Accessibility links

Кәрім Мәсімовтің "көрінбейтін" жұмыс стилі


Кәрім Мәсімов алғашқы премьерлігі тұсында. Бішкек. 16 қыркүйек 2011 жыл.

Кәрім Мәсімов алғашқы премьерлігі тұсында. Бішкек. 16 қыркүйек 2011 жыл.

Кәрім Мәсімовтің премьер-министр қызметіне екінші рет тағайындалғанына бір жыл толды. Осы аралықта ол көпке көрінбейтін тұйық саясаткерге айналды.

Алғашқы премьерлік қызметінде әлеуметтік желіні белсенді қолданған Кәрім Мәсімов қайта тағайындалғаннан кейін көпшілік назарынан алыстай түсті.​

«БЛОГЕР МӘСІМОВ»

Кәрім Мәсімовтің Твиттер, Фейсбук тәрізді әлеуметтік желідегі жазбасы 2012 жылы премьер-министр қызметінен кеткенде тоқтады. Бір кездері танымал блогерге айналған Мәсімовтің парақшасы содан бері мүлде жаңарған жоқ.

2008 жылы 12 желтоқсанда «Эхо Москвы» радиосына берген сұқбатында «Өзім интернетчикпін, өзім блогермін» деген Мәсімов арада бір ай өтпей қазақстандық саясаткерлердің ішінде алғаш болып үкімет сайтында жеке блогын ашқан. Мұны өзі «елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты сапалы, қызықты және пайдалы ақпараттар беру» деп түсіндірген еді.

Кәрім Мәсімов алғашқы премьерлігі тұсында үкімет отырысынан онлайн-трансляция жасаушы премьер-министр ретінде есте қалды. Бұл жөнінде өзінің твиттер парақшасында жазған хабарына жұртшылық айтарлықтай назар аударған. Ол 2010 жылдың қыркүйектің 27-сіне алғаш рет үкімет отырысынан онлайн-трансляция жасап көрді.

Кәрім Мәсімов сол кезде әлеуметтік желіні үкімет жұмыстарын насихаттауға пайдалануға тырысты. 2011 жылдың жазында Байқоңырдан KazSat-2 спутнигінің ұшырылу сәтінен твиттер-трансляция жасауды ұсынып, бірнеше блогерді өзімен бірге ерте барған.

Кәрім Мәсімов екінші премьерлігі тұсында. Aстана. 23 мамыр 2014 жыл.

Кәрім Мәсімов екінші премьерлігі тұсында. Aстана. 23 мамыр 2014 жыл.

2011 жылы күзде Мәсімовтің твиттер аккаунты Астанадағы ең үздік микроблогтардың бірі ретінде танылып, 2012 жылы Мәсімовтің өзі фоллоуерлері 50 мыңға жеткенін хабарлаған. Ағылшын тілінде де твиттер аккаунт ашқан ол ауық-ауық қазақ, орыс, түрік және араб тілінде түрлі мерекелермен құттықтап тұратын.

2011 жылы твиттерде Кәрім Мәсімов Азаттық радиосы сайтында онлайн-конференция өткізуге уәде берген. Алайда белгісіз себептермен сол уәде орындалмай, Азаттық оқырмандарының сауалдары жауапсыз қалды.

Премьер-министр онымен қоймай шенеуніктерді де блог жүргізуге міндеттеп, «халыққа жақындауды» тапсырған. Ол «менің блогымды менен бұрын шенеуніктер оқиды, сондықтан пайдасы көп» деген еді.

«ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ДАЙЫНДЫҚ»

Кәрім Мәсімов үкіметі бұл тәжірибені 2011 жылы желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін де қолданып көрді. Үкіметтің ұйымдастыруымен Жаңаөзенге барған бір топ блогер әлеуметтік желіде Жаңаөзендегі қалпына келтіру жұмыстарының «қарқынды жүріп жатқанын» хабарлаумен болды.

Интернет ресурстармен құлшына айналысқан Кәрім Мәсімов дәстүрлі БАҚ болашақта блогерлермен бәсекелесе алмайтынын мәлімдесе де премьер-министр туралы ақпаратты ресми БАҚ еш үзген емес.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов (оң жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Нұр Отан" партиясының жиынында. Aстана. 11 наурыз, 2015 жыл.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов (оң жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Нұр Отан" партиясының жиынында. Aстана. 11 наурыз, 2015 жыл.

Жеке өмірі мен отбасы туралы ақпаратты мейлінше жабық ұстайтын шенеуніктер арасынан тағы да Мәсімов дара көрініп, 2012 жылы қаңтардың 15-інде парламент мәжілісінің сайлауына барған сәтін әлеуметтік желіге фотосуретімен қоса салды. Сайлау бөлімшесінде дауыс беріп жатқан Мәсімовтің өзі, әйелі - Дилярам және кіші қызы Сара да үшеуін суретін ресми БАҚ та қайтара жариялап жатты.

Премьер-министрдің жаңа медианы белсенді пайдалануы сол кезде түрліше болжамдарға себеп болды. Қарапайым жүршылыққа ықпал етудің жаңа құралы пайда болды деп санаған саясаттанушылар Кәрім Мәсімовтің белсенділігін келешекте президент болуға дайындық есебінде бағалады.

ТҰЙЫҚ ПРЕМЬЕРДІҢ «ЖАБЫҚ» САПАРЛАРЫ

Алайда Кәрім Мәсімовтың блогерлігі мен әлеуметтік желідегі белсенділігі 2012 жылы қарашаның 23-іне премьер-министрлік қызметінен кеткеннен кейін кілт тоқтап қалды. Есесіне, Мәсімовтің екінші рет премьер болып тағайындалғаннан кейін облыстарға «жабық» сапары көбейді.

2014 жылы шілденің 9-ында «Кәрім Мәсімовтің Орал қаласына келетіні туралы баспасөзге хабарланбады, тіпті оның әрі қарай қай жерлерді аралайтыны да құпия болып қалды» деп жазды жергілікті тәуелсіз басылымдар. Кәрім Мәсімов Оралдан бұрын Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарына да да осылайша құпия барып, не мақсатпен келетінін баспасөзге айтпаған болатын. Премьердің баспасөз қызметі мұны Азаттық тілшісіне «Жай жұмыс сапары болғандықтан БАҚ-қа хабарлама жіберген жоқпыз,-деп түсіндірген.

Кәрім Мәсімов екінші рет тағайындағаннан кейін үкімет отырысынан онлайн-конференция өткізбек түгілі, оған баспасөз өкілін кіргізуді де доғарды. Есесіне, үкімет мүшелері өз отырыстарынан кейін Қазақстан президенті әкімшілігі жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде брифинг беруді дағдыға айналдырды. Алайда кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында орталық коммуникациялар қызметіндегі тікелей трансляция тоқтатылып, сондағы брифингтер монтаждалған үлгіде көрсетіле бастады.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ АДАЛ КӨМЕКШІСІ»

Саясаттанушылар Мәсімов стилінің өзгеруін жоғарғы биліктегі ойын ережесімен байланыстырады.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің айтуынша Қазақстандағы қазіргі ақпараттық саясат бойынша мемлекет басшысы ғана дара көрсетіліп, қалған жоғары лауазымды шенеуніктер көлеңкеде қалады.

- Бұл бір жағынан Кәрім Мәсімовтің өз стилі болса керек. Қазіргі саяси билік жүйесінде оның екінші, үшінші рөл атқаратыны түсінікті. Ол өзінің саясаткер, менеджер ретінде уақытша отырғанын және өзінің әрі қарайғы мансабы қазіргі өзін-өзі ұстауына байланысты екенін, сол себепті көзге түсе берудің қажеттілігі жоқ екенін түсінген сияқты,-дейді Андрей Чеботарев.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым «соңғы бес-алты жылда жоғарғы билікте белгілі бір өзгерістер байқалғаны» айтады. Оның сөзінше «президенттен өзге белгілі шенеуніктердің эфирге шығуы, сұқбат беруі, интернетте, не болмаса басқа жерлерде көрінуі, тіпті біреудің оны мақтағанының өзін президентке жау, президентке қасақана жасаған, есеп жинаған, өзіне пияр жасаған деп саналатын мәдениет қалыптасқан».

Саясаттанушы Айдос Сарым.

Саясаттанушы Айдос Сарым.

- Премьер-министрді айтпағанда әкімдер де, министрлер де баспасөзге шығудан бойларын аулақ салады. Ол бүгінгі саяси жүйенің ішіндегі жазылмаған ойын ережесіне байланысты. Осы жүйенің белді мүшесі ретінде бұл ойын ережесін табиғатынан сақ Кәрім Мәсімов өте жақсы біледі. Журналистерді үкіметтің апта сайын жиынына да қатыстырмайтын болды, өзі блог жүргізбейтін болды. Министрлер де блог атаулыны атымен ұмытты. Бұрын әйтеуір олардың блогтарындағы пікірлер кәдімгідей ақпарат көзі болатын. Қазір ол атымен жоғалды. Бұл да қоғамның тұйықталуына, биліктің өз жұмысын халыққа түсіндіру жұмыстары далада қалғанын көрсетеді,-дейді Айдос Сарым.

2000 жылдан бастап түрлі министрліктерді басқарған Кәрім Мәсімов премьер-министр қызметіне екі рет тағайындалған. 2007-2012 жылдары үкімет басқарған ол бұл қызметте ең ұзақ отырған адам ретінде сипаталған. 2014 жылы сәуірдің екісіне қайта тағайындалғанда ол президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «адал көмекші» болып қала беретін тағы да еске салған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG