Accessibility links

Суретші қыз жастарды өнер еркіндігіне үйретеді


Ғайша Маданова туындылары алдында отыр. Алматы, 2007 жыл. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)
Ғайша Маданова туындылары алдында отыр. Алматы, 2007 жыл. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)

Еуропада оқитын қазақстандық жас суретші Ғайша Маданова Алматы мен Астана жастарын қазіргі заман өнерін үйретеді. Ол арт-журнал шығаруды жоспарлайды.

Мюнхендегі көркем өнер академиясының 26 жастағы студенті Ғайша суретші ғана емес, арт-менеджер, куратор.

Ол – белгілі суретшілер Ғалым Маданов пен Зәуреш Терекбайдың қызы. Әке-шешесі «өнер жолы қиын әрі әлеуметтік мәртебесі төмен, ақшасы аз» деп әуелі Ғайшаның суретші болғанын қаламаған. Ата-анасын уайымдатқысы келмей әрі архитектор ретінде бақ сынап көргісі келгенімен, Ғайшаның көңілі бұл мамандыққа толмаған. «Тапсырыс берушінің талғам-түйсігіне, ақшасына тәуелді болудан қашқан» Ғайша Маданова суретші болуды таңдаған.

АЛҒАШҚЫ СУРЕТТЕР

Ғайша алғашқы жобасын 2007 жылы 19 жасында бастаған. «Алматыдағы кеңістікті трансформациялау» деп аталған жобаны аамерикалық суретші Дэниел Галлегос, қазақстандық антрополог Жанар Наурызбаева, француз суретшісі әрі эксперименттік кино саласының маманы Аминату Эшар жұмыс істейтін Artpologist ұжымымен бірлесіп жүзеге асқан.

Ғайша Маданова ONE STEP/PE FORWARD көрмесінде. Венеция, 2013 жыл.
Ғайша Маданова ONE STEP/PE FORWARD көрмесінде. Венеция, 2013 жыл.

Жоба Алматыдағы құрылыс дүрбелеңі тұсындағы микро және макрокеңістіктерді зерттеген. Олар суретшілердің жұмыс орнын қалай өзгертетіні, үнемі өзгеріп жататын қала кеңістігі қала тұрғынының кеңістігін өзгеріске ұшырату арқылы оның күнделікті өміріне қалай әсер ететінін зерттеген. Құрылыс жұмыстарына байланысты тұрғындардың қаланы жаңаша танып, жаңа орындармен танысатынын, А нүктесінен Б нүктесіне дейінгі үйреншікті жолдарының айналма жолға қалай айналып бара жатқанын бақылаған.

Сәтті аяқталған жобадан кейін Ғайша шабыттанып, туындыларын Алматы ғана емес, Ресей (Мәскеу), Әзербайжан, Германия, Италия (Венеция, Рим), Қырғызстан және АҚШ (Калифорния) сияқты елдерге шығарып көрсете бастаған. Қазір Ғайша Маданова өзі де шеберлік класын өткізіп, дәріс оқиды. Ол келесі жылы Страсбург қаласындағы қоғамдастықтардың бірініңжобасына қатысу үшін Францияға бармақ.

БІЛІМ ЖОБАЛАРЫ

Ғайша суретші мамандығының қыр-сырын меңгерумен шектеліп қалмай, Гете институты жариялаған конкурстың грантын жеңіп алып, мәдениет саласы менеджерлеріне арналған біліктілік орталығында үш ай білім алған. Ол біртіндеп басқа суретшілерге көмектесіп, көркемсурет және білім жобаларын ұйымдастырумен айналыса бастаған.

Ғайша Маданова, Қазақстандағы Гете институты директоры Барбара Френкель-Тонет және Клаус фом Брух. Алматы, 2012 жыл.
Ғайша Маданова, Қазақстандағы Гете институты директоры Барбара Френкель-Тонет және Клаус фом Брух. Алматы, 2012 жыл.

– Бұл салада арнайы білім беретін орындар болмағандықтан Қазақстанда қазіргі заман өнерімен айналысқан суретшілердің алғашқы буынының ісін жалғастыратын жастар өте аз екенін байқадым. Көркем сурет оқу орындарының жас студенттері не істеу керегін білмейді. Қазіргі заман өнері дегенді мүлде түсінбейді, видеоарт, перфоманс, инсталляциядан хабарлары жоқ екенін көріп қайран қалдым әрі мұны өзгерту керек екенін ұқтым, – дейді Ғайша.

Ғайша Маданова Мюнхендегі көркем өнер академиясының «еркін өнер» бөліміне оқиды. Ғайшаның түсіндіруінше, бұл – түрлі медиада тәжірибе жасау мүмкіндігін шектемейтін, толық еркіндік беретін суретшілерге арналған резиденция сияқты орын. Академияда Ғайша фотосурет, жібек матаға сурет салу, инсталляция және видеомен жұмыс істейді. Білім берудің мұндай жүйесі суретшілерді шығармашылық жауапкершілікке тәрбиелеп, суретшілік өмірге даярлайды. Ғайшаның айтуынша, білім берудің ресми академиялық жүйесі орнаған Қазақстанда мұндай еркіндік әлі жоқ.

Ол қазіргі заман өнерін насихаттау арқылы білім беру мақсатын көздейтін арт-журнал шығару қамымен Алматыда жүр. Журналды үш тілде (орыс, қазақ және ағылшын тілінде) шығарғысы келеді. Жұрт қазақстандық суретшілерді тани түсуі үшін журналды Еуропада да таратқысы келеді.

Ғайша Гете институтының Brain Map жобасы аясында Алматы мен Астанада бірнеше мастер-класс пен лекция ұйымдастырған. «Қағазбен және қағазда жұмыс істеу» деп аталатын шеберлік сыныбының біріне германиялық сыншы әрі куратор Тибо де Ройтер мен дизайнер Петер Хюберт қатысқан. Бұл шара қазіргі заман өнері саласындағы еуропалық көркем мақалаларды талдауға арналған.

XS
SM
MD
LG