Accessibility links

«Қайым қинаудың барлық сатысынан өтсе де, Әуезовті сатпады»


Қайым Мұхамедханов (сол жақта) Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызымен әңгімелесіп отыр.

Қайым Мұхамедханов (сол жақта) Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызымен әңгімелесіп отыр.

Абайтанушы ғалым, КарЛАГ тұтқыны Қайым Мұхамедхановтың туғанына қаңтар айында 100 жыл толды. Осы ретте Азаттық жазушы Тұрсын Жұртбайдан сұхбат алған еді.

Азаттық: – Қайым Мұхамедхановтың туғанына ғасыр толды. Ғалымның ғылым жолындағы түп қазығы не еді?

Тұрсын Жұртбай: – Кеңес дәуіріндегі (СССР-ді айтады – ред.) өмір сүрген зиялы қауым ішіндегі сана-ойы бұзылмаған, таза тұлға. Жастайынан Мұхамедханның (1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні атылып кеткен) көк үйінде (Семей қаласы – ред.) Алаш қайраткерлері бас қосып, солардың ықпалымен өскен Қайым осы мақсатты өзінің өмір сүру құбылысы етті. Сырттай кеңестік қоғамда өмір сүргенімен, ол кеңестік жүйені, оның идеологиясын мойындамады. Зерттеушілік қызметі де, өмір сүру формасы да соны дәлелдейді. Ол бұл бағытта Абайды, «Алаштың» (Алаш қайраткерлерін айтады – ред.) аңсарын және сол «Алаштың» көзі тірі екендігіне кепілдік беретін Мұхтар Әуезовті ғұмырлық нысанасы етті. Сондықтан ол Абайды зерттей отырып, Әуезовтің жетекшілігін нысанаға ала отырып, рухани бостандығын дәлелдеп кетті.

Азаттық: – «Мұхтар Әуезовті егер бір адам сатпаса, ол – Қайым, екі адам сатпаса, соның бірі – тағы Қайым» деген бір пікіріңізді білеміз. Неге сүйеніп айттыңыз?

Қайым Мұхамедханов (оң жақта), Ғали Орманов (ортада) және Мұхтар Әуезов (сол жақта). Қасқабұлақ (Абайдың туған жері), 1957 жыл.

Қайым Мұхамедханов (оң жақта), Ғали Орманов (ортада) және Мұхтар Әуезов (сол жақта). Қасқабұлақ (Абайдың туған жері), 1957 жыл.

Тұрсын Жұртбай: – Ол «Абайдың ақындық мектебі» (диссертациялық кеңес стенограммаларында «Абайдың әдеби мектебі» деп те аталады) деген сол тұстағы даулы диссертациялық еңбекке арқау етіп, Абай заманындағы жәдидтік қозғалысты, ұлт-азаттық қозғалысты, «Алаштың» аңсарын, қазақтың рухани бостандыққа ұмтылған талпынысын үнемі алдыңғы қатарға шығарып, талқылап отырды. Сол арқылы ол Кенесары, Абылай секілді тұлғалардың кейіпкерлік бейнелерін әдеби талқылауға арқау етті. Мәселен, 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі» деген кандидаттық диссертация қорғады. Қорғау барысында «Абайдың ақындық мектебі жоқ, Қайым Мұхамедханов пантүркистік, панисламистік идеяларды насихаттап отыр. Кеңес үкіметіне мылтық алып күрескен адамдарды ұрпақ санасына жағымды жағынан сіңіріп отыр. Бұл - Әуезовтің «Алашорда» тұсындағы бағыты мен бағдарын қолдау. Оны зерттеуге мәжбүр етіп отырған - Әуезов» деген пікірлер айтылды. Осының кесірінен Қайым Мұхамедхановтың диссертациясы сызылып тасталды да, өзі 25 жылға түрмеге кесілді. Сондағы таққан басты айыптары Абайдың ақындық мектебінің болғандығы туралы ғылыми еңбегі емес, Мұхтар Әуезовтің жеке басы болды. «Егер осы тақырыпты ұсынған, жаздырған, оған жетекшілік еткен Мұхтар Әуезов деп мойындасаң, қамақтан шығарамыз. Диссертацияңды қалпына келтіреміз. Абай мұражайының директоры ретінде қайта тағайындаймыз» деген уәде берді. Тергеу барысында ол қинаудың барлық сатысынан өтті. Сонда да пікірінен бас тартпаған. «Сонда өз обалың өзіңе деп 25 жылды арқалатып жіберді» дейтін еді маған.

Қайым Мұхамедханов ісі

Қайым Мұхамедханов (1916-2004) «Абайдың әдеби мектебі» деген еңбегін жариялап, 1951 жылы осы тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1952 жылы мамыр айында ҚазССР жоғарғы соты коллегиясы оны «ұлтшыл» ретінде 25 жылға соттады. Ол осы кезде НКВД мен КарЛАГ-тың көптеген абақтыларында отырды. 1954 жылдың желтоқсан айында үкім қайта қаралып, Қайым Мұхамедханов ақталды. Ғалым 1955 жылы түрмеден шықты.

Азаттық: – «Мен сол кезде өлсем, алаш азаматтарынан жаным артық емес... деп ойладым» дейді ғалым түрме естеліктерінің бірінде. Қайым Мұхамедхановтың түрмеден кейінгі өмірі қаншалықты еркін болды?

Тұрсын Жұртбай: – Оның турашылдығы, өжеттігі, пікір еркіндігі ешкімге бас идіртпеді. Тіпті өзін тергеген қауіпсіздік комитеті өкілдерін көшеде талдырып тастаған кездері болған. Бірақ сол Абайдың ақын шәкірттері Көкбай, Тұрағұл, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев, Шәкерім секілді тұлғаларға арналған еңбектері әбден шаршаған шағында жарық көрді. Егер ол еңбектер 1950 жылдары ғылыми айналымға түссе, қазақ әдебиеті туралы көзқарастар 50 жылға ілгерлеген болар еді.

Азаттық: Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығының зерттелмей жатқан тұстары бар ма?

Тұрсын Жұртбай: – Көзі тірісінде қағазға түскен зерттеулерінің 10 томдығын мен жарияладым. Оған Қайымның ұл-қыздары көмектесті. Қағыс қалған бірен-саран мақалалары болмаса, негізінен жарық көрді. Ең өкініштісі - Дулат Бабатайұлы, қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақтар, соның ішіндегі жыраулар текстологиясы, халық эпостары геройлары туралы жинаған деректері мен пікірлері қағазға түспей қалды. Қоштасарда айтқан бір сөзі бойынша, ол кісіде Шоқан Уәлихановтың қолжазбасы болуы керек еді. Бірақ оны жарыққа шығармады, бізге де беруге мұршасы болмай кетті.

Азаттық: - Өмірінің соңғы кезеңінде Алматыға тұрақтай алмай Семейге кетті. Неге?

Ғалым Тұрсын Жұртбай.

Ғалым Тұрсын Жұртбай.

Тұрсын Жұртбай: - Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ақынның академиялық басылымын шығару туралы қаулы қабылданды. Сол томға Қайымды қатыстыру туралы және Абай текстологиясына жетекшілік жасау үшін ғалым ретінде Семейден Алматыға шақыру туралы ұсыныс айтылып, ғалымға Алматыдан үй берілді. Абайдың екі томдық академиялық жинағы ойдағыдай жарық көрді. Абай тойы өтісімен Қайым қалтарыста қалды. Оған берілетін жеңілдіктер, Қазақстан гимнін жазғаны үшін тағайындалған жәрдемдер тоқтап қалды. Төрт бөлмелі үйде жалғыз қалған Қайымның Семейге қайтудан басқа амалы жоқ еді. Өйткені күнделікті өмір сүрудің өзі қиындық тудырды. Семейге барған соң да оның үміті ақталмады.

Азаттық: – Өмірден өткеннен кейінгі артында қалған еңбектері қалай насихатталып жатыр?

Тұрсын Жұртбай: – Әдеби қауымның оның туғанына 100 жыл толуын қаперге алып, түрлі пікір білдіруі Қайымды еске алып жатқанын көрсетеді. 10 томдығы да мемлекеттік қолдау нәтижесінде шықты. Қайым ұмыт қалды, болмаса оның еңбегі бағаланбады деп айта алмаймын.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG