Accessibility links

Жаңа жылды жылы жақта қарсы алушылар


Жаңа Зеландия жағажайындағы шырша. (Көрнекі сурет)

Жаңа Зеландия жағажайындағы шырша. (Көрнекі сурет)

Туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, жаңа жыл мерекесін ауа райы жайлы елдерге барып қарсы алатын адамдар Қазақстанда көбейе түскен.

Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Сәдуақасова осыдан үш жыл бұрын жаңа жылды Таиландта тойлаған. Оның айтуынша, жаңа жылды қары жоқ, шыршасы жоқ елде қарсы алу күйеуі Ержанның бала күнгі арманы болыпты.

«СУВЕНИРГЕ МЫҢ ДОЛЛАР КЕТТІ»

– Үш жыл бұрын сәті түсіп, екі қызымызды алып Таиландқа бардық. Өте керемет болды. Қысқы суықтың орнына – ыстық ауа райы, қардың орнына – жағажайдағы құм, шыршаның орнына безендірілген пальма болды, – дейді Гүлмира.

Ол төрт адамы бар отбасы үшін он күндік демалыс ақысы «аса қымбат болмағанын» айтады.
Тайландтағы жаңа жыл. (Көрнекі сурет)

Тайландтағы жаңа жыл. (Көрнекі сурет)


– Біз қонақ үйде емес, өз бассейні бар жеке бунгалода тұрдық. Екі үлкен адамға 1 мың 500 доллардан, ал балалаларға 900 доллардан төледік. Бұған қоса сыйлықтар мен сувенирлер алуға 1 мың доллардың ары-бері жағында ақша кетті. Жалпы аса қымбат емес, – дейді Гүлмира Сәдуақасова.

Оның айтуынша, шетелге қыдыратын қазақстандықтар жыл сайын көбейіп келеді.

– Алматының өз ішінде білінбегенімен, Таиланд, Түркия, Дубайда жүрсең, біздің қазақтарды көп көресің, әсіресе елдің батысынан баратындар көп, – дейді сұқбаттасымыз.

ҚЫРҒЫЗСТАН – 525 ДОЛЛАР, БАӘ – 675 ДОЛЛАР

Алматыдағы туристік компаниялардың бірінің атқарушы директоры Инесса Цойдың айтуынша, «жаңа жылдық сапарларға билеттер жарты жыл бұрын сатыла бастайды, ал желтоқсанның ортасында билет табу мүмкін емес».

– Жыл сайын жаңа жылды шетелде қарсы аламын деушілер көбейіп келеді. Өткен жылы тек біздің компания арқылы 160 адам ұшып кетті. Биыл одан да көп болатын түрі бар. Әдетте қазақстандықтар Хайнань, Бали, Мальдив, Малайзия, Гоа (Үндістан), Таиландқа және Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) барады. Ал биылдан бастап Вьетнамға арнайы бағыт ашылды, – деді Инесса Цой.

Инесса Цой қазақстандықтардың шетелге отбасымен барғанды ұнататынын айтты. Оның сөзінше, «шетелде демалатын адамдардың көбеюіне халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы сияқты бірқатар себептер әсер етеді».
Халықаралық әуежай. (Көрнекі сурет)

Халықаралық әуежай. (Көрнекі сурет)


– Жыл сайын қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары тіке чартерлік рейстер ашып келеді. Бір Алматының өзінен тек жаңа жылдық чартерлік рейстер саны 10-12-ге жетеді. Бұдан бөлек Астана, Қарағанды секілді ірі қалалардан да чартерлік рейстер шығады. Кез-келген адам сапа мен бағаның өзіне тиімдісін таңдап алады. Бұл тұста біздегі және көршілес Қырғызстандағы инфраструктура нашар, соған қарамастан бағасы тым қымбат. Мәселен, Қырғызстандағы тау-шаңғы базаларының бірінде жаңа жылды қарсы алу құны – 525 доллар. Ал қазақстандықтар ең көп баратын БАӘ-де үш-төрт күндік жаңа жылдық демалысыңыз 675 доллар болады, – дейді ол.

Қазақстандықтар жиі баратын Гоа аралдарында жеті-сегіз күн демалу құны – бір адамға орта есеппен 1 мың 200 доллар. Ал жаңа жылды Малайзияда қарсы алғыңыз келсе, 1 мың 300, 1 мың 500 доллар керек. Қытайдың Хайнань аралына сапарыңыз 1 мың 600 доллар болады.

«БИЛЕТТІҢ БӘРІ САТЫЛДЫ»

Алматыдағы тағы бір туристік агенттіктің менеджері Александра Терёхина өз компаниясындағы жаңа жылдық билеттердің бәрі сатылып кеткенін айтты.

– Қырыққа жуық адам біздің агенттік арқылы билет алып, жаңа жылды жылы жақта қарсы алуды жоспарлап отыр, – деді менеджер Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, «сұранысқа ие жаңа жылдық рейстер – Вьетнам, Малайзия, БАӘ және Хайнань аралдары».

– Ең қымбат деген Вьетнамға бару құны – бір адамға екі мың доллар. Әдетте екі балалы ерлі-зайыптылар билет алады. Жаңа жылдық алғашқы рейс 27 желтоқсанда Вьетнамға аттанады, – дейді Александра Терёхина.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG