Accessibility links

Төте жазудағы сайттарда сөз еркіндігі көбірек пе?


Kerwen.com сайтынан алынған скриншот. 4 қазан 2012 жыл.

Kerwen.com сайтынан алынған скриншот. 4 қазан 2012 жыл.

Кейбір оқырмандар шет елдерде қазақша төте жазумен шығатын веб-сайттардың қазақстандық сайттардан артықшылығы көп екенін айтады.

Азаттыққа пікір білдіргендердің айтуынша, Қытай қазақтарының интернет сайттары 1998 жылдан бастау алады. Яғни сол жылы алғаш «Ауыл» есімді сайт ашылып, қазақ тіліндегі материалдар жарық көре бастаған.

Қытайда тұратын Қуаныш есімді интернет қолданушының айтуынша, бұл елдегі қазақша (төте жазудағы) сайттарды негізінен үш топқа бөліп қарастыруға болады.

– Олардың әуелгісі – ресми сайттар. Яғни ресми жаңалықтармен, онда да қытай тіліндегі жаңалықтарды қазақша аударып берумен ғана шектелетін сайттардың оқырмандары да аз, – деді Қуаныш Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, Халық торабы («Халық» газетінің сайты), Халық радиосының, Шыңжаң халық радиосының және Шыңжаң телеарнасының сайттары секілді бұқаралық ақпарат құралдарының сайттарын екінші топқа қосуға болады. Яғни күнделікті газет-журналдар мен теледидардағы жаңалықтарды оқырманға жеткізіп отыратын бұл сайттардың да интернет желісінде өзіндік орны бар.

Қуаныш Қытайдағы қазақ сайттарының үшінші тобына «Күлтегін», «Бозбала», «Парасат», «Сал-сері», «Сен қазақ», «Азаматтар» сайттары мен Сұлтан Жанболатов секілді кейбір азаматтардың блогтарын қосты.

ЦЕНЗУРАСЫЗ ЖАРИЯЛАУ ҮРДІСІ

Сұхбаттасымыздың айтуынша, Қытайдағы бірінші және екінші топтағы сайттарға шығатын мақалалар сүзгіден өтеді, ал үшінші топтағы сайттарға материалдар ешқандай цензурасыз жариялана береді.

Қуаныштың Азаттық радиосына тағы бір айтқаны: «Төте жазумен шығатын осы үшінші топтағы сайттардың кейбірі жергілікті авторлардың мақалаларын жариялап отырса, кейбіреулері қазақстандық сайттар мен күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтарды төте жазумен беріп келеді».
"Егемен Қазақстан" газетінің төте жазумен шығатын сайтынан алынған скриншот. 10 қазан 2012 жыл.

"Егемен Қазақстан" газетінің төте жазумен шығатын сайтынан алынған скриншот. 10 қазан 2012 жыл.


– Бұл – жақсы қасиет. Себебі Қытайдағы қазақ ағайындар Қазақстандағы болып жатқан күнделікті саяси-әлеуметтік жағдайлардан сол сәтте құлағдар болып отыр. Ал қазақстандық сайттар сырттағы қазақтардың тыныс-тіршілігіне ешқашан назар аударған емес. Соның салдарынан олардың өмірінен көп жағдайда бейхабар қаламыз, – дейді кезінде Қытайдан оралған қазақ ақыны Керім Елемес.

Ол төте жазумен шығатын сайттарды жиі қарап отыратынын, соңғы үш айдан бері солардың бірінде тұрақты авторға айналғанын айтты.

Керім Елемес «Күлтегін» (www.kultegin.com), «Сен қазақ» (www.senkazakh.com), «Азаматтар» (http://azamattar.com/) атты сайттарға мақалаларын жариялап тұратынын айтады.

– Мен осы жерде отырып тіркелген атыммен жазғандарымды жіберемін, сол жіберген сәтімде сайт бетіне шыға келеді. Егер менің жазған дүнием қандай да бір дау тудырып, мемлекеттік деңгейде ушығып бара жатса, сайттың басында отырған топ ақылдаса келе алып тастайды. Бұл – жетістік. Осы тұрғыдан келер болсақ қазақстандық сайттар үйрену керек. Қытай – коммунистік билік жүйесіндегі ел. Нағыз цензура сонда болуға тиіс. Бірақ оларда ондай емес. Ал зайырлы, сөз бостандығы бар деген бізде керісінше, жіберген мақалаң әбден сүзгіден өтіп барып жарыққа шығады. Тіпті шықпай қалуы да ғажап емес, – дейді Керім Елемес.
Керім Елемес, ақын. Жеке мұрағаттағы сурет.

Керім Елемес, ақын. Жеке мұрағаттағы сурет.


Оның айтуынша, Қытайдағы қазақша сайттардың кемшілігі – мақалалардың мәдени тұрғыда талқылауға түспейтіндігі.

– Төте жазумен шығатын сайттардың қай-қайсысын ашсаң да, оқырмандар екі топқа бөлінген. Біріншісі сарабдал ой айтса, екіншісі мақаланы оқымай жатып, автордың атына сын-пікір айтып, оның жеке басына тиіседі. Авторды талқыға салады. Тіпті кей-кейде, сайттағы мақала бір бөлек те, соңындағы талқы мүлдем басқа тарапта жүріп жатады. Яғни оқырмандардың мақаланы талқылау мәдениеті жетіспейді. Мұндай кемшілік қазақстандық сайттарда да кезігіп отырады, – деді Керім Елемес.

ИРАН ЖЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ БЛОГШЫЛАРЫ

Журналист Жүсіп Пилтанның айтуынша, Иранда қазақтардың оннан астам веб-сайт бар. Бірақ бұлардың барлығын веб-сайт деп атауға келмейді. Негізінен жеке азаматтардың блогтары ғана. Мәселен, Қажы Мұхаммед Шадкамның блогы, Жафар Шадкамның блогы, Қазақия Жапарбай Шадкамның блогы секілді боп кете береді. Осылардың арасында тек Жапарбай Шадкамның блогы ғана қазақ тілінде және Қазақстанда болып жатқан оқиғаларадан ақпарат беріп отырады.
Бұлардың барлығы да тек Қазақстанды сынаумен шектеледі. Ал Иран туралы түк айта алмайды.

– Бұлардың барлығы да тек Қазақстанды сынаумен шектеледі. Ал Иран туралы түк айта алмайды. Қазақстанның саясаткерлерін, сыртқы және ішкі бағытын сынап, електен өткізеді. Оларды, көбінесе, ирандықтар қарайды. Қазақстанның сыртқы саясаты жайлы сыни мақаланы кез-келген блогтан табуға болады, – деді Жүсіп Пилтан.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕ ЖАЗУМЕН ШЫҒАТЫН САЙТТАР

1976 жылдан бері төте жазумен жарық көріп келе жатқан қазақстандық «Шалқар» газетінің электрондық нұсқасы осы күнге дейін ретке түспеген.

Бірде ашылып, енді бірде жабылып, ақырында 2000 жылдан бастап «Шалқар-2» деген атпен қайта шыққан газеттің бас редакторы Жаңыл Әпетованың айтуынша, «төте жазумен жазылған мақаланы сайтқа шығару өте қиын».

– Екі жылдан бері ақпарат министрлігі біздің сайтымызды тегін жасап беруге ұсыныс жасап, хат жазып келеді. Себебі мемлекеттік тапсырыс алған басылымдардың интернеттік нұсқасының болуы міндетті. Бірақ ол жерде төте жазуға негізделген программа жоқ болғандықтан олардың програмистері біздің мақалаларымызды енгізе алмады. Сондықтан өзіміз талаптанып, әр жерлерге ақысын төлеп, сайттық нұсқасын жасатқанымызбен дұрыс ашылмайды, болмаса әріптер дұрыс түспей, оқылуы қиындап кетеді. Соның салдарынан әлі күнге дейін тұрақты түрде сайттық нұсқасын шығара алмай келеміз. Қазір Қытайдан келген Мейіржан есімді бір студент бала қолға алып жасап жатыр, – деді ол.
Ол жерде төте жазудың программасы жоқ, мақалаларымызды енгізе алмадық... Сайт жасатқанымызбен, дұрыс ашылмайды, оқылуы қиын. Әлі күнге дейін сайттық нұсқасын шығара алмай келеміз.

Бұл тұрғыдан келгенде үкіметтік «Егемен Қазақстан» газетінің электрондық нұсқасы біршама жақсы. Вебсайттың әкімшісі Аршат Оразовтың айтуынша, «арнайы бір адам газеттегі салмақты мақалаларды төте жазуға қолмен теріп салып отыр».

– Бізде, мәселен, сайттың латынша нұсқасын автоматты түрде аудара алатын программа бар. Ал төте жазуға аударатын ондай программа жоқ. Сондықтан мақаланы компьютердегі арнайы шрифімен тереміз, – дейді ол.

Аршат Оразов «мұндай шрифтерді қою үшін де арнайы мамандарды Қытайдағы «Қазақсофт» сайтынан шақырғанын» айтады.

– Газеттің төте жазумен шығатын электрондық нұсқасын оқитындардың 90 пайызы – Қытай қазақтары, қалған 10 пайызы – Қазақстан, Ресей, Бахрейн, Ирак, Малайзия және Франциядағы оқырмандар, – деді ол.

Қазақстанда мемлекеттік «ҚазАқпарат» агенттігі де 2009 жылдан бері сайттарының төте жазудағы нұсқасын үздіксіз шығарып келеді.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG