Accessibility links

Бүкіл әлем болып бір тілде сөйлесуге бола ма?


Сәуеттік, коммунистік империя кезінде, Мәскеудің қатаң талабымен, ол одақтағы жүзден астам ұлт пен ұлыстың бәрі орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болды.

Сол орыс тілі тіптен сәуеттік одақтан тыс аймақта, Европада, Варшава шартына мүше елдердің бәрінде дерлік негізгі шет тілі ретінде оқытылды.
Бірақ Сәует одағы құлап, коммунизм күйрегеннен кейін, империя құрсауынан құтылған ол елдердің бәрі дерлік әлемдік халықаралық тіл - Ағылшын тіліне ауыса бастады.

Орыс патшалығы кезінен бастап, сәуеттік, коммунистік күйреген заманға дейін жүздеген халықты аға тіл - орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр етекен Ресейдің өзі бүкіл әлемдік тіл деңгейіне көтерілге ағылшын тілін жаппай оқып, үйрене, үйрете бастады. Олар бұл тілді жедел және кемел үйрену үшін, кітапқа қоса, магнитофон, радио, интернеттен, сателитті теле дидардан пайдалана бастады.

Тас қабырға қиратылып, темір перде ашылғаннан соң шетелдік азаматтармен еркін араласып, ағылшын тілінде шүйіркелесуге мүмкіндік туды .

Ресейдегі қазіргі тіл жағдайына тоқтала келе, тілшіміз Джереми Бранстен, орыс тілі әр заман ағымына орай әрленіп, түрленіп тұрған. Сондай-ақ, орыс тілінің бір қасиеті, қай заман болса да, ол өзге кез келген тілден, өзіне қажетті сөздерді сол қалпында өзгертпей де, өзгертіп те ала берудің арқасында тілдік қорын байытып алған, - дейді.

Патшалық Ресей кезінде жоғары мәртебелі ақсүйектер арасында француз тілі кең қолданылып, орыс тіліне этаж, ателье, абажур сықылды жүздеген, мыңдаған сөздер енді.

Қазірдің өзінде орыстар офиске барудан алдын бизнес ланч жеп алады. Орыстың көбі көптеген терминдерді ағылшын тілінен сол қалпында алып жатса, жастардан бастап жасамысқа дейінгі көптеген орыстар енді ағылшын тілін терең меңгеру жолына түскен.

Рас, ағылшын тілін, сонау сәуеттік заманның өзінде, орыстар бастауыш мектептен университеттерге дейінгі аралықта көлемді бағдарламармен оқып келген. Қалаларда арнайы ағылшын тілі мектептері де болды. Ал бұл арада орыс емес жүздеген халық, ұлт пен ұлыс өкілдері орыс тілін үйреніп жатты.

Татарстан астанасы Қазандағы ондай арнайы мектептер жөнінде Педагогикалық университеттің профессоры Аида Садықова тілшімізге былай деген. - Қазандағы ағылшын тілін оқытатын арнаулы мектептердің өз тарихы, дәстүрі бар. Ол мектептерде ағылшын тілі 2-сыныптан бастап тереңдетіп үйретіледі. Оған қоса математика, физика, география сықылды пәндер де ағылшын тілінде оқытылады, - дейді салыстырмалы тілдер бойынша маман профессор.

- Ал енді, бұрыңғы сәуеттік кезеңмен салыстырғанда қазіргі кезде, Қазандағы мектеп, университеттерге Америка, Англияның өзінен сол тілдің иелерінің өзі келіп сабақ, дәріс бере бастады,- дейді Садықова ханым.

Сателитті теле дидар, Интернет арқылы татарстандықтар ағылшын тілділермен тікелей байланысқа шыға алады. Сәуеттік кездегідей теоретикалық грамматика мен фонетиканы ежіктеп оқып, құр бекер жаттай бермей, қазіргі кезде ауызекі қатынас тіліне және іс жүргізу тіліне көбірек назар аударады, - дейді Аида Садықова.

- Қатардағы бастауыш, орта мектептердің өзінде де оқыту методикасын, тәсілдерін өзгертуге бет алған. 60-80ші жылдардағыдай оқу мен аударуға көп уақыт сарыптамай, енді ағылшын тілінде тікелей сөйлесу өз пікірін еркін жеткізу мәселесіне көбірек назар аударылуда, - дейді профессор.

Ресей Білім министрлігі 2000-жылы жариялаған мәліметтерге қарағанда Ресей бастауыш, орта мектептері және университеттеріндегі оқушы, шәкірттердің үштен екісі шет тілі ретінде ағылшын тілін таңдапты.

Сыфырмен айтсақ, ағылшын тілін оқитындар - 9 млн. болса, неміс тілін - 4млн, ал француз тілін 1 млн. бала таңдаған.

АҚШтың Мәскеудегі елшілік қызметкері Ерик Джонсон - мамандығы бойынша кітапханашы. Ол бүкіл Ресейдегі 25 Америка бұрышы мен Америка орталықтарының үйлестірушісі.

1993-жылы ашылған ол орталықтар ағылшын тілімен қызығатын адамдарға дәріс, сабақтар ұйымдастырып, кітаптар береді, кинофильмдер көрсетеді, интернет арқылы сөйлсесуге мүмкіндік жасайды, тіл ұштастыру клубтарын ұйымдастырады.

Джонсонның айтуынша, Ресейдегі көптеген жастар ағылшын тілін жақсы білгісі келеді.

- Менің түсінігімде, орыстардың басым көпшілігі ағылшын тілін халықаралық бизнес, сауда, коммерция тілі деп есептейді. Оның халықаралық қарым-қатынас тілі, интернет тілі екендігі рас. Ресейлік жастар білім алуда, жұмыс табуда, ағылшын тілін білудің маңызы зор деп түсінеді. Мәскеу мен Санкт Петербургты айтпағанда Ресейдің өзге көптеген аймақтарында банк саласында және өзге компанияларда ағылшын тілін білетіндердің әлі де болса жетісе бермейтіндігі байқалады, - дейді Джонсон.

Профессор Садықованың айтуынша, Татарстан астанасы Қазанда негізгі мамандықпен бірге ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын бөлімдердің базары қызу.

- Университет бағдарламаларында, мысалы, география немесе Тарих пәнімен бір қатар ағылшын тілін оқып үйрену топтарында оқуға құштар шәкірттер басым. Нәтижесінд,е жастардың бірден екі мамандық алып шығуға да мүмкіндіктері туды. Қазіргі кезде экономика және ағылшын тілі, заң және ағылшын тілі деген бөлімдердің жолы болып тұр, - дейді профессор.

Санкт Петербургтағы Британия кеңесіндегі Оқу бағдарламасының жетекшісі Даррел Фокс та, Ресейлік жастар ағылшын тілін болашақтағы жұмыс, және бизнес үшін қажет деп түсінеді, дейді. Британия кеңесі де Ресейдің бір қатар қалаларында тіл үйрету орталықтарын ашқан.

- Біздің мектептерімізде 13 жастағы өспірімдер де оқиды. Студенттеріміз оқу нәтижесінде Кеймбридж бағдарламасы шеңберіндегі емтихандарды тапсырады. Жастардың мақсаты - айлық жалақысы жақсы жұмысқа орналасу, немесе шет елдерге барып өз бақытын сынау, - дейді Даррел Фокс.

Әр жастың әрине, өз арман-тілегі, мақсаты бар. Бірақ, анық бір нәрсе - өзге елдер сықылды, Ресейге де ағылшын тілі әбден мықтап тамыр жая бастады. Алдағы кезде де ағылшын тілі одан әрі кеңінен тарай түспесе, оның мәртебесі төмендемейтіндігі енді мәлім болып қалды, - дейді британиялық тіл маманы.
XS
SM
MD
LG