Accessibility links

Ұлыбританияда қазақ студенттерінің "Miss KZ" байқауы өтті


Ұлыбританиядағы қазақстандық студент қыздар арасындағы «Мiss KZ» байқауына арналған misskz.co.uk сайтының көрінісі.
Ұлыбританиядағы қазақстандық студент қыздар арасындағы «Мiss KZ» байқауына арналған misskz.co.uk сайтының көрінісі.

Биыл бас жүлдені Лондонда оқып жүрген Әсел Бижанова жеңіп алды. Байқаудың ұйымдастырушысы Андрей Ан Азаттық радиосына сұқбат берді.

Ұлыбританиядағы қазақстандық студент қыздар арасында өткен «Мiss KZ» байқауы наурыздың 12-і күні аяқталды. Бас жүлдені Queen Mary (Квин Мэри) университетінде оқып жүрген Әсел Бижанова жеңіп алса, көрермендер сыйлығын Глазго университетінің студенті Эльмира Төлебергенова иеленді.

Азаттық радиосы ғаламтордағы әлеуметтік желіде Қазақстан жастарының қызығушылығын туғызған сұлулық байқауының ұйымдастырушысы Андрей Аннан сұқбат алған еді.

– Андрей, Ұлыбританиядағы «Мiss KZ» байқауын кім ұйымдастырды?

– Өткен жылдан бері Ұлыбританиядағы «Қазақстан студенттері қауымдастығы» осы елде оқитын 3,5 мың студенттің басын қосып осындай шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл студенттер ұйымы жыл бойы бірнеше шаралар өткізеді. «Мiss KZ» байқауы солардың бірі ғана.

– Бұл байқауға қатысуға қанша студент қыз ниет білдірді?

– Жылдан жылға мұндай шараларға қатысатындар қатары өсіп келеді. Биыл байқауға қатысуға қыздар былтырғыдан да көп келді. Осы жолы 7
Әсел Бижанова - Ұлыбританиядағы қазақстандық студент қыздар арасында өткен «Мiss KZ - 2011» байқауының жеңімпазы. misskz.co.uk сайтындағы сурет.
қыз финалға шықты. Мәреге жеткен арулар бұрынғыдан да сымбатты, тартымды әрі жан-жақты жетілген білімді қыздар болғандықтан осы жылы тартыс қызу өтті.

Оларды қазылар алқасы қалай бағалайды, ару қыздарға қандай талаптар қойылады?

– Біздің қазылар үш адамнан тұрады, олар қыздарды өте бейтарап бағалайды. Алқа төрайымы Гаухар Брэмлей-Фентон Ұлыбританиядағы Британ-қазақ қауымдастығының президенті. Бұл қауымдастық тек студенттердің ғана басын қоспай, бүкіл Ұлыбританиядағы қазақтарды біріктіріп келеді. Қыздар 5-6 рет сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Оның ішінде таланттарын таныту, үш рет әртүрлі көйлектермен сахнаға шығу және интелектуалды деңгейін көрсету сияқты шарттар болды. Үш байқаудан соң олардың ішінен кімнің мисс тәжін алатыны анықталды.

«Мiss KZ» байқауының жеңімпазына қандай жүлде беріледі?

– Біздің демеушілеріміз жеңімпаз қызға сыйлықтарын жыл сайын ұсынып келеді. Оның ішінде бізбен ынтымақтастық құрып келе жатқан «Қазақ-британ қауымдастығы» жеңген қызға «Своровски» тасымен әшекейленген тәж бен «Мiss KZ» атағын сыйлайды. Ал бізбен әріптес Londonflashback фотостудиясы ару қызымызға кәсіби фотосессия ұсынады. Және басқа да демеушілер тобы өз сыйлықтарын береді. Біз тұрақты жаңарып отыратын өз сайтымызда ол туралы мақалалар береміз, бізге келетін сән көрсету агенттіктеріне танытамыз. Бұл қазақстандық қыздардың өз таңдауларына жетуіне бастау болады.

– Әдетте мұндай сұлулық байқауының талаптары болатыны белгілі. Мысалы, оған қатысуға тілек білдірген қыздардың бойы 1,7 метрден асуы тиіс деген сияқты. Сіздерде сондай талаптар бар ма?

– Жоқ, біздегі жалғыз талап – ол қыз Қазақстаннан болуы керек. Және ол Ұлыбританиядағы оқу орындарының бірінде оқуы тиіс. Тек жас жағынан шектеу бар, яғни 18 бен 24 жас аралығындағы қыздар ғана байқауға қатыса алады. Біздің байқауымыз «Ғалам аруы» байқауындағыдай тек сыртқы әдемілікпен шектелмейді. Біз қазақ қыздарының тартымдылығы мен ой-санасын көрсететін боламыз. Мәселен, қыздар байқауға өтініш түсірген соң, олармен онлайн сұқбат өтеді. Сол сұқбаттың негізінде оның финалға өтер-өтпесі анықталады.

– Ұлыбританияда қазақ қыздарының байқауын өткізу идеясы қайдан шықты?

– Өткен жылдары жастар басымызды қосып, студенттердің қызығушылығын туғызатын қандай іс-шаралар ұйымдастырсақ болады деп ойландық. Сосын біз көпшіліктің назарын аударатын осындай қыз сыны байқауын ұйымдастыруды жөн көрдік. Байқауды ұйымдастырғандағы тағы бір мақсатымыз – осындай шара арқылы Қазақстанның мәдениетін өзге жұртқа таныту. Өйткені Ұлыбританияда көп адам Қазақстан туралы біле бермейді. Оның үстіне, біздің қыздарымыз қандай әдемі екенін көрсету үшін де бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

– Естуімізше, «Мiss KZ» байқауында финалға шыққан қыздарды сахнада жүріп-тұру, би қозғалысы мен қимылдауға үйрету үшін белгілі хореограф Кэй Найтты шақырыпсыздар?

– Иә, әлемге белгілі хореограф Кэй Найт (Kwame Knight) қазақстандық қыздарды сахнада қалай жүріп тұруды үйретуге үлес қосты. Ол өзі Ұлыбританиядан, бірақ әлемдегі белгілі жұлдыздармен жұмыс істейді. Ол түрлі байқаулар мен шоуларды ұйымдастырады. MTV, Emporio Armani, Adidas, Sony сияқты әйгілі фирмалардың шығармашылық директоры Кэй Найт осы жылы қазақстандық сұлулармен жұмыс істеді. Біз ол туралы өте көп естіген болатынбыз, сондықтан мүмкіндікті жібермей оны өзімізге шақырдық. Оған себеп – біз бәріміз студент болғандықтан, осы уақытқа
Эльмира Төлебергенова - Ұлыбританиядағы қазақстандық студент қыздар арасында өткен «Мiss KZ - 2011» байқауында көрермендер сыйлығына ие болды. misskz.co.uk сайтындағы сурет.
дейін сахнада жүріп-тұру тәжірибесі болмаған қыздарымызды аз уақыт ішінде дайындау үшін өте кәсіби маманды тартуды көздедік.

«Salem KZ» журналын кімдер шығарады? Басқа қандай жобаларыңыз бар?

– Бұл журналды да Ұлыбританиядағы студенттер қауымдастығы шығарып келеді. Өткен жылдан шыға бастаған студенттер журналын әр тоқсан сайын шығаруды жоспарлағанбыз. Өйткені, ай сайын шығаруға мұндағы студенттердің уақыты жоқ әрі оған көп мәліметтер жинау керек болады.

Біздің бұл жобаларымыздың бәрі қазақстандық студенттердің өмір-ахуалын жақсартуға, жалпы Қазақстанды әлемге танытуға бағытталған. Біз жылына екі рет Қазақстанда және Британияда брифингтер өткіземіз. Онда Алматыдағы Британия консулдығымен бірігіп, әлі шетке шықпаған қазақстандық студенттерге бағыт-бағдар береміз, маңызды мәліметтерді айтамыз.

Жобаларымыздың тағы бірі – Ұлыбританияда наурыз мерекесіне арналған концерт өткіземіз. Қазақстандық белгілі адамдармен кездесу ұйымдастырамыз. Және де жаз айларында Қазақстанға барып, клубтарда қайырымдылық концерттер өткізіп, оның ақшасын балалар үйіне береміз. Жылда 6-7 мың фунт жинап, қайырымдылық ретінде тапсырамыз.

Ұлыбританияда қанша қазақстандық студент бар?

– Студенттер санына қатысты әркім әртүрлі айтады. Қазақстан елшілігінде тіркелген студенттер саны шамамен 5 мың деп айтылады. Бірақ олардың саны бұдан да көп деп ойлаймын. Себебі, қазақ консулдығына тіркелмеген студенттер өте көп.

– Жақында Ұлыбритания шетелдік студенттерге виза шектеуін енгізетінін айтты. Бұл сіздерге қалай әсер етуі мүмкін?

– Расында соңғы кездері Алматыдағы виза беретін Британ консулдығында болжап болмайтын бірқатар қиындықтар туа бастады. Осыған дейін екі күннің ішінде виза беріп келсе, енді оның талаптары күшейіп, виза беру процесі ұзаққа созылатын болды. Көп адамға виза бермей қойған жағдайлар кездесіп жатыр.

– Сұқбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG