Accessibility links

Қазақ босқындары Нидерландтан баспана алғысы келеді


Еуропаға баспана сұрап барғандар. (Көрнекі сурет)
Еуропаға баспана сұрап барғандар. (Көрнекі сурет)

Саяси баспана алуға тырысқан қазақстандық бір топ босқын екі жылдан бері Нидерландта тұрады. Сол елдің соты оларды депортациялауды уақытша тоқтатты. Бірақ іс әлі жабылған жоқ.

Өзін Нұрболат Шәкиев деп таныстырған Оңтүстік Қазақстан тумасы Нидерландтағы босқындарға арналған лагерьде тұрады. Қазақстанда қалған отбасының қауіпсіздігіне алаңдаған ол толық аты-жөнін айтқысы келмеді.

Азаттық тілшісіне сұхбат берген Нұрболат Шәкиев Қазақстанда діни сенімі үшін қудалауға ұшырағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, өзі сияқты бірнеше адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешітке бармай қойған соң, оларды «ваххабиттер» мен «террористер» деп атай бастаған.

Нұрболат Шәкиев пен жиенін, басқа да діншілдерді құзырлы органдар тергеуге шақырған. Ол Азаттық тілшісіне:

- Бірден «сендер билікке қарсысыңдар, жағдайларың қиын» деп қорқытып, үркіте бастады, - дейді.

Оның айтуынша, жергілікті мешітке барғысы келмейтіндердің көбі діни жораларды шағын топ болып үйлерінде өткізетін болған. Олар құқық қорғау органдары назарына осылай іліккен.

Нұрболат Шәкиевтің айтуынша, олардың жамағатынан бірнеше кісіні тұтқындаған соң, туыстарымен бірге Қазақстаннан кетіп қалған. «Бізді қамап үлгермеді» дейді ол.

ҚАШҚЫНДАР

Нұрболат Шәкиев туыстарымен 2012 жылдың мамырында, Қазақстаннан келген күні, Амстердам әуежайында Нидерланд көші-қон билігінен саяси баспана сұраған. Бір апта босқындарға арналған лагерьде ұстаған соң, оларды ашық лагерьге ауыстырған. Мұнда оларды тамақтандырып, түнемел орынмен қамтамасыз етеді, әрі апта сайын адам басына 30 еуродай жәрдемақы береді.

Чехиядағы баспана сұраушылар лагерінің есігіндегі жазба. (Көрнекі сурет)
Чехиядағы баспана сұраушылар лагерінің есігіндегі жазба. (Көрнекі сурет)

2012 жылдың қарашасында Нидерланд көші-қон қызметі оларға саяси баспана беруден бас тартқан.

Нұрболат Шәкиевтің айтуынша, Нидерланд билігі «Қазақстан – бай әрі еркін ел» деп ойлайды. Ол Азаттыққа берген сұхбатында:

Оларға «Бізге байлық керек емес, пәтеріміз де, көлігіміз де болған. Ол жақтан қауіп төнген соң кетуге мәжбүр болдық» дедік. Ресейді білгенімен, ол жақта Орталық Азия жайлы көп ештеңе білмейді,- деді.

Қазақ босқындары бір жылдан кейін баспана сұрап, тағы бір өтініш жолдаған. Бірақ Нидерланд «елінде қудалауға ұшырағандарын дәлелдей алмады» деген уәжбен оларға баспана беруден тағы бас тартқан. Нидерланд көші-қон қызметі «Қазақстан азаматтары аз уақыттың ішінде Нидерланд территориясыннан кетсін» деген бұйрық шығарған.

Нидерландтың Мидделбург қалалық сотының шілденің 24-і шығарған шешімімен оларды депортациялау уақытша тоқтатылды. Нұрболат Шәкиевтің айтуынша, адвокат судьяларды «Қазақстанда бұл азаматтарды әділ түрде соттайтынына кепілдік жоқ» деген уәжбен көндірген. Бірақ Нидерланд көші-қон қызметі өкілдері соттың бұл шешіміне қарсы шағым беруі мүмкін.

Нұрболат Шәкиевтің айтуынша, босқындар лагері орналасқан қалашықта оған туыстарымен бірге жеке пәтер берілген. Қауіпсіздік үшін ол тұрып жатқан қаласын атамады.

Нұрболат Шәкиевтің айтуынша, «Нидерландтағы босқындар лагерінде бұлардан басқа қазақтар жоқ». Азаттық оқырмандары Еуропадағы, әсіресе Чехиядағы қазақ босқындарының тағдырынан хабардар.

Исламның консервативті ағымын ұстанушы қазақстандық 200-ден аса азамат бірнеше жыл бойы бала-шағасымен осы елдегі босқындар лагерінде тұрып жатыр. Олар да Чехиядан күшпен депортацияланудан қауіптенеді. Кейбірі уақытша баспана алған, кейбірі Еуропаның басқа елдерінен пана іздеп Чехиядан кетіп қалған.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ УӘЖІ

Алматыдағы Хелсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина азаматтарын діни наным-сенімі үшін жиі қудалайтын Қазақстандағы діни ахуалды жақсы біледі. Оның айтуынша, мұндай жағдайға Қазақстан заңдары себеп болып отыр.

Алматыдағы Хелсинки комитеті төрайымы Нинель Фокина.
Алматыдағы Хелсинки комитеті төрайымы Нинель Фокина.

- Діни қызмет туралы ескі және жаңа заңды салыстырып көріңізші. Ескі заң «Діни сенім еркіндігі мен діни бірлестіктер туралы» деп аталатын. Ал жаңа заңның атауы – «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы». Жаңа заң атауынан «еркіндік» сөзін алып тастаған, - дейді Нинель Фокина.

Нинель Фокина «еркіндік ұғымы заң атауынан ғана емес, діни қызмет туралы жаңа заңның мазмұнынан да жоғалып кетті» дейді.

Енді діншілдерге мешіт, ғибадатхана, шіркеу сияқты құлшылық етуге арнайы бөлінген орындардан басқа жерлерде ғибадат етуге болмайды. Егер әлгі орындардан тыс жерлерде, мысалы, үш-төрт адам жиналып, үйінде мінажат етсе, бірден заң бұзған болып шығады, - дейді құқық қорғаушы.

Фокинаның пікірінше, діни қызмет туралы заң құзырлы органдардың азаматтардың діни еркіндігін шектеуіне көмектеседі.

- Жергілікті орган қызметкерлері шағын топпен құлшылық етіп жатқан азаматтардың үйіне кіріп келіп, хаттама толтырады. Ескі заңда мұндай әрекеттер заңсыз деп саналатын, ал жаңа заң мұндай әрекеттерді «заңдастырып» қойды, - дейді Нинель Фокина.

Қазіргі заң 50 немесе одан көп мүшесі бар діни қауымға ғана діни бірлестік құруға рұқсат етеді. Нинель Фокинаның айтуынша, Қазақстанда діни сенім еркіндігі қатты шектелген, діни жоралғыларды жеке жерде өткізген адам жазаланады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG