегі арыздары мен партиялық билеттерін ресми түрде тапсырды.


Жаңаөзендік мұнайшылар билеттері мен партия қатарынан шығу туралы арыздарын Жаңаөзен қаласындағы «Нұр Отан» партиясы филиалына апарып тапсырғандарын айтады.

МҰНАЙШЫЛАР БЕРГЕН «ТӨРТ ЖАРЫМ МЫҢДАЙ АРЫЗ»

– Үш мыңға жуық арызды Жаңаөзендегі «Нұр Отан» партиясы филиалы басшысы Көшбай Қызанбаевқа апарып тапсырдық. Оған тағы бір мекемеден келіп тапсырылған мың жарымдай арыз қосылды, – деп хабарлайды «Өзенмұнайгаз» компаниясы машинисі Роза Төретаева.

Оның айтуынша арыз тапсырғандардың біразы қолда бар партия билеттерін қоса өткізген.

– Бірақ көбі партбилеттерін бере алмады. Өйткені олар оны бұған дейін жыртып тастаған еді, – дейді Роза Төретаева.

Мұнайшылар белсендісінің сөзіне сүйенсек, арыздарын тапсырған мұнайшылар «бәрі қолында бола тұра талаптарының жүзеге асырылуына
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

септігі тимеген билікке көңілі қалғандарын» жергілікті партия басшысына тағы бір рет ескерткен.

– Бірақ Жаңаөзен қалалық «Нұр Отан» партиясы басшысы «қолымызда билік жоқ, біз тек ықпал етеміз, билік – әкімде» деп алдаусыратқысы келді. Сонда қалай – полиция, сот, әкім барлығы осы партия мүшелері емес пе? Сот отырысының барлығы бір жақты өтеді. «Осы уақытқа дейін сотқа беріп, жеңіске жеткен бірде-бір жұмысшыны көргеміз жоқ» деп шығып кеттік, – дейді Роза Төретаев.

Оның айтуынша, мұнайшылар арыздарын кеше, тамыздың 10-ынан бері өткізе бастаған. Бірақ онда арызданушылардың жұмыс орыны көрсетілмегендіктен қабылданбаған екен.

«НҰР-ОТАН» АЛҒАН 1089 АРЫЗ

Алайда Жаңаөзен қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы Көшбай Қызанбаев «арызданушылардың оншалықты көп еместігін» айтады.

– Біздің санауымыз бойынша берілген арыздар саны – 1089. Партияда мүлдем жоқ адамдар да арыз жазған. Енді ережеге сай бастауыш партия ұйымдары жиналыс өткізіп, әр мүшені бір-бірлеп шақырып, шығу себебін анықтайды. Содан соң хаттамалар жасалып, ол орталық филиалға, одан әрі бюрода қаралып, шешім қабылданады, – деп мәлімдеді Көшбай Қызанбаев Азаттық тілшісіне.

Естеріңізде болса, тамыздың 8-і күні Жаңөзен қаласындағы әкімшілік маңындағы орталық алаңға топтасқан мұнайшылар «Нұр Отан»
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясын парламент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады. Астана, 18 тамыз 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдап, өздерінің партия қатарынан шығатындарын мәлімдеген болатын. Олар мамыр айының соңынан бері созылып келе жатқан ереуілдеріне биліктен де, партиядан да қайыр болмағанын айтып, реніштерін білдірген еді.

Бірақ тамыздың 9-ы күні баспасөз мәлімдемесін таратқан «Нұр Отан» партиясы бұл ақпаратты жоққа шығарып, керісінше сол ереуіл жүріп жатқан мамыр-тамыз аралығында партия қатарының 882 адамға толыққанын, соңғы аптада партия қатарынан шығуға ешбір өтініш түспегенін хабарлаған еді.

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы ақпараты мәлімдемесіне сүйенсек, Жаңаөзен қаласындағы мүшесі – 10 мың адам. Оның 7265-і – «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары.

«ДЕРБЕС КӘСІПОДАҚ КЕРЕК»

«Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Мұхтар Үмбетовтің пікірінше, үш айға жуық ереуілдегенімен, нәтижеге жете алмай тұрған жаңаөзендіктер мен қаражанбастықтардың басты проблемасы – ортақ ұйымның жоқтығында.

– Олардың басында тіркеуден өткен, жарғысы бар ұйым тұруы керек. Басқа жағдайда ереуілдеген мұнайшылар тек анархия, түрлі авторитеттер мен бастамашылар түрткі болатын топ ретінде ғана көзге түседі және мәселесі шешілмейді. Оларға дербес кәсіподақ керек. Бірақ, өкінішке қарай, жұмыс беруші мұндай кәсіподақтармен жұмыс жасауды құптамайды, – дейді Мұхтар Үмбетов.

Жұмысшылар өздерінің ондай құқықтары бар екенін де білмейді. Ең бастысы – олардың құқықтық сауатын ашуға ешкім де ұмтылмады.

– Ереуілге шыққан мұнайшылар енді бір ұйымның төңірегіне топтасу арқылы ғана талаптарына жете алатынын түсінуі керек. Мұндай ұйымның қажет екенін уақыт өзі діттеп келеді, тек оны ешкім мойындамай отыр. «Өзенмұнайгаз» бен «Қаржанабасмұнайдағы» жағдай Қазақстан кәсіподақтары федерациясының жұмыс істеуге әлі келмейтіндігін көрсетіп отыр, – дейді Мұхтар Үмбетов.

Дүйсенбі күні Ақтау қалалық соты «Қаражанбасмұнай» компаниясы мұнайшыларының белсендісі, кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG