Accessibility links

Ибрагимов лауазымды тұлғалар туралы айтудан бас тартты


Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Сотта "Сәрсенбайұлын өлтірді" деп танылған Ибрагимовтың мәлімдемесі оқылды. Онда лауазымды шенеуніктер - Бауыржан Мұхамеджанов, Қалмұханбет Қасымовтың аттары аталған. Бірақ Ибрагимов сот үстінде оларға қатысты жауап беруден бас тартты.

Бүгін Алматы облысы Қаскелең қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотталған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау туралы соты жалғасты.

ӨТЕМБАЕВТЫҢ ТАҢЫРҚАУЫ

Дүйсенбі күнгі сот отырысында прокурор бұған дейін оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін өлтіруге тапсырыс берді деп сотталып, кейін үкімі қайта қарауға жіберілген Ержан Өтембаевқа бұрынғы айыбын қайта тақты. Прокурор оның "кісі өлтіруге тапсырыс бергені" туралы айыбы мен "қылмыстық тапсырыстың қалай орындалғаны" туралы сот дәйектерін қайта оқыды.

Сотта отырған Ержан Өтембаев. Алматы облысы, Қаскелең, 22 қаңтар 2014 жыл.

Сотта отырған Ержан Өтембаев. Алматы облысы, Қаскелең, 22 қаңтар 2014 жыл.

Бұған жәбірленуші жақ өкілдері (Рысбек Сәрсенбай, Маржан Аспандиярова, Төлеген Жүкеев және Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушеваның адвокаты Гүлнар Жуасбаева) де, Ержан Өтембаев пен оның адвокаты да бірдей таңданыс білдірді.

Өтембаев бас прокуратураның сұрауы бойынша бұған дейін өзіне тағылған айыптың өзгертілгенін айтып, бүгін ескі айыптың қалайша қайта тағылғанын түсінбей қалғанын айтты. Ол прокурордан айыпты жазбаша түрде беруді сұрады.

ИБРАГИМОВТЫҢ КУӘЛІГІ

Бұрынғы айыптың қайта тағылғанына таң қалған жәбірленуші жақ пен айыпталушы жақ және олардың адвокаттары істің қайта қаралуына себеп болған, "кісі өлтірді" деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимовты сотқа шақыртуды сұрады. Сот кеңесе келе Ибрагимовты шақыртуды ұйғарды. Ибрагимов сотқа түстен кейін әкелінді.

Ибрагимов сотта Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев тапсырыс бергенін айтты. Оның сөзінше, «Арыстан» арнайы жасағы арқылы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін қолға түсіріп берген және барлығын алдын-ала ұйымдастырған - Әлнұр Мұсаев.

- Арнайы жасақ қызметкерлі үшеуін менің көлігіме отырғызып кетті, жанымда жүргізуші болды. Қала сыртына апарған соң үшеуін де өз қолыммен аттым, - деп мәлімдеді Рустам Ибрагимов.

Оның айтуынша «ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев ешнәрседен қорықпауды, құқық қорғау органдарының барлығында Рахат Әлиевтің адамдары отырғанын айтқан және өзінің таяуда қайтадан ҰҚК төрағалығына тағайындалатынын, ал мына тапсырманың мемлекеттік маңызы бар екенін» ескерткен.

Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Жәбірленуші тарап осыған орай Рустам Ибрагимовтың 2006 жылы сотта берген жауабында мүлде басқаша айтқанын, яғни өзін тек жеткізуші ретінде көрсетіп, «әрі қарай басқа біреулер алып кетті» дегенін көлденең тартты.

Сот тергеуі барысында Рустам Ибрагимов Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру жайын Өтембаевпен ешқашан талқыламағанын мәлімдеді. Оның айтуынша ақпанның 15-і күні Әлнұр Мұсаевтың тапсырмасымен Ержан Өтембаевқа барып, «ұрып-соғу туралы тапсырмасын асыра орындап, үш адамды өлтіргенін» ескерткен және оны диктафонға жазып алған.

- Мұны естігенде Ержан Өтембаевтың денсаулығы күрт нашарлады. Мұның барлығы да істі Ержан Өтембаевқа және одан жоғары қарай аудару үшін Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиев ұйымдастырды. Олардың кім екенін және қолдарынан барлығы келетіндіктен сескеніп, жеме-жемге келгенде тапсырмадан бас тарта алмадым, - дейді Рустам Ибрагимов.

МҰХАМЕДЖАНОВ, КЕКШАЕВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Сот отырысы басталған кезде жәбірленуші жақтың өкілдері мен адвокаты сот төрағасынан сотқа Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасалған кезде ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановты, тергеу кезінде аты-жөні аталған Ресей азаматы Алексей Кекшаевты шақыртуды сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың өкілі Маржан Аспандиярова сұрақ қою барысында Рустам Ибрагимов жазған мәлімдемеден үзінді оқып берді. Аспандиярова оқыған Ибрагимовтың мәлімдемесінде сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Қалмұханбет Қасымовтың және сол кездегі бас прокурордың аттары аталып, тергеу басталардан бұрын олардың Ибрагимовке сот кезінде не айту қажет екені туралы нұсқау бергені жазылған.

Жәбірленуші тараптың өкілі Маржан Аспандиярова.

Жәбірленуші тараптың өкілі Маржан Аспандиярова.

Маржан Аспандиярова осы жайттарды таратып айтып беруін сұрағанда олардың қандай нұсқау бергенін баяндаудан Рустам Ибрагимов бас тартты. Бірақ мәлімдемені өзі жазғанын растады.

Маржан Аспандиярова келтірген деректерге қарағанда «Рустам Ибрагимов 2000 жылдардың бас кезіндегі басқа бір (Алтынбек Сәрсенбайұлынан басқа – ред.) «жоғары лауазымды қызметкерді өлтірді» деп айыпталып, Рахат Әлиевтің көмегімен бұл істі жабуға қол жеткізген».

Рустам Ибрагимов сот тергеуі барысында «ол істі жабуға Рахат Әлиевтің көмегімен қол жеткізгеніне» қатысты сұраққа да, қазірге дейін құқық қорғау органдарында жоғары лауазымды қызметкер болып отырған тұлғалардың нұсқауларына (Бауыржан Мұхамеджанов, Қалмұханбет Қасымов – ред.) қатысты басқа сұрақтарға да «әзірге жауап бергісі келмейтінін» айтты.

Осыған орай Маржан Аспандиярова аты аталғандардың барлығын да сотқа шақыруды ұсынды. Алайда судья «ол сауалдардың Ержан Өтембаев ісіне қатысы жоқ екенін» көлденең тартып, оларда сотқа шақырудан бас тартты.

Таңертең сағат онда басталған сот отырысы кешкі жетіде аяқталды. Сот отырысынан шыққан Маржан Аспандиярова:

- Ибрагимовтың мәлімдемесінде оның құқық қорғау органдарының басшыларымен не туралы сөйлескені айтылған. Бірақ сотта әрі қарай тарқатып айтқысы келмей сескенді, - дейді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, «тергеу барысында көп жайт анықталып, барлығы іске тігілген. Бірақ сот соның өзін сыртқа шығармауға тырысып, Рустам Ибарагимов артық нәрсе айтып қоймасын деп қақпайлап отыр. Рустам Ибрагимов те бір пәлеге қалмайын деп сақатанатыны көрініп тұр».

- Ержан Өтембаевты «тапсырыс берушіден шығарып», тек арандатушы ретінде ғана қарастырмақшы. Ержан Өтембаевты бәрібір толық ақтап шыға алмайды, оны ақтау үшін осы іске қатыстылардың барлығы жауапқа тартылуы керек. Билік оған бармайды, бірақ сол арқылы екінші қылмыстық іске (Рахат Әлиевке қарсы жаңа қылмыстық іс қозғауды айтып тұр – ред.) жол салғысы келеді, - дейді Рысбек Сәрсенбай.

Кісі қолынан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының "Хабар" агенттігімен соттасып жүрген кезі. Алматы, 2005 жылдың мамыры.

Кісі қолынан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының "Хабар" агенттігімен соттасып жүрген кезі. Алматы, 2005 жылдың мамыры.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

Ал 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG