Accessibility links

Жалаң қолмен соғысқан қазақ дивизиясы із-түзсіз жоғалып кетті


106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы құрамында соғысқан Сыдық Түменбаев. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.
106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы құрамында соғысқан Сыдық Түменбаев. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.

Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанова №106 Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясының өмірде болғаны және қалай жоғалғаны туралы айғақтар молайғанын айтып берді. Қазірдің өзінде 200-ге жуық қазақ жауынгерінің аты-жөні мәлім болды.


Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының тағы бір белгісіз тарихы азайды: №106 Ақмолалық атты әскер дивизиясы туралы құнды мағлұматтар табылды. Басым көпшілігі қазақ және соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген бұл солдаттар ашықтан-ашық ажал аузына тасталып, Харьков түбіндегі қоршауда құрбандыққа шалынды. Сталин басқарған билік бұл дивизия жөніндегі құжаттарды ізім-ғайым жоқ қылды. Осы дивизияның шырғалаң тарихы туралы мағлұматтарды артында қалған ұрпақтары там-тұмдап жинап келеді.

ҚАРТАҢ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КЕҢЕСІ

– Макка ханым, Украинадағы қазақ жерлестер ұйымының белсенділері мен украин тарихшыларының бірлескен зерттеулерінің алғашқы нәтижелері туралы бірқатар қазақ баспасөзі жариялап та үлгерді. Тағы да қандай нәтижелерге жеттіңіздер?


– Алғашқы ізденістеріміз бұл дивизия туралы ешкімнің ештеңе білмейтінін көрсетіп берді. Бірақ менің тарихшы археолог Татьяна Крупа деген дос құрбым бар, өз ортасында беделді ғалым. Ол да айналасынан сұрастырып шықты. Бірақ «майданда 106-атқыштар дивизиясы болды, ал 106-атты әскер дивизиясы болған емес» дегеннен өзге жауап ала алмады.

Дегенмен де ізденістерімізді жалғастыра бердік. Сөйтіп жүргенде бірде түнгі сағат екілер шамасында электронды поштама бір хат келіп түсе қалмасы бар ма! Хат иесі атты әскер сарбазының немересі екен, атасын табуға жәрдемдесуімізді сұрапты. Хаттың шекесіне «Майдангерлер, назар аударуларыңызды өтінемін» деп жазып қойыпты.

Хатта атасының соңғы хабарды Харьков түбінен жазғаны айтылады. Хат жолдаған Шайық Қалқынбаев өздерінің Алексеевка деген деревнияда тұрғанын дәл көрсеткен. Ал бұл деревня Харьков түбінде, Первомайск ауданында.

106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы ветеринарлық қызметінің бастығы Шайық Қалқынбаев. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.


Біз ізденісті сол жерден бастағанды жөн көріп, сол ауданға, Красноград қаласына бардық. Ең әуелі қалалық мұражайға барып, жоғымызды сұрастырған едік, білетін жан болмады. Еш ақпарат жоқ.

Содан енді қайтқалы тұрғанымызға, мұражайдың қартаң қызметкер әйелі келіп: «Қыздар, Красноград қаласына байланысты Ұлы Отан соғысындағы деректерді жинап жүрген бір жерлесіміз бар еді, іздегендерің соның материалдарының арасында болуы мүмкін» деді.

Біз бұл материалдарды парақтай келе 106-қазақ атты әскер дивизиясы туралы бір-ақ жолдан тұратын мағлұматқа кез болдық. Мұнда 106-дивизияның таратылып, 6-атты әскер корпусына қосылғаны туралы айтылыпты.

«ЖАУДЫ ҚАЗАҚША ТАЛҚАНДАЙМЫЗ...»

– Яғни 106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы Харьков түбіне келген соң таратылған болды ғой?


– Иә, Харьков түбіне келген соң таратылған. Бұл дивизия Қазақстаннан майданға он эшелонмен аттанған. Алғашқы эшелон 1942 жылы 23 наурызда жолға шықса, 12 мамырда Харьков түбіне соңғы эшелон жеткен. Сөйтіп он эшелон бірінен кейін бірі келген.

– Қазіргі уақытта мұрағаттан немесе басқа да дереккөздерден басқа қандай мағлұмат таба алдыңыздар?

– Ең бастысы - актіні таптық. Дивизияның тапсырылғаны туралы акт. Бұл акт Ақмола атты әскер дивизиясының майдан шебіне дейін жетіп, ұрысқа араласқанын көрсететін бұлтартпас айғақ болып тұр.

Таяуда ғана тағы бір жаңа құжат тауып алдық. Бұрын еш жерде жарияланбаған ол құжат «Наследники славы» деп аталатын сайттың өзім жақында ғана ашқан парақшасында тұр. Бұл құжат - 1942 жылы 9 мамырда жазылған саяси хабар. Онда 6-атты әскер корпусында өткен жиналыс туралы сөз болады. Мынадай үзінді келтірейін:

«...бүгін бізге толықтырулар келді. Корпус 4175 адамнан тұратын толық атты әскер дивизиясымен толықтырылды. Оның ішінде басқарушы құрамда 356 адам бар, 528 адам кіші командир, 3291 адам – қатардағы жауынгер.

Дивизияның басқарушы құрамы - 200 адамдық командалық құрамнан, 59 саяси кеңес мүшелерінен тұрады. Әкімшілік-шаруашылық құрамда 31, медперсоналда 27, малдәрігерлік құрамда 21, техникалық құрамда 7 адам бар.

106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясының командалық құрамы. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.


Дивизияның 90 пайызы қазақ... Жол бойындағы және әңгімелескендегі байқауларға қарағанда жеке құрамның саяси-моральдық жағдайы жақсы. Толықтыруға келгендер үйретіліп, қысқы киім берілген...»

Байқайсыз ба, мамыр айында пимамен жүрген. Тек 288-полкке ғана кәдімгі солдат шинелі мен керзі етік берілген. Қалғандары шолақ тон мен пима киген.

– Дивизия ресми түрде Ақмола дивизиясы деп аталып па?

– Иә, Ақмола атты әскер дивизиясы деп аталған. Бірақ оны Қазақстанның он облысынан әскерге алынғандармен жасақтаған, сондай-ақ 107-қырғыз атты әскер дивизиясы да қосылған.

Осы ретте 6-армияның 1942 жылы 11 сәуірдегі саяси хабарламасы туралы айта кеткім келіп отыр. Рас, оның біз айтып отырған дивизияға қатысы жоқ, дегенмен тарихи факт қой:

«Қазақстаннан толықтыру келді. 123 қазақ. 337-атқыштар дивизиясына қосылды. Қызыл әскер Ажарықов саяси жиналыста былай деп мәлімдеді: «Мен қазақпын, бірақ орыс тілін жақсы білемін. Жолдастарымның арасында орысша білмейтіндер көп. Сондықтан оларға күнделікті жәрдемдесуге міндеттімін. Бірақ олар орысша білмесе де, «фашистердің көзін құртыңдар» деген бұйрықты жақсы түсінеді. Біз Украинада жүрсек те, жауды қазақша талқандаймыз...».

ЖАЛАҢ ҚОЛМЕН ШАЙҚАСТЫ

– Сіздер тапқан құжаттарда қазақ дивизиясының жарақтандырылуы туралы не айтылады?


– Тіпті осы 337-атқыштар дивизиясының өзіндегі 123 қазаққа винтовка жетпепті. Сондай-ақ 106-қазақ дивизиясын таратып, оның үш полкін 6-атты әскер корпусына қосқанда да, жоғарыдағы актге қарағанда, винтовкадан 102, 50 миллиметрлік минометтен 43, 82 миллиметрлік минометтен 18 ғана қару болыпты. 3100 қылыш беріпті.

– Атты әскер саны да 3100 емес пе?

– Жоқ, 3220 адам! Оларға, ақыр аяғы, қылыш та жетпепті. Ал әлгі 102 винтовканың он үші артиллерия дивизионына, жетеуі ОО взводына («охраны и обслуживания» – күзет және қызмет көрсету взводы болса керек. – Азаттық радиосы) берілген. 269-атты әскер полкіне 25 винтовка, 288-атты әскер полкіне 16, ал 307-атты әскер полкіне небәрі 10 винтовка ғана тиіпті!

– Олай болса бұл акт Совет армиясында 1942 жылдың мамырының өзінде де автоматты айтпағанда, винтовка мен қылыш та жетпегендігін көрсетіп тұр ғой?

– Иә, бұл құжатта 1942 жылы қару-жарақ жетіспейтіндігі айтылады. Шын мәнінде олар жалаң қолмен соғысқа кірді деуге болады. Мұны сол кезде атты әскер қатарында болған жауынгер де айтып отыр.

«Наследники славы» сайтындағы парақшамда атты әскер қатарында болған бүгінде көзі тірі санаулы адамдардың бірінің естелігін жарияладым. Қазір ол кісінің жасы 102-ге келді.

– Әуелі 106-атты әскер құрамына шақырылып, кейін оның үш полкімен бірге 6-атты әскер корпусына өткендердің арасынан әлі де көзі тірі қазақтар бар ма екен?

– Иә, бар. Өзіміз анықтап, тапқан есімдердің барлығын «Наследники славы» сайтына орналастырдым. Жоқ іздеген жалғыз мен емес қой, басқалар да атсалысып жатыр.

Біз бас-аяғы 200 адамның аты-жөнін анықтадық.

– Фотосуреттері немесе басқа да құжаттары бар ма?

– Нұрқан Сейітовтікі бар. Ол 1904 жылы Солтүстік Қазақстан облысы №1 ауылының қарапайым үйелменінде дүниеге келген. Кейін Ташкенттегі Орта-Азиялық біріккен әскери мектептің атты әскер бөлімін бітірген. Осы оқуда жүріп жеті кластық жалпы білім де алған екен.

«КӨПШІЛІГІН ӨЗ ӘСКЕРІМІЗ АТЫП ТАСТАДЫ»

Харьков «қазанынан» ғайыптан аман қалған тағы бір қазақтың немересі Мәдина Берекова өз хатында былай деп жазады:

«Менің атам Мұстафа Юнусов 106-атты әскер дивизиясында жүріп соғысқан. Қызылорда облысындағы Сырдария әскери комиссариаты 1941 жылы 9 қыркүйекте майданға алған. Самарқандағы санитарлық инструктор мектебінен өткен.

106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы құрамында соғысқан Мұстафа Юнусовтың немересі Мәдина Берекова. Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.


20 желтоқсанда оған медицина қызметінің сержанты деген әскери шен беріп, Алматыдағы республикалық әскери комиссариатқа аттандырған. 1942 жылы қаңтарда тағы да төрт медициналық санитарды 106-атты әскер дивизиясының құрамына жіберген. 13 сәуірде бұл дивизияны Харьковке жөнелткен.

Ол жолдастарының қалай қырылғанын бізге қатты күйзеліспен айтатын еді. «Қолда қару жоқ. Он адамға бір винтовка. Қалған тоғызы әлгі винтовка ұстаған солдат қашан жау оғына ұшқанша соңынан жүгіріп жүрген. Кей солдаттар бес тәулікке дейін ұйқы көрмеген. Алыс жолға саппен жүргенде ортадағы солдаттар жүріп бара жатып ұйықтайтын, біраз уақытан соң шетте келе жатқандармен ауысып, олар да ұйықтап алатын деп атам айтушы еді» дейді хат иесі.

«Кішкентай кезім, сондықтан «жүріп бара жатып ұйықтадық» дегенге сенбей күлетінмін. Атам болса «расында солай болған еді» дейтін.

Сөйтіп жүргенде атам тұтқынға түсіп қалады. Жолдастарымен бірге бірнеше рет қашпақ та болады. Ақыры 1944 жылы сәтін түсіреді. Қашқан топтың ортасында жүргендердің барлығы тірі қалып, Қызыл армияға қосылған. Бірақ олардың көпшілігін өз әскеріміз атып тастаған ғой.

Байғұс атам соғыс аяқталған соң «отанын сатқан» деген айып тағылып, лагерьге айдалды. Бірақ ол қай жер де отырғанын ешқашан айтқан емес. Жан күйзелісімен бірге өзімен бірге ала кетті.

Жеңіс күнін үйде жалғыз қарсы алатын. Ордені де, медальі де жоқ, ешкім құттықтамайды да. Жұртшылық оны соғыста өлмей, тірі қалғаны үшін кекетіп-мұқататын еді.

Атам қайтыс болғаннан кейін әлдебір хат келгені есімде. Хатта атама кешірім берілгені, мұнан кейін Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірдей құқылы болатыны айтылыпты.

Әжем сонда ұзақ жылады. Атам осы бір жапырақ хатты көрмей кетті ғой...»

ТОЗАҚ

- Із-түзсіз кеткен дивизия туралы басқа қандай деректер бар?


- Мен сізге Сыдық Түменбаевтың хатын оқып бергім келіп отыр. Айтпақшы ол кісінің әлі көзі тірі.

«1941 жылы інім екеумiз майданға аттандық. Сол жылы Семейде 288-атты әскер полкі жасақталды. Арнайы дайындықтан өткен соң біз 106-атты әскер дивизиясының құрамында соғысқа аттандық.

Мені 288-полктің кіші саяси жетекшісі етіп тағайындады. 106-дивизия Украинадағы, оның ішінде Харьков түбі пен Донбасс жақтағы, яғни оңтүстік-батыс бағыттағы ірі шайқастарға қатысты.

1942 жылы мамырда ұрысқа кірдік. Қолымызда қылыштан өзге қару жоқ. Сөйтіп жүріп шабуылға шықтық. Содан үш-ақ адам тірі қалдық. Соның бірі аға лейтенант Күзембаев жараланды.

Сол кезеңдегі ең мықты қаруды ұстаған немістерге қарсы тұрудың еш мәні жоқ еді. Төбеден түскен бомбалар бас көтертпейді. Дәл сол күні соғыс қанша адамның өмірін жалмағынын өз көзіммен көрдім ғой. Бұл - тек бір күндегісі ғана.

1942 жылы шілдеде кезекті шабуылға шыққан біздің дивизия қоршауға түсіп қалды. Қыркүйекте Шепетовканың төңірегінде 18 мың адам немістердің тұтқынына түстік. Әскери тұтқындарды немістер Украинаның Орловка деген қаласы мен Донбасстағы қара жұмысқа салып, итпен қарауылдады.

«Тұтқындарды Германияға әкетеді екен» деген сыбыс шыққан кезде 55 адам қашуға бел байладық. 1943 жылы 20 ақпанда жеті адам тұтқыннан қашып шығып, Қызыл армияға қосылдық. Соның бірі ақмолалық досым Файыз Ысқақов болатын.

Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанова.


Бірақ 1943 жылы 4 наурызда бізді комендатураға жіберді... Өз еліміздің түрмесінде азаптап, қинаудың неше түрін көрсетті, сатқын деді. 1943 жылы 3 сәуірде мені он жылға соттап, Воркутадағы НКВД-ның лагеріне жіберді.

Науқастануыма байланысты кейін Карлагқа ауыстырды. Ақыры 1953 жылы ақпанда үйге оралдым».

Елге келген соң Сыдық Түменбаев үйленіп, жарынан бес қыз сүйді. Бірақ ең бастысы – осынша тозақ отынан өтіп, 102 жасқа келсе де қария өткен күнге өкпе айтпайды. «Жас буын, келер ұрпаққа не тілейсіз?» деп сұрағанда: «Отаныңды сүй, халқыңа қызмет қыл және ешуақытта адамшылығыңды жоғалтпа!» деп жауап берді.

ХАРЬКОВ ТҮБІНДЕГІ ҚЫРҒЫН

– Дивизия таратылып, үш полкке бөлініп басқа әскери құрамаға қосылды. Онда соғыс тарихынан тасада қалуының сыры неде?


– 1942 жылы 16 наурызда бұл дивизияны толық таратып, оның бөлімдерін басқа атты әскер құрамаларына қосу жөнінде бұйрық шықты. Арада бір апта өтер-өтпесте, 1942 жылы 21 наурызда «106-дивизияны тез арада толықтыруға жіберу» туралы бұйрық түседі. Бірақ дивизияны тарату жөніндегі алғашқы бұйрық күшіне енгендіктен 106-дивизия «жойылып кетті».

1942 жылы 16 наурызда Жоғарғы бас қолбасшылық ставкасынан келген бұйрықта былай делінген:

«Атты әскер бөлімдерінің ұрыс қабілетін көтеру және толық әзрленген құрамалармен дер кезінде қамтамасыз ету үшін Жоғарғы бас қолбасшылық бұйырады:

– №100 өзбек, №106 қазақ және №107 қырғыз ұлттық атты әскер дивизиялары таратылсын;

– таратылған атты әскер бөлімдер майдандағы атты әскер дивизияларды қаруландыру үшін әскери советтердің қарауына берілсін, тапсырылған қару-жарақ саны туралы 1 сәуірге дейін ГАУ-ға хабарлайтын болсын»

21 наурыздағы бұйрықта 106-қазақ атты әскер дивизиясының үш полкімен күшейтілген 6-атты әскер корпусын Оңтүстік-Батыс майданды толықтыруға жіберу жөнінде айтылады.

Харьков «қазаны» мен 106-атты әскер дивизиясының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне ең негізгі себепкерлер, осыған дейінгі сұқбаттарымның бірінде айтқанымдай, маршал Семен Тимошенко, генерал Иван Баграмян және әскери совет мүшесі Никита Хрущевтар бастаған майдан командашылығының шектен тыс қылмыстық жауапсыз әрекеттері болатын.

Айтпақшы, Харьков түбіндегі жеңіліс туралы Сталинге хабарлағанда, ол мұны жойқын апат деп бағалаған: «Небәрі үш аптаның ішінде ойсыз әрекет салдарынан Оңтүстік-Батыс майдан әне-міне дегенше жеңіске жетіп тұрған Харьков операциясында жеңіліп қалғаны былай тұрсын, жауға 18-20 дивизияны тастап кетті... Бұл Шығыс Пруссиядағы Ренненкампф пен Самсонов қырғынымен бірдей жойқын апат болды...»

Сталин Харьков түбіндегі жеңіліске Оңтүстік-Батыс майдан басшылығында болған маршал Тимошенконы, генерал Баграмянды (соғыстан соң ол да маршал болды) және Хрущевті айыптап: «Егер осы апат туралы бүкіл елге хабарлайтын болсақ, онда ел сендермен басқаша сөйлесер еді...» деді.

Харьков «қазаны» ең соңғы сегізінші «қазан» болатын. Осы кезде советтің үш армиясы біржола жоқ болды, тіпті тарихтан да жойылып кетті. Бұған дейін мұндай «қазан» жеті рет болған еді. Міне жақында ғана киевтік әріптестер сол төңіректе 600 мың совет солдаты мен офицері тұтқынға түскенін айта бастады. Бұл жөнінде де білетіндер аз.

ДИВИЗИЯНЫҢ АҚЫРЫ

– Макка ханым, шартты түрде алғанда сол 106-дивизияның кейінгі тағдыры туралы қолдарыңызда егжей-тегжейлі ақпарат бар ма?


– Бізге екі жерге ескерткіш қою үшін орын бөлді. Біріншісі – Харьков облысы Красноград қаласының 3-ықшам ауданында, мектеп жанында. Бұл төңіректе халық өте көп жүреді.

Екіншісі 6-атты әскер корпусы соңғы рет шайқасқан жер. 6-шы атты әскер корпусы 49, 26 және 28 - үш дивизиядан құралды. Ал олар 90 пайызы қазақтардан тұратын 269, 288 және 307-атты әскер полктарымен толықтырылған болатын.

106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы.Сурет Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанованың "Наследники славы" сайтындағы жеке парақшасынан алынды.


6-корпус 7-танк бригадасымен бірге Красноград қаласын барлық жағынан қоршап алды. Бұл сәтте Красноградта фельдмаршал Паулюстің штабы тұрған болатын. Бірақ шешуші сәтке келгенде шабуыл тоқырап қалды.

Неге өйтті дейсіз ғой? Өйткені қару-жарақ жоқ. Танк бригадасының, тіпті жанар-жағар майы да таусылып қалды. Сөйтіп танкистер өз танклерін жау қолына түспес үшін өздері жарып жіберуге мәжбүр болды.

6-атты әскер корпусы бұл шабуылдың өтінде жүрді. 49-атты әскер дивизиясы негізгі күштен 170 шақырым, 26-дивизия 130 шақырым ұзап, алға шығып кетті. Сөйтіп олар жау тылына тереңдей еніп, Красноградқа дейін жетті де қаланы қоршап алды.

Соның кесірінен танк бригадасы мен 6-атты әскер корпусы Харьков «қазанына» түсіп, орны толмас шығынға ұшырады.

49-атты әскер дивизиясының командирі Борис Шестер «қазаннан» мың солдатты алып шыққанымен, өзі тұтқынға түсіп қалды. Тұтқында өзінің еврей екенін бірден мойындады. Оны сол сәтте-ақ атып тастады.

Мысалы, «Бои за Харьков» деген жинақта неміс генералы Клейсттің хатынан үзінді келтіріліпті. Ұрыс тоқтаған жерді аралап шыққан Клейст: «Ұрыс алаңында адам мен жылқының өлігі толып жатқаны соншалық, олардың арасынан жеңіл автокөлікпен өту мүмкін емес» деп жазады.

Сол кітаптан тағы бір үзінді: «Маршал Тимошенконың өз бөлімдеріне қалай келіп-кеткені жөнінде тұтқынға түскен совет офицер-танкисі айтып берді. Өз танкілерінің шабуылын бақылап тұрған Тимошенко, неміс артиллериясы олардың быт-шытын шығарып жатқанын көргенде «Мынау сұмдық қой!» депті де, ұрыс алаңын тастап кетіп қалыпты».

Бірақ қалай болғанда да, 106-Ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясы енді ұмытылмайды. Баткен Қапажанова, 106-дивизияның саяси жетекшісі Сағадат Құлмағамбетовтың немересі Қанат Құлмағамбетов, Шайық Қалғынбаевтың қызы секілді ізденушілердің арқасында тарихта қалады.

Өйткені олар өз әкелері мен аталары қатарында болған дивизияның іздерін тынбай іздеді, барлық инстанцияларға хат жазды. Әкелері мен аталарының ең болмағанда жатқан жерлерін тауып беру жөніндегі алғашқы өтініш те солардан түскен еді.

– Сұқбатыңызға рақмет, Макка ханым.

XS
SM
MD
LG