Accessibility links

"Қазақмыс" Кимнің жалақысын өсірмей тастады


Владимир Ким, "Қазақмыс" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Владимир Ким, "Қазақмыс" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстандық "Қазақмыс" компаниясы табысы азайған себепті төрағасы Владимир Кимнің жылдық жалақысын 1.7 миллион АҚШ доллары көлемінде қалдырғанын хабарлады. Былтыр Ким 2.8 миллион доллар жылдық жалақы алған.

Businessweek басылымы сәуірдің 16-сы күні "Қазақмыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Кимнің биылғы жалақысы өндіріс орнының пайдасы кеміген соң өсірілмей тасталды деген хабар таратты. Басылым компанияның жылдық есебіне сілтеме жасайды.

Әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі соңғы жылдың қорытындысы бойынша акциялары 40 пайызға кеміді деп мәлімдеген.

Басылымның жазуынша, компанияның жылдық есебінде биылғы шілдеге қарай Владимир Кимнің жылдық жалақысы 1,68 миллион АҚШ доллары көлемінде өзгермеген күйі қала береді деп жазылған. Былтыр бір жылдың ішінде Ким әлеуметтік қолдау мен бонустарды қоса есептегенде 2,8 миллион АҚШ доллары шамасында еңбекақы алған.
Компания биылғы наурыздың 27-сіне қарай бір жылдық табысы 36 пайызға кемігені туралы хабарлаған.
Лондон қор биржасының FTSE 100 индексінің қатысушысына айналған компания биылғы наурыздың 27-сіне қарай бір жылдық табысы 36 пайызға кемігені туралы хабарлады. Компания иелігіндегі мұнай өндірісімен айналысатын департаментін сатқан соң шығынын қайта есептеп, осындай қорытынды жасаған. Мұнай компаниясын сату алдында "Қазақмыс" оны жөндеуге 472 миллион АҚШ долларын жұмсағанын, өндіріс орны тоқтап тұрған кезде шығынға батқанын жазады.

"Қазақмыс" компаниясы “экономикалық және нарықтық жағдайға және үлескерлердің жалақыға шектеу қоюға шақыруына байланысты" тек төрағасының ғана емес, өзге де басшыларының жалақысын төлеуді тоқтатқан. Таратылған мәліметке сәйкес атқарушы директор Олег Новачуктың негізгі жылдық жалақысы 1,4 миллион АҚШ доллары шамасында қала бермек. Ол былтыр әлеуметтік қолдау мен бонустарды қосқанда 2,6 миллион АҚШ долларындай жалақы алған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі болған Владимир Ни кезінде «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің құрамына кірген еді. Владимир Ни қайтыс болған соң Владимир Ким компания акцияларының 11 пайызын Қазақстан үкіметіне сатқан.

Осы оқиғадан соң халықаралық Global Witness ("Глоубал Уитнес") ұйымы «Қазақмыс» басшысының акция сату шешіміне қатысты анық мәлімет сұраған болатын. Ұйым Владмир Ким акцияларын «Қазақмыстың» аз үлесті акционерлерімен кеңеспей сатып жіберді деп жазған.
XS
SM
MD
LG