Accessibility links

АҚШ-та қазақ студенттері «ұрлық жасады» деп айыпталды


«Көлік дөңгелегін ұрлады» деген күдікпен ұсталған қазақстандық үш студент - 17 жастағы Темірлан Қантай, 19 жастағы Ержігіт Серікбай және 22 жастағы Нұрбол Таңатов. АҚШ, Хьюстон, 21 наурыз 2012 жыл. (Fox 26 телеарнасы видеосынан алынған скриншот).

«Көлік дөңгелегін ұрлады» деген күдікпен ұсталған қазақстандық үш студент - 17 жастағы Темірлан Қантай, 19 жастағы Ержігіт Серікбай және 22 жастағы Нұрбол Таңатов. АҚШ, Хьюстон, 21 наурыз 2012 жыл. (Fox 26 телеарнасы видеосынан алынған скриншот).

АҚШ-та «көлік дөңгелегін ұрлады» деген күдікпен қазақстандық үш студент ұсталды. Оларға «ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар» деген айып тағылып отыр.


АҚШ полициясының мәліметінше, Хьюстон Хобби әуежайында көлік тұрағындағы машиналардың дөңгелектерін ұрлаған күдіктілер – 17 жастағы Темірлан Қантай, 19 жастағы Ержігіт Серікбай және 22 жастағы Нұрбол Таңатов – 21 наурыз күні кешке қолға түскен. Ол үшеуі де – Хьюстон қоғамдық колледжінде (Houston Community College) оқитын қазақстандық студенттер.

– Олар бұрынғы совет елі Қазақстаннан келген. Бірнеше жылдан бері АҚШ-та студенттік визамен жүр. Күндіз колледжде оқып, түнде ұрлық жасаған, – дейді Хьюстон полициясының капитаны Грег Фремин.

АҚШ-тың Fox 26 телеарнасының хабарлауынша, Хьюстон Хобби әуежайындағы көлік тұрағында қаңтардан наурыз айына дейін төрт қымбат машинаның – Cadillac, Lexus және екі BMW көлігінің дөңгелектері ұрланған.

– Капитан Фреминнің айтуынша, Lexus машинасының ұрланған дөңгелектері күдіктілер мінген Toyota Camry көлігінен табылған, – дейді Fox 26 телеарнасының тілшісі.

Тергеушілер бақылау камералары түсірілген бейнетаспаларды да зерттеген. Ол көріністерде Темірлан Қантай мен Ержігіт Серікбай машиналардың деңгелектерін шешіп жатқан кезде Нұрбол Таңатов төңіректі шолып, ақ түсті Toyota Camry көлігінде оларды күтіп тұрған.

Полиция өкілі Фреминнің айтуынша, ұсталған үш күдікті ұрлыққа қатысы бар екенін мойындаған соң оларға «ұйымдасқан қылмыс жасады» деген айып тағылған.

Азаттық радиосы тілшілері тұтқындалған қазақ студенттері туралы мәліметтерді алу үшін Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне хабарласып еді, елшіліктің телефондары жауап бермеді.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров бұл оқиға туралы әзірше өздерінде ешқандай ақпарат жоқ екенін айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG