Accessibility links

Сауат Мыңбаев: «Мен шын мәнінде жоғары жалақы алатын адаммын»


«Жұмыс істей бастағанына үш айдың жүзі болған «Самрұқ» мемлекеттік холдингінің басшылары 34 мың доллар жалақы алады». Осылай деп Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық компания басшыларын сынға алған болатын. Ал бейсенбі күні кешкісін «Самрұқ» мемлекеттік холдингінің басқарма басшысы Сауат Мыңбаев Парламент депутаттарының алдында үш айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. «Самрұқтың» төрағасы «Мен шынында жоғары жалақы алатын адаммын. Бірақ дәл президент айтқандай 34 мың доллар алмаймын», деді.

«Самрұқ» мемлекеттік холдингтің құрамына «Қазақстан темір жолы», «Қаз МұнайГаз» ұлттық компанияларының, «Қазпочта», «Кегок» компанияларының 100 пайыз акция пакеттері және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 51 пайыз акция пакеті кіреді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың қаңтар айында мемлекеттік активтерді корпоративті басқару тұрғысында жарлық шығарған еді. Жарлық негізінде Қазақстан Үкіметі ақпан айының соңында мемлекеттік холдинг құру жөнінде қаулы шығарды. Сонымен маусым айында жоғарыда аталған ұлттық компаниялардың акция пакеттері толығымен жаңадан құрылған «Самрұқ» холдингінің басқаруына беріледі.

- Холдингтің басты мақсаты – Ұлттық компаниялардың стратегиялық бағытын анықтап, үкіметпен бірлесе отырып жұмыс істеу, – дейді Сауат Мыңбаев.

Алайда сәрсенбі күні президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық компания басшыларының шектен тыс мөлшерде жалақы алатындықтарын айтып, сынға алған еді. Бұл жөнінде «Хабар» теле арнасы егжей-тегжей көрсетті. Мәселен, президенттің айтуынша, «Самрұққа» кіретін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының президенті Қайрат Кәрібжанов айына 365 мың доллар алатындығын айтып, Қазақстан соңғы бес жылда ғана экономикасын екі есеге көтерді, деді.

Ал «Самрұқ» холдингінің басшысы айына 34 мың доллар алса, оның орынбасары 32,5 мың доллар алады екен деп айтылды.

Президенттің қатаң сөгісінен кейін ертесіне Парламент депутаттарының алдына келген «Самрұқ» холдингінің басқарма басшысы Сауат Мыңбаев «шын мәнінде үлкен келісім-шартпен мемлекеттік активтерді басқарып отырған адамдар жоғары жалақы алуы керек» деп, бірақ өзінің президент айтқандай 34 мың доллар айлық алмайтындығын жеткізді. Сауат Мыңбаевтың айтуынша, холдинг құрылғаннан кейін алғашқы үш айда бір тиынсыз жалақы алмай жұмыс істеген. Соның есебінен соңғы айда ақшаны көп алған. Бірақ ол 34 мың доллардың жартысын алатындығын мойындап отыр.

Дегенмен президенттің көтерген мәселесіне Парламент депутаттары да тоқталмай кеткен жоқ. Ұлттық компания басшыларының шектен тыс сомада көп қаржы алатындықтары Қазақстан халқын таңқалдырып отыр, дейді олар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Оңалбай Аяшев «біз тек президенттерді өсіріп отырмыз ба, ал ауыл халқы қандай деңгейде өмір сүріп жатыр? Олардың орташа жалақылары бар болғаны 32 мың теңгені құрайды», деді.

Ал енді бір депутат Уалихан Қалижан ұлттық компаниялар Үкіметке де бағынады. Ендеше «Самрұқтың» қажеті қанша деген уәжін білдірді:

– Ұлттық компаниялар тиісті министрліктерге де бағынады. Үкімет пен «Самрұқ» бір-бірлерін қайталап отырған жоқ па?

Бұл пікірге «Самрұқ» холдингінің басшысы Сауат Мыңбаев төмендегідей жауап берді:

– «Самрұқ» акциионерлерге, директорлар кеңесіне қатысты сұрақтарды қарайды. Ал Үкіметтің құзырына тарифтерді, заңның орындалуын бақылайды.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша, бюджетке холдингтен төменегідей қаржы түседі деп жоспарланып отыр екен:

– Холдингтен бюджетке түсетін ақшаның көлемі 2006 жылы 4 млрд теңгенің көлемінде екен. Ал холдингтің өзіне түсетін қаржы 6,5 млрд теңге. Оның 4 млрд теңгесі республикалық бюджетке дивиденд ретінде кіреді, ал 1,2 млрд мөлшері салық ретінде түседі.

Билік дәлізіндегі әңгімелерге қарағанда, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа мемлекеттік сапарынан кейін билік жүйесінде үлкен реформалар басталмақ.
XS
SM
MD
LG