Accessibility links

Алтыншы кездесудегі алтыншы нокаут


Қазақ боксшысы Қанат Ислам. (YouTube видеосынан алынған скриншот)

Қазақ боксшысы Қанат Ислам. (YouTube видеосынан алынған скриншот)

Қазақ боксшысы Қанат Ислам колумбиялық кәсіпқой спортшы Сегунда Херрераны жеңді. Кездесу қарашаның 24-і күні ел астанасы Боготода өтті. Екінші раундта кездесу тоқтатылды. Қанат Ислам қарсыласы Сегунда Херрераны екінші раундта нокаутпен жеңіп, оны әлем чемпионы атағына таласу құқығынан айырды.

35 жастағы Сегунда Херрера бокспен жиырма жылдан бері айналысады. Әуесқой бокстан Колумбия чемпионы. Ол Қанат Исламмен кездескенге дейін 20 кездесу өткізіп, тоғызында жеңген, төртеуінде тең түскен.

«ӘДІСІ МЫҚТЫ ҚАЗАҚ»

Қытайда туған қазақ боксшысы Қанат Ислам 2008 жылы Пекин олимпиадасына сол елдің атынан қатысып, қола жүлде алған. 2009 жылдың желтоқсанында Алматы облысына көшіп келген ол Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатыса алмады. Олимпиада ойындарының ережесі бойынша, Қанат Ислам Қазақстан атынан Лондон олимпиадасына қатысу үшін елде толық екі жыл тұруы керек немесе Қытайдың рұқсатын алуы тиіс. Оған Қытай рұқсат бермеді. Боксшы елге 2009 жылдың соңында келгенімен, Қазақстан азаматтығын 2010 жылдың наурызында алып, кешігіп қалды.

Қанат Ислам 2012 жылдың наурыз айында кәсіпқой бокспен айналысу үшін АҚШ-қа кетіп, қыркүйекте «Nelsons» атты промоутерлік компаниямен екі жылға келісім-шартқа отырды. Бұл компанияның менеджері Нельсон Лопес ереже бойынша Исламға қарсылас тауып беріп, кездесулерін ұйымдастыру жағын да қамтамасыз етуі тиіс.
Қанат Ислам (сол жақта) командаласы Феликс Диаспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды)

Қанат Ислам (сол жақта) командаласы Феликс Диаспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды)

Қанат Исламмен бірге осы клубта жаттығатын доминикандық боксшы Феликс Диас (Пекин олимпиадасының чемпионы) «қазақ боксшысының техникасы мен бокстасу әдісі мықты» екенін айтқан.

«Nelsons» компаниясы сайтының жазуынша, қазақстандық боксшы Қанат Ислам бұл жекпе-жекке дейін кәсіпқой рингте бес кездесу өткізді. Барлығында да қарсыласын нокаутқа түсірді.

«ҚАНАТ ИСЛАМ МАЙАМИДЕ ТҰРАДЫ»

Қанат Исламның Қазақстандағы бапкері Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, боксшы қазір АҚШ-тың Майами қаласында тұрып жатыр.

– Қанат Ислам Лондон олимпиадасына қатыса алмайтынын білген соң кәсіпқой боксқа кетті. Қазір Нельсон Лопес деген АҚШ-тағы атақты менеджердің компаниясымен келісім-шартқа отырды. Бұл компанияда 150 боксшы бар. Көбі – АҚШ, Доминикан және Пуэрто-Рико боксшылары. Қанат қазір кәсіпқой боксқа біржола бет бұрды. Мақсаты – орта салмақта әлем чемпионы атану. Бес кездесуіндегі жеңісі – тек бастамасы ғана. Әлі қиын кездесулер бар. Әлем чемпионы болу үшін үш жылдың ішінде жиырма-отыз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жету керек, – деді Тұрсынғали Еділов.

Жаттықтырушының айтуынша, Қанат Ислам Майами қаласында әлі екі жыл жаттығады.

– Қанат Исламның жары және баласы да Майамиде өзімен бірге тұрады. Қазір ағылшын тілін үйреніп жатыр. Қазақстанға 2013 жылы наурыз айында келіп кетуі керек, – деді бапкер Тұрсынғали Еділов.

Кәсіпқой бокстың ережесі бойынша, Қанат Ислам енді екі кездесуде жеңіске жетсе, онда WBO (Әлемдік бокс қауымдастығы) рейтингіне еніп, әлем чемпионы атағына таласуға арнайы рұқсат алады.

Қанат Исламның менеджері Нельсон Мендес Азаттыққа сұхбат беріп:

- Қанат бұл кездесуін қиналмай жеңді. Қазір ол келесі кездесуге дайындалып жатыр. Жекпе-жек қарашаның 30-ы күні өтеді. Қарсыласы - АҚШ немесе Доминикан республикасының боксшысы болады, - деді.

Әзірге қазақ боксшысының Колумбиядағы кездесуінің видеосы жарияланбады.

Қанат Исламның әуесқой армян боксшысы Андраник Акопянды (2008 жылғы әлем чемпионы, 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) нокаутқа түсірген сәтін YouTube желісінен алынған мына видеодан көре аласыз:

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG