Accessibility links

Әуесқой лингвистің қазақ тілін үйрететін екінші кітабы шықты


«Ситуативный казахский. Диалоги» кітабының авторы Қанат Тасыбеков. Астана, 23 қаңтар 2015 жыл.

«Ситуативный казахский. Диалоги» кітабының авторы Қанат Тасыбеков. Астана, 23 қаңтар 2015 жыл.

​«Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков екінші оқулығын шығарып, «қазақ тілін стандарттау керек» деп мәлімдеді. Академиялық сала мамандары ондай стандарттар бұрыннан барын айтады.

Бүгін Астанада Қанат Тасыбековтің кітабының «Ситуативный казахский. Диалоги» деген екінші томының презентациясы өтті. Мамандығы кәсіби филолог емес автордың өзі қазақша сөйлеуді жуырда ғана үйренген.

Кәсіби филологтар мұндай оқулықтарды жеке адамдардың азаматтық бастамаларына балайды.

ДИАЛОГ-КІТАП

Ұлттық академиялық кітапханада өткен презентацияға жұрт көп жиналды. Орын жетпегендерге қосымша орындықтар әкелді. Презентация кезінде Қанат Тасыбековтің екі кітабы сатылып жатты. Бірақ сатып алғандар аз болды. Диалог түрінде құрылған шығарманы парақтап, ойдан шығарылған кейіпкерлерінің суреттерін қарап шығумен шектелген кейбір жандар олардың ерекше екенін айтты.

Қанат Тасыбеков мінберге көтерілген бетте «қазақтардың жартысы ана тілін білмейді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жұрттың көбі тиімді әдістеме жоқтығынан қазақ тілін үйрене алмай жүр. Әуесқой лингвист қазақ тілін үйренгісі келетін ересектерге сөздерді, септіктер мен жіктеулерді жаттамай, тіл білетін жандарға ілесіп дайын сөйлемдерді қайталауға әрі оларды біртіндеп пайдалана бастауға кеңес берді.

Қазақ тілін қолдау жиыны. Алматы, 22 қыркүйек, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақ тілін қолдау жиыны. Алматы, 22 қыркүйек, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қанат Тасыбеков «Ситуативный казахский. Мир казахов» деген алғашқы кітабында үйлену тойы, жерлеу рәсімі сияқты дәстүрлі шаралар кезінде айтылатын мыңға жуық сөз тіркестерін үйренуді ұсынған. Ал «Ситуативный казахский. Диалоги» деген екінші кітабында трайбализм, «қазақы ислам», ұлттық мәселелер, ұлтаралық неке, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына мүшелігі, Астана және Алматы қалалары сияқты тақырыптарға құрылған ауызекі диалогтарды пайдаланған.

– Диалог сабақтар енгізілген бұл кітап жеті тараудан тұрады. Кітаптағы диалогтарды оқу арқылы адамның белгілі бір лексикалық сөз қоры қалыптасады. Диалогтар қазақша жазылған әрі орыс тіліндегі аудармасы берілген, – дейді Қанат Тасыбеков.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?

Презентация басталар алдында кітап авторы Азаттық тілшісіне қазақ тілін 50 жасқа қарай үйрене бастағанын айтты. Автор «тілді үйреніп жүрген кезімде бұл әдістемем өзге адамдардың да кәдесіне жарар деп ойладым» дейді. Қазақстанда қазақ тілін үйрететін «дені дұрыс әдістеме жоқ» деген Қанат Тасыбеков қазақ тілін үйрене бастағанына төрт жыл болғанын, бірақ нәтижесіне әлі көңілі толмайтынын айтады.

Қанат Тасыбеков алғашқы оқулығын - «Ситуативный казахский» кітабын таныстырып отыр. Алматы, 16 тамыз 2014 жыл.

Қанат Тасыбеков алғашқы оқулығын - «Ситуативный казахский» кітабын таныстырып отыр. Алматы, 16 тамыз 2014 жыл.

– Ойымды орысшадағы сияқты толық жеткізе алмаймын әрі тағы біраз кем-кетік тұстарым бар. Қазақ тілін стандарттау керек, мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Мысалы, ағылшын тілінде базалық деңгейді меңгеру үшін 800 сөз жаттау керек. Бізге де сондай базалық тіл қорын жасап, нормаға келтіру керек. Өйткені біздің тіліміз бай, синоним сөздер өте көп, ал олардың бәрін жаттау қиын. Оны аздап стандартқа келтіріп, сәл-пәл қысқарту керек. Ақпарат құралдары жұрттың бәріне түсінікті етіп пайдаланатындай етіп әлдебір стандарттық норма енгізу керек, – дейді Қанат Тасыбеков.

Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің практикалық қазақ тілі кафедрасы мамандары Қанат Тасыбековтің әдістемесімен әзірше таныспағандарын айтады. Кафедра мамандары Азаттық тілшісіне «мұндай жазушыны танымаймыз, ал кітаптарын оқымағандықтан баға бере алмаймыз» деді.

Университет мамандарының айтуынша, Қазақстанда қазақ тілін үйренудің түрлі деңгейдегі стандарттары бұрыннан бар. Университет студенттері қазақ тілін бекітілген типтік ережелер бойынша оқиды. Еуразия ұлттық университеті мамандары қазақ тілін үйренуде мемлекеттік бағдарламалар мен әдістемелерді пайдалануға кеңес берді.

Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова қазір елде түрлі әдістемелер қалыптасып келе жатыр деп есептейді. Ол Қанат Тасыбековтің әдістемесін қазақ тілін үйренуді қолдайтын азаматтық бастама деп біледі. Тіл маманының айтуынша, Қазақстанда мұндай азаматтық бастамалар мониторингі жүргізілмейді, қазақ тілін үйрету бағдарламаларына үкімет жыл сайын қыруар қаржы бөлгенімен тілді қолдау шараларымен аздаған үкіметтік емес ұйымдар ғана айналысады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG