Accessibility links

Қашаған жобасы тағы тоқтап тұр


Қашаған мұнай кеніші. 30 маусым 2013 жыл.
Қашаған мұнай кеніші. 30 маусым 2013 жыл.

Қазақстанның мұнай және газ министрінің есебінше, елдегі ең ірі кеніштегі мұнай өндіру жыл соңына қарай қайта басталады. Сарапшылар «жоба болжағаннан аз пайда табады» дейді.

Каспий теңізі қайраңында 2000 жылы ашылып, игеріле бастаған Қазақстанның ең ірі кенішінен мұнай өндіруді бастау бірнеше мәрте кейінге қалдырылып келді. Биыл 11 қыркүйекте іске қосылған Қашағанда бірнеше рет апат болып, қазір тағы тоқтап тұр.

Осы сәрсенбіде журналистердің сұрақтарына жауап берген Қазақстан мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарбалин «Қашағаннан мұнай өндіру жыл соңына қарай қайта басталуы мүмкін» деп мәлімдеді.

«Бұл мерзім қазір жүргізіліп жатқан барлық сараптамалардың қорытындысы шыққан соң белгілі болады. Олар желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін. Мердігерлер солай деп отыр» дейді Ұзақбай Қарабалин.

Алғашқы апат қыркүйектің 25-інде, яғни ұзақ күттірген жоба іске қосылған соң екі аптадан кейін болды. Ол кезде «D жасанды аралынан келетін газ құбыры жарылды» деп хабарланған. Қашағандағы жұмыстар 7 қазанда қайта басталғанғанымен, қазір онда мұнай өндірілмей тұр.

Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарасты экономика институты профессоры Олег Егоров Қашағаннан мұнай өндірудің тоқтап қалуы шетелдік
Қашаған мұнай кеніші. 21 тамыз 2013 жыл.
Қашаған мұнай кеніші. 21 тамыз 2013 жыл.
инвесторларға тиімсіз деп есептейді.

– Жобаны іске қосу мерзімі бес мәрте кейінге қалдырылды. Демек мұнай тиісті көлемде өндірілмеді. Ал жобаға миллиардтаған доллар құйған компаниялар мұнай өндірудің үнемі кейінге қалдырудан ұтпайды ғой. Сондықтан олар жұмысты тезірек қайта бастап, мұнай өндіріп, осы уақытқа дейін жұмсаған қаражатын ақтап, пайда тапқысы келеді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшысы Бэла Сырлыбаева Қашағандағы аптаттың жиілеп кетуін кеніштің ерекшелігімен байланыстырады.

– Бүгінге дейін Қашаған игерілуі ең қиын, ең қымбатқа түскен жоба болды. Оны іске қосудың өзі бірнеше жыл бойы кейінге қалдырылып келді. Қатарынан бірнеше рет болған техникалық апаттардың кесірінен тоқтап қалып жатыр. Бұл кеніштің ерекшеліктері мен нақты қиындықтары толық ескерілмеуінен сияқты. Атап айтқанда, таяз су жағдайында бұрғылау мен құбыр тартудың басқаша тәсілдері қолданылуы, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де жолы басқа болуы тиіс, – дейді Бэла Сырлыбаева.

Оның пікірінше, Қашаған Қазақстанға мол пайда әкеледі деген үміт ақталуы тиіс.

– Мұнай бағасы динамикасын да ескерген жөн. Әлемде энергетикалық сала барған сайын әртараптанып барады. Қазір әлемдік энергетикалық баланста
Қашаған кеніші. 21 тамыз 2013 жыл.
Қашаған кеніші. 21 тамыз 2013 жыл.
өмірсутегі басымдыққа ие болғанымен, мұнай отын көзінің монополиялық түрі болудан қалып барады. Бірақ әлем экономикасының мұнайға тәуелділігі әлі жоғары, – дейді Бэла Сырлыбаева.

Профессор Олег Егоров бұл жобадан болжанған пайда түседі дегенге сенбейді. Оның айтуынша, Қашағанның 1-1,2 миллиард тонна мұнай деп бағаланған қорының ең көп дегенде 40-50 пайызын ғана өндіруге болады. Ал «қалғанын өндіретін технологиялық тәсілдер жоқ».

– Ары кетсе, 500 миллиондай тонна ғана өндіре аламыз. Егер жылына 40-50 миллион тонна алсақ, Қашаған мұнайы небәрі 10 жылға жетеді, – дейді он.

Қашаған кен орны – Солтүстік Каспийдегі миллиардтаған баррель қоры бар ірі мұнай кеніші. Халықаралық консорциумды North Caspian Operating Company B.V. компаниясымен бірлесіп басқарады.
XS
SM
MD
LG