Accessibility links

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына келген делегаттардың дені – жастар


Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. Көрнекі сурет
Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. Көрнекі сурет

Астанада өтіп жатқан құрылтай кезінде Қазақстанның Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімі бастығының ауысқаны белгілі болды. Шыңжаң қазақтарының виза мәселесін Азаттық радиосы үнемі назарынан шығармай келеді.


Ресми мәлімет бойынша бұл құрылтайға әлемнің 35 елінен 365 делегат келген. Бұл шараға Қазақстанға түрлі жылдары қоныс аударған 300-ге тарта оралман мен зиялы қауым өкілдері де қатысып жатыр.

БӘЗ-БАЯҒЫ ХАТТАМА СӨЗДЕР

Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жиырма жыл ішінде «300 мыңнан астам отбасы, миллионнан астам қазақтың» тарихи атамекеніне оралғанын айтты.

Назарбаев құрылтай делегаттарын «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар мен өзгерістерді бірлесіп әзірлеуге шақырды. Бұл заң шетелден келетін қазақтардың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алу кезінде алдынан шығатын кедергілерді жоюы тиіс.
300 мыңнан астам отбасы, миллионнан астам қазақ тарихи атамекеніне оралған.

- Соңғы жылдары 20 мың отбасылық көші-қон квотасы орындалмай келеді. Қандастарымыз үшін есігіміз қашанда ашық екенін тағы бір мәрте ескерткім келеді, - деді ол.

Назарбаев «Нұрлы көш» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды қолға алу керек дейді. Шетелде тұратын жас қазақтарды тарихи отанына келіп, жоғары білім алуға шақырған Қазақстан президенті «Екінші кезеңде қандастарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығына кеңінен тартудың жолдары сараланатын болады... Шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса әлеуметтік қолдау да көрсетеміз» деді.

ҮРІМЖІДЕ ВИЗАНЫҢ КЕЗЕГІНЕ ТІРКЕУ ТОҚТАП ТҰР

Құрылтайда жарыссөзге шыққандар алдын-ала соғылған қалыптан шыға алмады. Қатысушылар жалпы мақтау, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жеткен жетістіктерді санамалаудан аспады. Бірақ Азаттық тілшісіне қазіргі қазақ диаспорасы алдында қордаланған проблемалардың шетін шығарып, аз да болса ақпарат берген делегаттар да болды. Осыдан бір-екі ай бұрын Қазақстанның Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімінде кезекте тұрған он мыңдай адамның дауы жайында Қытайдан келген қазақтармен әңгімелесудің сәті түсті.
Қалиакпар Сәнімханұлы Үрімжідегі қазақтардың виза алу мәселесін шешу үшін Үрімжіде Қазақстанның Бас консулдығын ашу қажет дейді.

- 2011 жылы 15 ақпанда Қазақстанның Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімнің алдында кезекте тұрған адамдардың саны 10 мыңға жеткені себепті кезекке тіркеу тоқтатылып, әлі жаңартылған жоқ. Оның ең басты себебі - Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімде адам саны шектеулі. Оның біреуі бастық, біреуі орынбасары, екі адам ғана виза берумен айналысады. Сол себептен біздің қазақтар ақпарат құралдарына шағымданған еді.
Үрімжідегі паспорттық-визалық бөлімнің алдында кезекте тұрған адамдардың саны 10 мыңға жеткені себепті кезекке тіркеу тоқтатылып, әлі жаңартылған жоқ.

Соның арқасында бұған дейін қазақ тілін білмейтін адам жұмыс істеп келсе, қазір оның басшысы ауысып, Қайыржан Кеңесұлы деген кісі келді. Қазір күніне 100 адамға нөмір қабылданып жатыр. Бір нөмірде бірнеше паспорт болуы мүмкін. Демек, күніне 200-ге жуық паспортқа виза берілуде. Мәселені шешудің жалғыз жолы – Үрімжідегі визалық-паспорттық бөлімді Консулдық дәрежесіне көтеру. Онда адамдардың саны да артар еді, - деді ол.

Құрылтайға арнайы келген Қазақстанның Үрімжідегі визалық-паспорттық бөлімінің бастығы Қайыржан Кеңесұлы қазір осы мәселені шешудің алдын ала бастағанын айтады.

- Рас, күніне 50-60 паспорт қабылдап келген кездер болған. Онда бар жоғы 6 адам істесе, оның екеуі ғана виза беретін. Қазір олардың санын төртке жеткіздік. Қазір күніне 150-160 паспорт қабылданады, - дейді Қайыржан Кеңесұлы.
XS
SM
MD
LG