Accessibility links

Урбанизация дәуірінде дәстүрлі отбасы қалаға таяды


Киіз үйде дастархан басында таңғы ас ішіп отырған қазақ отбасы. Автор - Reuters фототілшісі Шәміл Жұматов.

Киіз үйде дастархан басында таңғы ас ішіп отырған қазақ отбасы. Автор - Reuters фототілшісі Шәміл Жұматов.

Қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстанда тұңғыш рет отбасы күнi аталып өтедi. Әлеуметтанушылардың айтуынша, қоғамдағы өзгерістер отбасылық құндылықтарға да әсер етіп жатыр.

Алматы облысы Талғар ауданы Еламан ауылында тұратын Байжан Нүсіпқожаевтар отбасы «қарым-қатынасы дәстүрлі әулет» екендерін айтады. Отағасы мен жұбайы үш ұлымен бірге бір үйде тұрып жатыр.

«ОТБАСЫЛЫҚ САЛТ – ҮЛКЕНДІ СЫЙЛАУ»

Байжан Нүсіпқожаевтаң атпай алагеуім шақта қолындағы азын-аулақ малын өріске айдап шығарады.

– Ақсақал түс қайта келеді. Бұл үйдің тірлігі кешке бөлініп қояды. Таңертең ерте әркім өзіне тиісті шаруасына кетіп қалады. Қазір үйде балалар да жоқ, – деп сипаттайды ол кісінің жұбайы күнделікті өмір барысын.

Екі жасар немересін ойнатып отырған отағасы Азаттық тілшісін ақжарқын көңілмен қарсы алды.

​– Қазір күзгі науқан кезі. Балалардың бірі шөп шауып жатыр. Екіншісі шөп тасып жүр. Үшіншісі тағы бір жұмысты міндетіне алған. Сондықтан қазір сиырға өзім қарап жүрмін, – деді жасы 65-тегі Байжан Нүсіпқожаев.

Ол екі жыл бұрын үкіметтен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған 6 миллион теңгеге 37 сиыр сатып алғанын, қазір ол сиыр 100-ге тақағанын айтты. Ақсақалдың сөзінше, үйлі-баранды әрі мамандықтары бар екі ұлы – Дамир мен Данияр да, бас құрамаған кіші ұлым Сырымбет те өзімен бір үйде тұрып, шаруашылыққа көмектеседі екен.

– Бұл үйде үлкеннің тілін алу мен орындау, ер адамның ісіне әйелдің араласпауы міндет болып саналады. Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деп сыйлай алмаса, әкеге бала, енеге келін қарсы кеп жатса, ондай отбасыда қандай береке бар? Қане, өзің айтшы, – дейді отағасы Байжан Нүсіпқожаев Азаттық тілшісіне.

ВИДЕО: Байжан ақсақалдың отбасы


Байжан ақсақал сияқты қала түбіндегі шағын елді мекендерде тұрып жатқан дәстүрлі отбасылар соңғы жылдары Алматының өз ішінде де көбейген.

«ӘЙЕЛДЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ДЕ АРТЫП КЕЛЕДІ»

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың айтуынша, тұрғылықты халықтың дәстүрлі отбасылық салты өзгермеген – оған қоса соңғы жылдардағы ауыл халқының қалаға үдере көшуі қалалық қалыпты отбасы институтын өзгеріске ұшыратқан.

– Дәстүрлі отбасылық ерекшеліктердің сақталуы, оның ішінде әке мен ананың рөлі, туысқандардың қарым-қатынасы, үлкенді сыйлау мен кішіге мейіріммен қарау, отбасындағы бала санының өсуі жағынан мегаполис қала бола тұра Алматы алдыңғы орында, – дейді Серік Бейсенбаев.

Тары қуырып отырған ауыл тұрғыны. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы, 4 мамыр 2013 жыл.

Тары қуырып отырған ауыл тұрғыны. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы, 4 мамыр 2013 жыл.

Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы отбасы табысының үштен екісін ер адамдар табады. Бірақ әйелдердің де белсенділігі артып, қоғамдағы рөлі күшейіп келеді.

Соңғы кезде өздерінің әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін әйелдерден құралған қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың түрлі акциялар ұйымдастыра бастағаны байқалады. Оған биыл Алматы қаласында басталып, аймақ орталықтарын қамтып, Астана қаласында жалғасын тапқан жүкті әйелдер наразылығы мен зейнет жасына қатысты қойылған талап-тілектер дәлел.

Әлеуметтанушы Гүлнафиз Орынбасарқызының айтуынша, «отбасылық қарым-қатынасқа қоғамдағы өзгерістер де әсер етіп жатыр».

– Біріншіден, кешегі әйелдердің зейнет жасын ұзарту туралы көтерілген шу біздің қоғамдағы әйелдер рөлінің артқанын көрсетеді. Екіншіден, ауылдық жер мен қаладағы қазақ отбасыларының арасында айырмашылық көп. Себебі қалалы жерде ерімен бірге әйелі де қаражат табуға тура келеді. Бұл отбасындағы әйел орнының өзгеруіне себеп болады. Үшіншіден, ерлер саясат пен билікте болса, әйелдер – түгел дерлік білім саласында. – дейді ол.

Қазақстанда 2009 жылы өткен халық санағы қорытындысы бойынша, елде 4 миллионнан астам отбасы бар: 2,2 миллиондай отбасы – қалада, 1,8 миллиондай отбасы ауылда тұрады.

ВИДЕО: Сіздің үйде кім басшы? (сауалнама)

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG