Accessibility links

Диссидент Кәрішал Асанов және «тәуелсіздік елесі»


Қазақ диссиденті Кәрішал Асанов. Алматы, 29 мамыр 2012 жыл.

Қазақ диссиденті Кәрішал Асанов. Алматы, 29 мамыр 2012 жыл.

Алматыда қазақ диссиденті Кәрішал Асанов 79 жасында өмірден озды. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста ол президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған кітап шығарғаны үшін сотқа тартылған.

Кәрішал Асанов – он шақты кітаптың авторы, қуғындалған жазушылар мен журналистерге берілетін халықаралық Хеллман – Хэммет сыйлығының лауреаты. Биыл 10 наурызда оған Қазақстандағы оппозициялық ұйымдар тағайындаған«Азаттық» сыйлығы берілген.

Кәрішал Асанов жұртқа билік пен президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған адам ретінде танылған. «Президент Назарбаевтың ар-намысын қорлаған» деген айыппен Асанов екі рет қылмыстық жауапқа тартылған.

2000 жылдардың басында оппозициялық «СолДат» газетінің редакторы Ермұрат Бапи диссиденттің «Планетарлық масштабтағы ФЗУ-шы» мақаласын жариялағаны үшін Кәрішал Асановпен бірге қылмыстық жауапқа тартылған. Мақаланың бас кейіпкері – мансабын Украинадағы техникалық училищеде бастаған президент Назарбаев. Совет одағында мұндай ФЗУ-лар (фабрика-зауыт жанындағы училищелер) көп болатын.

– «Президенттің ар-намысын қорлады» деген айыппен екеуміздің үстімізден қылмыстық іс қозғады. Газетті жауып, екеумізді соттады. Әлгі қылмыстық іске байланысты Кәрішал екеуміз тергеуге барып жүрдік. Оны сол кезден бері жақсы білемін әрі құрметтеймін, - дейді Ермұрат Бапи.

2001 жылы бір топ қазақстандық оппозиционер АҚШ-қа барып, Қазақстан президентінің де есімі аталған атышулы коррупциялық «Қазақгейт» ісі бойынша конгресте өткен тыңдауға қатысқан.

– Сол жолы америкалықтар Кәрішалдың сөзін естіп қайран қалды, - деп еске алады Ермұрат Бапи.

Кәрішал Асановтың «Тәуелсіздік елесі» кітабының мұқабасы.

Кәрішал Асановтың «Тәуелсіздік елесі» кітабының мұқабасы.

Бапидың айтуынша, Кәрішал Асановтың билікпен тіл табысып, қамсыз өмір сүру мүмкіндігі болған. Бірақ, шындықты бетке айтатын қайсарлығымен билікке жақпаған.

Журналист Андрей Свиридов 1992 жылы Кәрішал Асановты алғаш көргенін айтады.

– Кәрішал Асанов «Хақ» деген газетте «Тәуелсіздік елесі туралы» деген мақала жариялады. Асановтың әлгі мақаласы мен Назарбаевқа қарсы өзге мақалалары негізінде осындай атаумен жинақ басылып шықты. Ақыры оның үстінен іс қозғалды. 1992 жылдың тамызында оны тұтқындап, ал желтоқсанда шартты жазаға кескендіктен, сот залынан босап шықты, - деп еске алады сол сотта Асановтың қорғаушысының куәгері ретінде түсінік берген Андрей Свиридов.

Свиридовтың айтуынша, Кәрішал Асанов Нұрсұлтан Назарбаевты Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін сынай бастаған. Бұл оқиғадағы Назарбаевтың рөлін Кәрішал Асанов пен Назарбаевтың өзі әрқилы бағалайды.

Журналист ғана емес, жергілікті баспасөз тарихшысы ретінде де танылған Андрей Свиридов «публицистикамен, оның өзінде советтік ескі сарындағы публицистикамен айналысқан Кәрішал Асановты жазушы деп атамас едім» дейді.

– Бірақ, Асанов – өмірі шындық үшін күресіп өткен жан. Оның батылдығы мен қайсарлығы қандай құрметке болсын лайық. Жуырда ғана – наурыздың 10-ы күні Алматыда оған «Азаттық» сыйлығы берілді. Бірақ, оның сотталған жазушыларға берілетін беделді сыйлық [Хеллман – Хэммет] иегері екенін жұрттың көбі білмейді, - дейді Андрей Свиридов.

Асанов – өмірі шындық үшін күресіп өткен жан. Оның батылдығы мен қайсарлығы қандай құрметке болсын лайық.

Кәрішал Асановпен бірге АҚШ-қа барып, «Қазақгейт» ісі бойынша конгресс тыңдауына қатысқан журналист әрі оппозиция белсендісі Сергей Дуванов жазушы әрі диссидент Кәрішал Асанов – қазақстандық «Азаттық» сыйлығына баяғыдан лайықты жан еді деп есептейді.

– Ауыр науқас болғандықтан марапаттау рәсіміне Кәрішал Асановтың өзі келе алмады. Оның орнына қызы келді, сыйлыққа ие болғанын қызынан естіді. Әрине, оны бұл сыйлыққа баяғыда ұсыну керек еді. Бірақ, көзі тірісінде табыстап үлгергеніміз жақсы болды, - дейді Сергей Дуванов.

Соңғы кезде Кәрішал Асановтың денсаулығы нашарлап кеткен еді. Бір ай бұрын жүрегінде қан алмасуы нашарлаған деген күдікпен ауруханаға түскен. Кәрішал Асанов наурыздың 26-сы күні өз үйінде дүниеден өткен. Марқұмды наурыздың 28-і күні Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерлейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG