Accessibility links

Бегемот па, әлде сусиыр ма?


Қазақша "сөйлейтін" қалам. (Көрнекі сурет.)
Қазақша "сөйлейтін" қалам. (Көрнекі сурет.)

Cарапшылар «кейбір халықаралық терминдерді қазақ тіліне ебедейсіз аударған, тіпті ерсі сөздерге айналдырып жіберген» дейді. Ал мектепте балаларды осындай сөздіктер бойынша оқытады.

Алматы қаласы тұрғыны Индира Сәтенованы кейбір халықаралық терминдер мен көпшілік қолданатын сөздердің қазақ тіліндегі ерсі аудармаларына қайран қалады. Ол «сорақы» аударманы алғаш баласынан естігенін айтады.

– Бесінші сыныпта оқитын балам мектептен келді де, «баклажан» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасы – «жер татақ», ал «банан» – «аспан татақ» деді. Оларға мұны мұғалім апайлары айтыпты. Мұны естігенде, шалқамнан түсе жаздадым, – дейді Индира Сәтенова.

Кейбір халықаралық терминдер мен сөздерді қазақ тіліне жөн-жосықсыз әрі қате аудару проблемасы жергілікті баспасөзде талай талқыланған. Бірақ мұндай калькалар мен ерсі сөзжасамдар қазақстандықтардың күнделікті тұрмысында қолданылмаса да, кейбір орыс-қазақ сөздіктерінде сол күйі қалған. Мысалы, бегемот – сусиыр, балкон – қылтима, плоскогубцы – атауыз, стюардесса – аспансерік. Ал орыс тіліне кері аударған кезде, олардың мағынасы мүлде өзгеріп кетеді (мысалы, бегемот – суда тіршілік ететін сиыр, тістеуік – аран ауыз, стюардесса – аспанда серік болған әйел, балкон-қылтиманың синонимі көп).

Бесінші сыныпта оқитын балам мектептен келді де, «баклажан» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасы – «жер татақ», ал «банан» – «аспан татақ» деді.

Азаттықтың «Мұндай қателерге не себеп, оларды мектеп бағдарламасына неге енгізеді?», «Бұл аудармаларды кім бекітеді және қанша лингвистикалық комиссия бар?» деген сауалдарына білім және ғылым министрлігіне қарасты білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Талғат Дайыров жазбаша жауап жолдады.

«Құрастырылған оқулықтарға күні бұрын педагогикалық, ғылыми, ал 2015 жылдан бастап қоғамдық сараптама жүргізіледі. Оқулық құрастырудың бүкіл циклын білім саласының өкілетті органдары басқарып, бақылайды. Сарапшылар мемлекеттік тілдің терминология сияқты проблемаларына арналған газет-журналдарда жарияланған Қазақстан Республикасы үкіметі жанынан құрылған мемлекеттік терминологиялық комиссия (Мемтерминком) нұсқауларына сүйенеді» деп жазылған Талғат Дайыровтың жауабында.

Ведомство өкілінің жазуынша, Мемтерминком бекіткен аудармалар «Ана тілі», «Терминологиялық хабаршы», «Тіл және қоғам», «Тіл» сияқты газет-журналдарда жарияланады. «Бірақ қазір терминдерді сәйкестендіру, жүйелеу, реттеу және стандарттау проблемалары ескерілген бірыңғай сөздік жоқ. Ресми комментарийге қарағанда, оқулыққа сараптама жасайтын мамандар терминдердің бастапқы мәні мен тарихи ерекшелігін сақтауға тырысады. Сондықтан Мемтерминком қабылдаған терминдер мен кейбір диалект сөздер мен сөз орамдарын оқулықтарда пайдалану орынды, мұндай оқулықтар жан-жақты талданып, қажет болса тиісті шаралар қолданылады» деп жазады Талғат Дайыров Азаттықтың сауалына берген комментарийінде.

«Түркістан» газетінің бас редакторы, терминологиялық комиссия мүшесі Шәмшидин Пәттеев Азаттыққа терминдерді бекіткен кезде терминологиялық комиссияда түрлі пікірлер талқыланып, дау туатыны, бірақ кейде сәтсіз шешім қабылданатыны туралы айтты.

– Мен терминологиялық комиссияның мүшесімін, дұрыс аударылмаған терминдерге үнемі қарсы шығамын. Комиссия мүшелері көп таласады, ақыры көпшілік жеңеді. Қазақтың ой-санасына, тіліне жақын сөздер бар, бірақ мен терминдерді жаппай аударуға қарсымын. Комиссия мүшелері кейбір терминдерді бекітіп жатқанда келіспеймін, қарсы боламын. Ұмытылып қалған сөздерді ретке келтіру керек, ал халықаралық терминдерді аударуға болады, бірақ құлаққа түрпідей тиетіндей емес, жатық етіп аудару керек, - дейді Шәмшидин Пәттеев.

Ұмытылып қалған сөздерді ретке келтіру керек, ал халықаралық терминдерді аударуға болады, бірақ құлаққа түрпідей тиетіндей емес, жатық етіп аудару керек.

Қате аударылған терминдер мен сөздер ата-аналар мен мектеп оқушыларын ғана емес, қоғам қайраткерлерін де алаңдатады. Қазақ ақыны әрі саясаткер Мұхтар Шаханов кейбір терминдердің аудармасына қынжылады. Белгілі ақын «қазір бәрін ақшаға сатып алады, қате жібергені үшін ешкім жауап бермейді» дейді.

– Қазір оңды-солды аударып, қолданып жүрген сөздер қазақтарда ешқашан болмаған. Мысалы «фонтан» сөзін «шаптырма» деп аударыпты. Мен мұндай «өнерге» қарсымын. Қазір Қазақстан қоғамында ақшаға бәрі сатылатын болды ғой, телевизияда жөн-жосықсыз хабарлар қаптап кетті, мен тіпті қазақстандықтардың болашағы жайлы айтудан қорқамын, - дейді Мұхтар Шаханов Азаттыққа.

«Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам термин жасау ісінде түркі елдері тәжірибесіне сүйенуді ұсынады. Оның пікірінше, шығыс елдерінде араб тілінен ауысқан әрі қазақ халқының менталитетіне жуық сөздер көп.

– Аударма ісі – заңмен реттелетін процесс. Кез-келген ел терминдерді өз мүддесі үшін аударады. Біздің зиялы қауымның сөз үндестігі дегеннен хабары аз, оларға әйтеуір бірдеңе ойлап тапса болды. Мұндай істе ұқыпты болған жөн, сөздің табиғаты қазақ тілімен үйлесіп тұруы тиіс. Жұртқа күлкі болатын мынадай масқара жағдайға жеткізуге болмайды, - дейді Сейдахмет Құттықадам Азаттыққа.

24 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзге постсоветтік елдердегі сияқты қазіргі қазақ тілінде де термин жасау процесі күрт жанданған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG