Accessibility links

Австрия қазағы: Қазақ тілі мен әнін үйрететін курс ашсақ дейміз


Байтұрсын Шолпан, Австрияда тұратын этникалық қазақ. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

Байтұрсын Шолпан, Австрияда тұратын этникалық қазақ. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

Австриядағы қазақ қоғамының жетекшісі Байтұрсын Шолпан ол елдегі қандастарының жағдайын әңгімелеп берді.

Азаттық тілшісі Австриядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Байтұрсын Шолпанмен Астанада қазанның 29-ы күні өткен шетел қазақтары өнер фестивалінде кездесіп, ол елдегі қазақтардың жай-күйін сұрап білді.

Азаттық: – Австрияға қашан қалай бардыңыздар?

Байтұрсын Шолпан: – Ата-бабамыз Зайсан мен Марқакөл (Шығыс Қазақстан облысы - ред.) маңын мекендепті. 1900 жылдары Қытай жағына көшіп кетіпті. Шығыс Түркістандағы 1947-1950 жылдардағы қозғалыстан кейін біразы Моңғолияға, біразы Үндістан мен Пәкістан жағына көшіп, кейбіреуі сол жерлерде он шақты жыл тұрыпты. Біздің әке-шешіміз 1952 жылы Түркияға көшіп келген.

Менің туған жерім – Түркия. Бала кезде түрік оқуына бардық, түрікше оқыдық. Австрияға 1990 жылдары, 20 жасымда бардым. Бізден бұрын 1970 жылдары ағаларымыз барған. Қазір Австрияда 30 қазақ отбасы бар, олардың көбі – Түркиядан көшкен қазақтар. Одан кейін соңғы 10-15 жылда Қазақстаннан келген студенттер мен кәсіпкерлерді қоса есептегенде Австрияның Венасындағы қазақтың саны 500-ден асады.

Өзім ағам Қызырханның такси компаниясында қызмет етемін. Екі балам бар – қызым 18, ұлым 16 жастан асты. Екеуі де мектепке барып жүр.

Азаттық: – Австриядағы қазақтар бір-бірлеріңізбен араласып тұрасыздар ма?

Қазақ және қырғыз әншілерін тыңдап отырған Австриядағы қазақ пен қырғыз диаспорасы өкілдері. Вена, 2006 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Қазақ және қырғыз әншілерін тыңдап отырған Австриядағы қазақ пен қырғыз диаспорасы өкілдері. Вена, 2006 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Байтұрсын Шолпан: – Араластығымыз, сыйластығымыз жақсы. Қазақстандық студенттер біздің балаларымызбен бірге футбол ойнайды. Австрия-Вена қазақ командасы бар. Тойларымыз болса, сол студенттерді шақырамыз.

Азаттық: – Ол елдегі қандастарыңыздың қазақшасы қалай? Өзара қазақша сөйлесесіздер ме?

Байтұрсын Шолпан: – Өзім қазақша онша жақсы сөйлей алмаймын. Әке-шешеміз үйреткен аз-маз қазақшамыз бар. Интернеттен қазақ театрын қарағанды жақсы көремін. Әсіресе Тұрсынбек Қабатовты, «Нысана», «Шаншар» театрларын жақсы көремін, солардан үйренген қазақшамыз бар.

Шынын айтсам, өз арамызда қазақша аз сөйлесеміз. Балаларымыз неміс мектебіне, неміс балабақшасына барады. Немісше, түрікше сөйлейді. Қазақ мектебі жоқ. Балаларға қазақша үйрету үшін ағам Қызырхан ұлын Қазақстанға жіберген. Ол бір жыл осы жерде қазақтың тілін үйренді. Былтыр Қазақстан үкіметі сыртта жүрген қазақтардың 16-20 жас аралығындағы балаларын арнайы бағдарлама бойынша Қазақстанға шақырған. Балаларымыз «біздің де атамекеніміз бар екен, өз тіліміз, мәдениетіміз, әніміз бар екен» деп қатты қуанып Қазақстанға келген. Қолдарына бір-бір домбыра ұстап үйге оралды. Содан бері қазақ әнін, қазақ тілін үйреніп келіп жатыр. Құдай қаласа, алдағы жылы балаларымызды тағы да жібереміз.

Қолдарына бір-бір домбыра ұстап үйге оралды. Содан бері қазақ әнін, қазақ тілін үйреніп келіп жатыр. Құдай қаласа, алдағы жылы балаларымызды тағы да жібереміз.

Азаттық: – Сіз басқаратын қазақ мәдени орталығы қандай жұмыстар атқарып жатыр? Нендей жоспарларыңыз бар?

Байтұрсын Шолпан: – Ең алдымен сол жерге келгендерге, мәселен, жаңа бір елші немесе кәсіпкер келсе, оларға бір нәрсе керек болса, жол көрсетеміз. Қазақстаннан келген қонақтарды күтеміз. Қалаға қыдырту – біздің бірінші шаруамыз.

Балаларымызға қазақ тілін, әнін, домбырасын үйрету үшін курс ашсақ деп едік. Әзірге оған ақша жетпей жатыр. Әйтпесе Австрияда қазақша жақсы сөйлейтін, домбыраны жақсы тартатын қазақ студенттері баршылық. Олар көмектесуге дайын.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG