Accessibility links

Ресейде қанша қазақ гастарбайтері бар?


Ресейде жүрген шетелдік жұмысшылар Ленин мен Сталин болып киініп алған адамдардың қасында суретке түсіп тұр. Мәскеу, 6 қазан 2011 жыл.

Ресейде жүрген шетелдік жұмысшылар Ленин мен Сталин болып киініп алған адамдардың қасында суретке түсіп тұр. Мәскеу, 6 қазан 2011 жыл.

Қазақстандықтар шетелге, соның ішінде Ресейге де, жұмыс іздеп барады. Бірақ шетелдегі қазақ гастарбайтерлері туралы нақты мәліметтер жоқ. Қазақстандық Дамирдің Мәскеуде жұмыс істеп жүргеніне төрт жылдан асқан. Ол Ресейге не үшін барғанын Азаттық радиосына әңгімелеп берді.


- Бұл қалай болды дейсіз ғой? Мен мұнда Ұлыбританиядағы оқуым біткен соң, тәжірибе жинау үшін келдім. Үкіметтік емес ұйым бір жылға жұмысқа шақырды. Шынымды айтсам, көп ойланбай келісе салдым. Біріншіден, Ресейде тұрып көрген жоқпын, тіпті мұнда мүлдем болмаппын. Америкаға кетіп бара жатқан кезде бір аптадай болғаным есімде, бірақ ол кезде 16 жастағы бозбала едім, - дейді фамилиясын айтқысы келмеген Дамир.

«МӘСКЕУДЕГІ КӨШПЕНДІЛЕР»

- Ресейде шынымен де қызық, - деп әңгімесін жалғастырды Дамир. - Біз, қазақтар, белгілі бір дәрежеде орыс мәдениетіне жақынбыз, бірақ орыс емеспіз. Ресейді өз көзіммен көргім келді. Мен мұнда орыс болайын деп келген жоқпын, орыс мәдениетін қабылдадым деп те айта алмаймын. Бірақ Ресейге келмей тұрып орыс мәдениеті маған өте жақын болды. Қаласақ та, қаламасақ та қазақтар орыстандырудың құрбаны болды: көбіміз орыс тілінде сөйлейміз, орыс мектебіне бардық, белгілі бір дәрежеде орыс мәдениетінің өкіліміз.
Мен Ресейде бөтен адаммын деп ойлаймын. Бірақ өзімді Қазақстанда да, Англияда да, Америкада да бөтен сезінемін.

Мен Ресейде бөтен адаммын деп ойлаймын. Бірақ өзімді Қазақстанда да, Англияда да, Америкада да бөтен сезінемін. Өзімді белгілі бір мәдени топ өкіліне қосқым келмейді. Мәселен, Қазақстанда жүргенде де кей адамдарды түсінбейсің, олардың кейбір мәдени ерекшеліктерін ұқпайсың. Осы ретте мен Қазақстандық қоғамның дерті осы деп ойлаймын - ондағы қоғам мәдени жағынан бөлшектеніп кеткен.

Мәселене, менің шешем қазақ тілін мүлде білмейді. Алайда нағашы әжем қазақ тілінде де, орыс тілінде де өте жақсы сөйлейтін. Анам Алматы қаласында қазақ тілін білмей өсті, мен де солай ержеттім. Мені ата-анам қазақ мектебіне де беріп көрді, бірақ онда менімен ешкім сөйлеспейтін, өйткені мен қазақ тілін білмедім. Яғни мен Қазақстанда жүрсем де белгілі бір дәрежеде бөтен болдым.
Қазақ болсам да Қазақстанда мен түсінбейтін, менталитеті мүлде басқа адамдар көп. Яғни, біздің қоғам жікке бөлініп кеткен.

Қазақ болсам да, Қазақстанда мен түсінбейтін, менталитеті мүлде басқа адамдар көп. Яғни біздің қоғам жікке бөлініп кеткен.

Мәскеуде мен өзімді қазақ сезінбеймін. Кейбір адамдарда болатын ұлттық сезімдер менде жоқ. Ондай сезімдерді бұрынғы отар елдерден метрополияға келген адамдардан көп байқаймын. Бірақ мен - қазақпын, өзімді қазақ деп есептеймін. Алайда менің қазақтығым менің кім екенімді анықтап тұрған жалғыз фактор емес.

Мәскеуде Батыс елдеріндегідей, мәселен Испаниядағыдай, Греция немесе Италиядағыдай жұмыс табу қиын емес. Жұмыс бар, мұндағы жұмыссыздық әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда төмен. 2012 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Кеден одағы іске қосылды. Яғни бұл одақ аясында тауар мен жұмыс күші шекарадан еркін өтіп жүре береді. Бұрын Мәскеуде жұмыс істеуге рұқсат алуың үшін жұмыс беріп отырған мекеме сен үшін жүгіретін. Енді Кеден одағының іске қосылуына байланысты Қазақстан мен Беларусь азаматтарына Ресейде, керісінше Ресей азаматтарына Қазақстан мен Беларусьте жұмыс істеуге арнайы рұқсат алудың керегі болмай қалды. Яғни мұнда ресейліктер сияқты арнайы рұқсатсыз жұмыс істей бересің. Бұрын 180 күн жұмыс істеген соң резидент мәртебесін алатынсың. Бұл ережелердің қаншалықты өзекті екенін білмеймін. Маған жұмыс берушім зейнетақы қорынан жеке шот ашуды ұсынды, бірақ мен бас тарттым.

Мәскеуде осымен төртінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Енді «әрі қарай қайда барсам екен» деп ойланып жүрмін. Бұрын тұрып көрген елдерге барғым келмейді. Қазақстанға да, Ресейге де, Ұлыбританияға да емес, басқа елге көшсем деймін. Біз, қазақтар - көшпендіміз. Көшпенді болып жүре бергім келеді.
Мәскеуге Орталық Азиядан барған мигранттарды полиция тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 шілде 2011 жыл.

Мәскеуге Орталық Азиядан барған мигранттарды полиция тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 шілде 2011 жыл.


Экономикалық тұрғыдан алғанда, менің айлығым орташа жалақыдан жоғары. Бұл қаланың ортасында пәтерде тұруға да, басқа да мұқтаждықтарыма жетеді. Бірақ Мәскеуде пәтер мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді, өйткені мұндағы адамдардың көбі басқа жақтардан келіп жұмыс істейді. Басқа қазақтарды білмеймін - өзімнің жұмыс мәселесінде жолым болды деп есептеймін. Күнкөріс мәселесі маған ешқашан қиыншылық туғызған емес.

Ресейде жүрген қазақтарды экономикалық мигранттар деп есептемеймін. Тек жұмыс табу үшін келген қазақтарды көп көрмейсің. Көре қалған күнде де олардың қиналып жүргенін байқамадым: «Мәскеу жаман қала емес» дейді. Бірақ мұнда тұрып қалатын ойлары жоқ.

Мәскеу - өмір сүруге қолайлы қала емес. Шеттен келген адамдар мұнда орнығып қалғысы келмейді. Маған Мәскеудің ұнаған себебі – Америкадағы сияқты мұнда бірқалыпты өмір жоқ, болашағыңды болжай алмайсың. Саясаттанушы ретінде маған бұл қала ұнайды. Мәскеудегі саясаттың өзі қызықты, оқиғаларды бақылаудың өзі ішіңді пыстырмайды. Мәскеу - Еуропалық шаһар. Мұнда ақшаң болса, сатып алмайтын дүниең жоқ. Ал Нью-Йоркте ақшаң бола тұрып, кей нәрселерді сатып ала алмауың мүмкін.

«САЯХАТШЫЛАР»

Бұл – жасы 30-ға келген, Еуропада жоғары білім алған, кез келген елде жұмыс тауып кете алатын, Қазақстанға оралуға асықпайтын бір ғана қазақ эмигранттың әңгімесі. Орыс тілді Дамирдің Қазақстан азаматы болғысы келмейтіні, болашақта да Қазақстанда тұрғысы келмейтіні көрініп тұр.

Осыдан бір жыл бұрын ресейлік «Новая газета» басылымы Facebook-те ресейліктер арасында сауалнама жүргізді. Өйткені 2008 жылдан бастап Ресейден экономикалық тұрғыда белсенді 1,25 миллион азамат шетелге көшіп кеткен еді.

Сауалнаманың нәтижесінен белгілі болғандай, бұл адамдар - Ресейдегі саяси режимнен қашып шетелге кеткен қалтасы қалың азаматтар емес - орташа жасы 35-ке келген, жоғары білікті, бірақ Ресеймен болашағын байланыстырмайтын орта тап өкілдері болып шықты.
Мигрант қырынып тұр. Мәскеу, 6 шілде 2011 жыл.

Мигрант қырынып тұр. Мәскеу, 6 шілде 2011 жыл.


Қазақстандық эмигранттың әңгімесінен байқағанымыз – қазақстандықтар шетелге жоғарыда айтылған ресейлік «саяхатшылар» сияқты күнкөріс қамымен ғана емес, қанымызға сіңген «көшпенді» менталитеттің әсерімен, «қызық үшін» қоныс аударады. Алайда Дамир бұған тіл және сезім факторын қосып отыр. Ол орыс тілді адам ретінде Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де өзін бөтен сезінеді.

Дамирдің әңгімесі шетелге білікті мамандардың кетіп жатқанын көрсетеді. Өйткені тоқырауға ұшыраған елден алдымен білікті мамандар кетеді, одан кейін жұмыс қабілеті мықты кәсіпқой адамдар да қаша бастайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ГАСТАРБАЙТЕРЛЕР ҚАНША?

Stratfor агенттігі ақпанның 11-інде Ресейдің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы туралы мақала жариялады. Онда Қазақстанның шамамен 10 пайыз халқы шетелде, негізінен Ресейде жұмыс істейтіні айтылған. Азаттық радиосы осы материалға сілтеме жасай отырып, баспасөз шолуын жариялаған болатын. Материал жарыққа шыққан бетте оқырмандардан бұл мәліметке күдік келтірген пікір жаңбырша жауды.

Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, Қазақстан - шетелге кеткен еңбек мигранттарының саны бойынша әлемде 9-орынды, ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі 3-орынды иеленеді.

Ресейде еңбек мигранты болып жүрген Қазақстан азаматтарының қанша екенін дөп басып айту қиын. Бұл қиындық олардың аздығына байланысты болса керек. Азаттық радиосына Мәскеудегі миграция бойынша халықаралық ұйым да қазақстандық мигранттардың саны туралы қандай да бір ақпарат бере алмады.

Бірақ бұл ұйым мигранттар туралы мәліметтерді федералды миграциялық қызметтің сайтынан табу мүмкін екенін айтты. Ал бұл сайт шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың есебін Ресейдің орталық банкі мәліметтері бойынша жасап шыққан екен.
Қазақстан мигранттары көбінесе ауыл шаруашылығын, балық аулау, қазба байлықтар және көлік саласын таңдайды.

Ресей орталық банкінің мәліметі бойынша, 2010 жылы Ресей территориясына 13,6 миллион шетелдік азамат кіріпті. Оның 2,4 миллионы Мәскеу облысында тіркелген. Ресейге келген мигранттардың көбі - ТМД елдерінің азаматтары. Мәселен, Украинадан барғандар - 2 миллион 856 мың адам, бұл – мигранттардың 21 пайызы. Өзбекстаннан барғандар - 1 миллион 906 мың адам, яғни 14 пайыз.

Қазақстаннан Ресейге 2010 жылы 1 миллион 306 мың адам барған. Бұл – Ресейдегі шетелдік мигранттардың 10 пайызы.

Тәжікстаннан 952 мың адам барған, яғни 7 пайыз. Әзербайжаннан 816 мың – 6 пайыз. Молдовадан 680 мың – 5 пайыз. Бұл мәліметтерді Ресейде тұрып жатқан француз журналисті Александр Латс жариялаған. Ол - Мәскеуде орналасқан стратегиялық және халықаралық қатынастар институтының (IRIS) маманы.

Ресейлік Slon.ru веб-сайтында жарияланған «Евразиялық даму банкінің» «Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі еңбек миграциясы» атты баяндамасынан да қызықты мәліметтер табуға болады.

Онда «Банктің мигранттарды еліне қайтару процестерін сараптау негізінде жасалған есебі бойынша, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және Беларусьтен Ресей федерациясы территориясына кірген заңсыз мигранттар 2010 жылы 312 мыңнан 1 миллион 224 мыңға дейін жеткен» деген ақпарат бар.

«Евразиялық даму банкі» мигранттардың Ресейге келуінің экономикаға әсерін бағалау үшін сараптама жасап шыққан екен. Ол сараптамада Ресей экономикасы салаларының еңбек мигранттарына деген сұранысы мен мигранттардың қай саланы көп таңдайтындарына назар аударылған.

Банк мәліметі бойынша, Қазақстан мигранттары көбінесе ауыл шаруашылығын, балық аулау, қазба байлықтар және көлік саласын таңдайды. Қырғызстандықтар орман шаруашылығы, өңдеу және машина құрастыру саласын көбірек таңдайды. Тәжікстандықтар көтерме саудаға бейім.

«Евразиялық даму банкінің» сараптамасы бойынша қазақстандық мигранттар саны 47 мыңға, қырғызстандықтар 360 мыңға, тәжікстандықтардың саны 890 мыңға өсуі мүмкін.

Ал қазақстандық ресми мәліметтер не дейді? Жақында Қазақстан статистика агенттігі «2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында миграция 5,4 адамға өсті. 2010 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 2011 жылдың осы айларында Қазақстанға кіргендер 8,9 пайызға азайып, Қазақстаннан шыққандар 22,8 пайызға көбейді. Миграциялық ағым көбінесе ТМД елдерімен арада болып жатыр» деген ақпарат таратты.

Азаттық радиосы осы мәселеге қатысты оқырман пікірін білгісі келеді. Құрметті оқырман, егер Сіз шетелде тұратын немесе жұмыс істейтін Қазақстан азаматы болсаңыз, шетелдегі өмірлік тәжірибеңіз туралы және Қазақстаннан неліктен қоныс аударғаныңыз жөнінде біздің форумда ой бөлісуіңізді сұраймыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG