Accessibility links

Үлкен қазақ-ағылшын сөздігі таныстырылды


Кристофер Бейкер, Индиана (АҚШ) университетінің PhD докторы, қазақ-ағылшын сөздігінің құрастырушысы. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.

Кристофер Бейкер, Индиана (АҚШ) университетінің PhD докторы, қазақ-ағылшын сөздігінің құрастырушысы. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.

50 мың сөзді қамтыған қазақ-ағылшын түсіндірме сөздігі Қазақстанда тұңғыш рет шыққалы отыр. Бүгін, наурыздың 26-сы, Алматыда АҚШ-тың Индиана университетінің PhD докторы, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп жүрген ғалым Кристофер Бейкер 1300 беттен, 50 мың сөзден тұратын қазақ-ағылшын сөздігінің жобасын таныстырды.


Оның айтуынша, жаңа сөздіктің бұған дейін шығарылған қазақ-ағылшын сөздіктерінен айырмашылығы - мұнда жалаң аударма ғана берілмеген, сөздердің әдеби-тарихи мағынасын ашуға да көңіл бөлінген. Яғни, бұл - түсіндірме сөздік. Оқыған адам қазақ сөздерінің ағылшынша баламасын ғана тауып қоймай, қазақ халқының мәдени-тарихи болмысын да танып-біле алады. Кристофер Бейкер наурыздың 26-сы күні жобаны таныстырып тұрып:
Кристофер Бейкер, Индиана (АҚШ) университетінің PhD докторы, қазақ әдебиеті тарихының зерттеушісі. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.

Кристофер Бейкер, Индиана (АҚШ) университетінің PhD докторы, қазақ әдебиеті тарихының зерттеушісі. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.


- Біз сөздікке қазақ тілінің әдеби тарихын енгізуге тырыстық. Мысалы, «ақсүйек» сөзін алсақ - оның қазақ мәдениеті мен тарихындағы мағынасына назар аудардық. «Ақсүйек» ұғымы қазақ арасында Шыңғыс ханның ұрпақтарына ғана қатысты айтылады. Осы тектес түсіндірмелер жасадық, - деді.

Оның айтуынша, сөздікте күрделі сөздер, тұрақты сөз тіркестері қамтылған. Сонымен қатар, қазақ тіліне кейінгі жылдары енген жаңа сөздер де бар.

Ғалымның айтуынша, қазақ тілін ағылшын тілі арқылы үйренгісі келетіндер көбіне етістіктің шақтарынан қиналады. «Етістіктерді қолданғанда оны қай шақта, қандай грамматикалық әдіспен қолдану керек. Біз осыны ыңғайлы етіп түсіндірдік» дейді Кристофер Бейкер.

Бұл жобаға екі жыл уақытын арнаған Бейкер бұл сөздікті құрастыруға шамамен он шақты ғалым қатысқанын айтты. Оның арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қызметкері Көбей Құсайын, Назарбаев университетінің өкілі ғалым Габриель Магуайер, шығыстанушы-ғалым Әшірбек Мүминов, Индиана университетінің де ғалымдары бар.

«Басты мақсатымыз – қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін қамту болды» дейді Кристофер Бейкер.

Америкалық ғалым жоба барысында көптеген қиындықтарға кезіккенін, соның ішінде қаржылық проблемалардың да болғанын айтты. Ол сөздіктің жалпы нобайы дайын болған шақта көптеген ұйымдарға, сонымен бірге, қазақстандық және шетелдік мұнай компанияларына қаржылай көмек сұрап барған екен. Олардың барлығы қолдау көрсете алмайтындарын айтыпты.
Борис Шнитниковтың редакциялауымен 1966 жылы шыққан қазақша-ағылшынша сөздік. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.

Борис Шнитниковтың редакциялауымен 1966 жылы шыққан қазақша-ағылшынша сөздік. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.


Тек АҚШ елшілігі екі мәрте грант бөліпті, жақында Назарбаев университеті қосымша көмек берген.

- Біз енді сөздікті редакциялауға кірісеміз. Өте үлкен жұмыс. Бұл сөздікті жасауға көп адамдар қатысты. Ол адамдардың жазып берген дүниелерін бір-бірімен форматы жағынан, тілі мен стилі жағынан сәйкестендіру керек , - деді Кристофер Бейкер.

Ғалымның айтуынша, кітап күзге салым басылып шығады. «Бағасы шамамен 3000-5000 теңге аралығында болады».

Жаңа сөздік тұтастай дайын болмаса да, Кристофер Бейкер дүйсенбілік жиынға оның редакцияланбаған нұсқасының көшірмесін алып келіп көрсетті. Ол салыстыру үшін бұған дейін шыққан сөздіктердің де көшірмесін ала келіпті.

Ескі сөздіктерде, мысалы, «ат» сөзінің екі мағынасының (бірі – жануар, екіншісі - есім) аудармалары ғана берілсе, жаңа сөздікте бұл сөзге тұтас екі бет арналған. Мысалы, «ақ боз ат», «бәйге ат» сияқты тіркестердің аудармалары мен атқа қатысты басқа да мысалдар берілген.
Қазақша-ағылшынша жаңа сөздіктің 60-беті. Бұл сөздікте бір сөзге бірнеше бет арналған. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.

Қазақша-ағылшынша жаңа сөздіктің 60-беті. Бұл сөздікте бір сөзге бірнеше бет арналған. Алматы, 26 наурыз 2012 жыл.


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Көбей Құсайынның айтуынша, жаңадан құрастырылып жатқан сөздікті «академиялық» деп айтуға келмейді. Ол «Бұл сөздікті Қазақстан мамандары толықтырып, академиялық деңгейге жеткізулері керек» деп есептейді.

- Бүкіл фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, көнерген сөздер, аңыздарда ғана кездесетін ұмытылған сөздердің бәрі, сонымен бірге неологизмдер де қамтылса, көлемі 100 мың сөзге жетіп жығылса, мұны «академиялық сөздік» деп айтуға болады, - деді ол.

Оның айтуынша, 2000 жылдан бастап тіл білімі институты ірі көлемде қазақ-ағылшын сөздігін жасап шығару туралы үкіметке талай мәрте ұсыныс түсірген екен. Көбей Құсайын:

- Бірақ бұл ұсынысты ешкім қабылдаған жоқ, - деді.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда бұған дейін бірнеше қазақ-ағылшын сөздіктері шыққан. Бірақ олар ұзағанда 20 мың сөз ғана қамтыған.

1966 ЖЫЛЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ҚАЗАҚ-АҒЫЛШЫН СӨЗДІГІ

1954 жылы Х.Махмұдов пен Г.Мұсабаевтың қазақ-ағылшын сөздігі басылып шыққан.

Мұнан кейін Совет Одағынан тыс жерде ірі көлемде басылып шыққан сөздіктердің бірі - 1966 жылы жарық көрген қазақ-ағылшын сөздігі. Оны Борис Шнитников құрастырған. Белгілі ғалым Николас Поппенің алғысөзімен жарық көрген бұл сөздіктің көлемі 300 беттен асады. Сөздікті құрастырушы Борис Шнитников жұмысы аяқталмай жатып, ауырып қайтыс болған.

Сөздікте кирилицада қазақ тілінде ерекше қолданылатын і, қ, ғ, ұ, ү, ө, ә әріптерінен басталатын сөздерге кітаптың соңында жеке орын берілген.

Борис Шнитников 1912 жылы Санкт Петербургтегі политехникалық университеттің экономика факультетінде оқып жүріп, Қазақстанға келеді. Сөздіктің алғысөзінде оның қазақ тілін осы кезден бастап үйренгені айтылады. Кейін большевиктер революциясынан соң ол АҚШ-қа қоныс аударуға мәжбүр болады.
Алматыдағы "Академкнига" кітап дүкені. Көрнекі сурет

Алматыдағы "Академкнига" кітап дүкені. Көрнекі сурет


«Шнитников қазақ тілін үйрену идеясынан ешқашан бас тартпайды. Осы жылдар ішінде ол қазақ сөздігі мен грамматикасы туралы материалдарды жинап отырды. Ол барлық ескі сөздіктерді ақтарып, әртүрлі қазақша кітаптардан көптеген сөздерді жинады» деп жазылған осы сөздіктің алғысөзінде.

Бұл сөздіктің жинақталып, жарық көруіне Джорджтаун университетінің профессоры Л. Е. Достерт, Колумбия университетінің пофессоры Карл Генрих Менгес, доктор Раймонд Хеберт және Индиана университетінің профессоры Джон Крюгер мен доктор Талат Текин көмектескен. Америкалық оқымыстылар кеңесі (counsil of learned societies) сөздікті 1966 жылы жарыққа шығарды.

Наурыздың 26-сы күні Азаттық тілшісі Кристофер Бейкерден сұрағанда ғалым бұл сөздік туралы білмейтінін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG