Accessibility links

Қашағанның мұнайынан Қазақстанға қандай пайда бар?


Қашағандағы Болашақ зауыты. 30 маусым 2013 жыл.

Қашағандағы Болашақ зауыты. 30 маусым 2013 жыл.

Қазақстан Каспийдегі Қашаған кенішінен мұнай ала бастағанын хабарлады. Қашағанды сөз еткен сарапшылар елдегі адам құқығы мен баспасөз еркіндігінің болашағына да алаңдайды.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қашағаннан мұнай өндіріле бастағанын парламент мәжілісінің пленарлық отырысында мәлімдеді. Ол «тәулігіне шамамен 90 мың баррель өндіретін төрт мұнай скважинасы мен мұнай өңдейтін «Болашақ» зауыты да іске қосылғанын», «Қазтрансойл» компаниясы зауыттан шыққан таза мұнайды резервіне жинаған соң алғашқы экспорт туралы жариялайтынын» айтты.

Соңғы ширек ғасырда әлемде табылған ең үлкен мұнай кеніші ретінде сипатталып келген Қашағанның мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағаланған.

ҚАШАҒАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МҰНАЙ ӨНДІРІСІНЕ ӘСЕРІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған мұнайын игеруге байланысты алғашқы мәлімдемелерінде, яғни 2003 жылы елдің мұнай өндірісі сол кездегі 50 миллион тоннадан артатынын айтқан. Ол елдің мұнай шығару қарқыны «2015 жылға қарай 180 миллион тоннаға жететінін, Қазақстан мұнай өндіру жағынан алғашқы 10 елдің ішіне кіретінін» жария еткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қашағандағы Болашақ зауытында отыр. 30 маусым 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қашағандағы Болашақ зауытында отыр. 30 маусым 2013 жыл.

Алайда бұл екпін, мұнай саласындағы шенеуніктердің сөзіне қарағанда, уақыт өткен сайын төмендеген. Мысалы, 2015 жылы сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Қазақстан «2016 жылы – 80,8 миллион тонна, 2017 жылы – 86,0 миллион тонна, 2019 жылы 93 миллион тонна мұнай алады» деп мәлімдеген.

Қазақстан Қашаған кенішінен 2005 жылдан бастап мұнай өндіруді көздеген. Бірақ ол жоспары түрлі себептерге байланысты кейінге қалған.

2012 жылы сол кездегі мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қашаған кеніші 2013 жылы көктемнен бастап игеріле бастайтынын парламентте айтып, бюджетке түсетін қаржыны да ескеріп қоюды сұраған. Айтылған уақытта алғашқы мұнай өндірілгенімен, көп ұзамай Қашаған мұнайын құрлыққа шығаратын құбыр жарылып, ел бюджетіне қомақты қаржы түспей қалған.

Каспийдегі Қашаған кен орны. 7 сәуір 2013 жыл.

Каспийдегі Қашаған кен орны. 7 сәуір 2013 жыл.

Мұнай-газ саласына қызмет көрсететін компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов Қашағанды игеру баяу жүргенін «бұл жоба қымбатқа түседі» деп болжаған ірі инвесторлардың ауысуынан, қазақстандық компаниялардың батпақпен және құрлықпен өтетін құбыр салудағы тәжірибесіздігінен көреді. Маман Қашағанның мұнайы Қазақстанның бұл нарықтағы көрсеткішіне сәл де болса әсер етерін айтады.

– Қазақстан 2014 жылы 81 миллион тонна мұнай өндіріп, өз тарихындағы биік межеге жеткенімен, ізінше 75-76 миллион тоннаға дейін құлдыраған. Қашаған іске қосылса, қайтадан 5-6 миллион тоннаға артады. Бұл, әрине, қазіргі жағдайда елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жаңа мүмкіндік береді. Экономиканы диверсификациялау үшін де қаржы керек. Әзірге сатуға шықпағандықтан Қашаған мұнайының өзіндік құнын айту қиын, – дейді ол.

Рашид Жақсылықовтың пікірінше, «мұнай дәуірі тезірек біте ме» деп қауіптенетін инвесторлар Қашағанға салған қаржысын тезірек қайтаруға ұмтылады.

Қашағандағы Болашақ зауыты. 30 маусым 2013 жыл.

Қашағандағы Болашақ зауыты. 30 маусым 2013 жыл.

ҚАШАҒАННАН КІМНІҢ ҚАНДАЙ ПАЙДА КӨРЕТІНІ ЖАЙЛЫ

Соңғы жылдары «мұнай бағасының арзандауына байланысты Қашаған кенішінің мұнайы өзіндік құнын ақтамауы да мүмкін» деген күдіктер айтыла бастаған. Кейбір деректерге қарағанда, Қашаған кенішіне соңғы он шақты жылда 48 миллиард долларға жуық қаржы салынған. «Бұл қаржыны шетелдік инвесторлар қайтарып алуы екіталай, сол себепті Қазақстанның пайда көруі қиын» деген пікірлер де туған.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Тұрсынбек Өмірзақов шетелдік инвесторлардың Қашағанға 48 миллиард долларлық инвестиция салғанына да күдікпен қарайды.

– Инвесторлармен келісімшарт құпия екенін, бірақ соның өзінде инвесторлар әуелі өз инвестициясын қайтарып алатыны туралы шарт бар екенін білеміз. Қазіргідей мұнай бағасы арзан болып тұрғанда, инвесторлар 48 миллиард долларын қашан қайтаруы мүмкін? Мұнайды қымбат бағаға сата алмаған инвесторлар роялти мен салық төлеп те жарытпайды, – дейді депутат кезінде Қашаған кенішіне байланысты үкіметке бірнеше рет сұрау салған Тұрсынбек Өмірзақов.

Қашаған кен орны. 21 тамыз 2013 жыл.

Қашаған кен орны. 21 тамыз 2013 жыл.

Бірақ Қашағаннан түсетін роялти мен салыққа қатысты Тұрсынбек Өмірзақовтың пікірінен өзгеше ой айтатын мамандар да бар.

– Қазақстанның Қашаған мұнайын өндіруден табатын пайдасы – роялти мен салық. Сонымен қатар жаңа жұмыс орны ашылады, қазақстандық мұнайшылар теңізден мұнай өндіру тәжірибесін жинақтайды және қазақстандық мұнай саласына жаңа технология келеді. Бұлар да – пайда, – дейді мұнай-газ саласына қызмет көрсететін компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Мұндай пікірді осы айдың басында энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев та айтқан. Ол «мұнай бағасы қалай болса да, Қазақстан роялти мен салығын алып отыратынын» мәлімдеген.

Ал саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев «ел үкіметінің Қашағанға үлкен үміт артып отырғанына қарап Қазақстанның мұнай өндірісіне тәуелділігі қаншалықты күшейгенін айқын аңғаруға болады» деп біледі. Оның сөзінше, Қашаған кенішін игеру экономикалық тұрғыда ғана емес, саяси тұрғыда да Қазақстан билігінің шетелдік инвесторлар алдында тапсырған емтиханы секілді болған.

Бұл Батыс истеблишментінің елдегі қазіргі саяси режимге көзқарасына оң әсер етері анық.

– Ұзаққа созылған Қашаған кенішінің іске қосылуы шетелдік инвесторлар мен Батыстың саяси және қаржы элитасы алдында Ақорданың сенімді экономикалық серіктес ретіндегі абыройын тағы көтереді. Бұл Батыс истеблишментінің елдегі қазіргі саяси режимге көзқарасына оң әсер етері анық. Сол себепті адам құқығы бұзылуы, ұнамайтын ақпарат құралдарының бәсеңдеуі, азаматтардың саяси бостандығына қысым жасалуы фактілері дұрыс қамтылмай, принциптік бағасын ала алмай қалады, – дейді ол.

Қазақстанның Қашаған кенішіндегі үлесін сипаттаған саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев бұл жобаны «үй иесіне қалған-құтқан ғана тиетін дастарханмен» салыстырады.

Қашаған жобасында қазақстандық «Қазмұнайгаз», италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі – 16,81 пайыз), қытайлық China National Petroleum Corporations (8,4 пайыз) және жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыздай) компанияларының үлестері бар.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG