Accessibility links

Қытайда үйқамақта отырған Қажығұмар Шабданұлы дүниеден өтті


Қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы. Жеке мұрағаттағы сурет.
Қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ақпанның 15-і Қытайда қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының өмірден өткені туралы суыт хабар жетті. Бұл ақпаратты Азаттық радиосына марқұмның туыстары растады. Қырық жылға жуық Қытай абақтысында тұтқын болған қаламгер ғұмырының соңында үйқамақта отырған еді.


Сейсенбі күні Қытайдың Шәуешек қаласында 86 жасқа қараған шағында қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы ұзаққа созылған ауыр науқастан соң дүниеден өткені туралы хабарды Азаттық радиосына марқұмның Алматыда тұратын күйеу баласы Тілек Кенжебек растады.

– Бүгін таңертең ол кісінің өмірден қайтқаны туралы хабар алдық. Бейсенбі күні Шәуешекте жерленеді, – деп қысқа ғана қайырды ол.

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде туған. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Дөрбілжін ауданына ауып барған.

1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар деген айыптаумен Қытай билік орындары тарабынан қудаланып, абақтыға түскен. 1952 жылы қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айрылып сотталған 22 жыл бойы Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде айдауда болған.

1980 жылы жазасын өтеп әрі ақталып бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсан айының отызы күні тұтқындалып, «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» шетел жансызы деген
Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы 2009 жылы Қазақстанда басылып шықты.
айыптаулармен 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өтейді.

Түрмеден шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін Қытай билігі оны үйқамақта ұстады.

Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде штаб-пәтері Лондон қаласында орналасқан Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

Қарт қаламгер өзінің кіндік қаны тамған жері – Қазақстанға оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан президентіне хат та жолдаған болатын. Арада бірнеше жыл өткенде тағы хат жазды. Бірақ бұл арманы орындалмай, қазақ қаламгері ақтық демі үзілгенше туған жерге жетуді аңсап өтті.
Әшейінде абыройымыз асқақ, дүние бізбен санасады дейміз. Бірақ, бір жазушыны құтқаруға жетпеді ғой дәрменіміз.

Қазақстанда тұңғыш рет 2009 жылы толық көлемде Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан екі мың данамен жарық көрген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын 2010 жылы қаңтар айында мәдени саясат және өнертану институты Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ұсынған болатын.

Бірақ сыйлық тағайындайтын комиссия «бұл шығарманың Қазақстанға қатысы жоқ» дегенді көлденең тартып, оны тізімінен алып тастады, мемлекеттік сыйлыққа Қазақстан президенті мен Астана қаласын мадақтаған шығармалар лайықты деп танылды.

Азаттық радиосының тілшісіне Қажығұмар Шабданұлы туралы қысқаша естелік айтқан қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділов марқұмды "қазақтың үлкен, классик жазушысы, Шыңжаң әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Түрмеде ең ұзақ отырған және негізгі шығармаларын қамауда жазған аз жазушының қатарында" деп сипаттады.

Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша Қажығұмар Шабданұлы Қазақстан президентінің атына елге оралғысы келетінін айтып екі мәрте өтініш жазған.
"Менің төркінім де, ием де, арт жақтағы іздеушім де – сендер. Бар тілегім – туған жерге жетіп жығылу, топырақ бұйырса деген арман. 12 томдай жазбаларымды көшіріп, буып-түйіп отырмын. Кейінгі ұрпақтың қолына тигізсем".

- "Менің төркінім де, ием де, арт жақтағы іздеушім де – сендер. Бар тілегім – туған жерге жетіп жығылу, топырақ бұйырса деген арман. 12 томдай жазбаларымды көшіріп, буып-түйіп отырмын. Кейінгі ұрпақтың қолына тигізсем" деуші еді. Президенттің аппаратына да жолдағанбыз, «Қазақ әдебиеті» газетіне де шыққан. Бірақ, ешкім қол ұшын берген жоқ... Әшейінде абыройымыз асқақ, дүние бізбен санасады дейміз. Бірақ, бір жазушыны құтқаруға жетпеді ғой дәрменіміз, - деді жазушы Азаттық радиосына.

Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша Қажығұмар Шабданұлының күйеу баласы мен немере інілері Шәуешекке барып марқұмның сүйегін сұрап алсақ, Үржардағы ата-бабасының зиратына қойсақ деген ниетте.

- Оны туысқандарына бере ме, бермей ме, көз жетпейді. Ал үкімет араласса, әрине берер еді. Бірақ, араласып жатқан ешкімді біле алмадым, - деді Қабдеш Жұмаділов.

Туыстарының хабарлауынша, Қажығұмар Шабданұлы бейсенбі, ақпанның 17-і күні Қытайдың Шәуешек қаласында жерленеді.
XS
SM
MD
LG