Accessibility links

Қашаған: мұнайшылар талабы қаралатын болды


Каспий теңізінің шельфі. Қашаған кенішіндегі D жасанды аралы. 2009 жыл..

Каспий теңізінің шельфі. Қашаған кенішіндегі D жасанды аралы. 2009 жыл..

Қашағандағы жұмысшылар жалақының төмендігі мен шетелдік ССС компаниясы менеджерлерінің дөрекі кемсітушілік қарым-қатынастарына шағымданып, тамыздың алғашқы үш күнінде наразылық акциясын өткізген еді. Сейсенбі күні кешкісін арнайы құрылған мемлекеттік комиссия барып, мәселемен айналыса бастаған соң ереуіл тоқтатылды деп хабарлайды осы өңірдегі тілшіміз.

Бұдан алдын Қашаған кен орнындағы D жасанды аралында ССС компаниясының жүздеген жұмысшысының ереуілдеп жатқаны жайында хабарланған еді.

«Сейсенбі күні кешкісін аралдағы мұнайшылармен заң орындары мен билік өкілдерінен құрылған арнайы комиссия келіп, екі сағат бойына келіссөздер өткізгеннен кейін біз талаптарымызды қарап, шешу үшін он күн мұрсат беріп, үш күнге созылған наразылық акциясын доғара тұратын болып шештік», - деп хабарлады ереуілшілердің бір өкілі Азаттық радиосының тілшісіне.

«Еңбекақының төмендігі мен компанияиның араб жетекшілері тарапынан кемсітушіліктер кездесетіні турасындағы шағымдар бар. Қашағанға аудандық прокуратура мен ҰҚК, еңбек департаментінің қызметкерлері барып, ереуілшілердің ұзын-ырғасы алпыс- жетпісімен сөйлесті, тексерулер жүріп жатыр»,- деді Азаттық радиосына Мақат ауылының прокуроры Жұбан Қадыров.
Мұнайшылар осылай ереуілдеген болатын. D аралы,
Қашаған кеніші. Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл.
Арнайы комиссияның мүшесі – Атырау облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Әлікқали Дәулетияров шағымданушылар арасында ССС компаниясы ғана емес, «Шыңдар», «Арна» сияқты еншілес кәсіпорындарының жұмыскерлері де бар дейді.

Құрғақ жердегіден гөрі теңіз үстіндегі жұмыстың күрделілігі мен ауырлығын алға тартқан жұмысшылар жалақыны 80 пайыз арттыруды сұрайды, олардың талаптарының заңдылығын комиссия анықтайтын болады дейді прокурор.

Мақат ауданы прокурорының айтуынша, ССС компаниясының әкімшілік жетекшілерінің бірі Фаги мырза негізгі оператор Аджип компаниясымен жұмысшылар көтерген мәселелер бойынша арнайы келіссөз өткізуге уәде берген.

Қазақстанның мұнай-газ саласында Қашаған жобасы – негізгі маңызды жобалардың бірі.
XS
SM
MD
LG