Accessibility links

«Бота» қоры күмәнді қаржының жартысын жұмсады


Жадыра Ертаева, "Бота" қорының грантын иеленуші. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

Жадыра Ертаева, "Бота" қорының грантын иеленуші. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

«Бота» қоры кезінде Назарбаевтың да аты аталған «Қазақгейттің» қаржысына құрылған. Үш мемлекет қол қойып, сол қаржыны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылдаған.

Қор осы күнге дейін жалпы 841 білім грантын бөлді. 25 стипендиат оқуларын бітіріп шықты.

ЕЛЕУЛІ КӨМЕК

Қостанай облысы Арқалық қаласының тумасы Азамат Амантаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүр.

- Мен биыл құқықтану факультетінің үшінші курсында оқимын. Алғашқы екі курсты «Альянс» банкінің несиелеу бағдарламасы бойынша оқыдым. Оқуыма жылына 505 мың теңгені банк төледі, ол ақшаны оқу бітірген соң, бір жылдан кейін пайызымен қайтарып беруім керек. Кезінде менің білім алуым үшін бұл ең тиімді жол болды. Қазір банкке 1 миллион теңгеден аса қарызым бар, - деді Азамат.
Азамат Амантаев, ҚазҰУ студенті, "Бота" қорының стипендиаты.

Азамат Амантаев, ҚазҰУ студенті, "Бота" қорының стипендиаты.


Азаматтың айтуынша, әкесі жұмыс істей алмайды - екі рет инсульт алған, оның үстіне жамбасын зақымдаған, «ара-тұра жеңіл жұмыстарға жалданады».

- Осы жағдайды ескерген «Бота» қоры үлкен көмек жасады. Биыл «Ботаның» грантын ұтып алып, стипендиат атандым. Енді оқуыма кететін барлық қаржыны: оқу ақысын, қажетті оқулықтар мен жүріп-тұруым, тіпті жатақханамды да осы қор өз мойнына алып отыр. Маған енді алаңдамай оқуға, ғылыми жұмыстарыммен айналыса беруге болады, - дейді Азамат Амантаев.

«Дарынды балалар – Қазақстан болашағы» атты кітапқа енген Азамат бірқатар ғылыми жұмыстардың авторы. Халықаралық конференцияларға да қатысқан.

Ал Семейлік Жадыра Ертаева жастайынан арбаға таңылған мүгедек жан. Ол - бес балалы отбасының үлкені. Мектеп бағдарламасын үйде оқығандықтан, жоғарғы оқу орны туралы армандамаған екен. Алайда осыдан екі жыл бұрын қорға өтініш жазған, қазір үшінші курста оқиды.
Білім ақысы – 300 мың теңге. Мұны отбасым таба алмас еді. Әкем – қара жұмыста, анам – үйде, бізге қарайды.

- Мен қазір оқып жатқан Шығыс Қазақстанның Шәкәрім атындағы университетінде білім алудың орташа ақысы - 300 мың теңге. Мұндай қаржыны менің отбасым таба алмас еді. Әкем – қара жұмыста, анам – үйде, бізге қарайды. Сондықтан «Ботаның» гранты маған үлкен көмек болды. Қазір тарих факультетінде білім аламын, болашақта мұражайда жұмыс істегім келеді, – дейді бойжеткен.

Азамат пен Жадыра – «Бота» қорының соңғы үш жылдан бері беріліп келе жатқан грантының иегерлері.

ОҚУ ГРАНТТАРЫ

«Жыл сайын қорға қызығушылық танытқан жастар көбейіп келеді» дейді қор жетекшілері. Мәселен, биыл байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2 мың 239 өтініш келген. Олардың 189-ы оқуға түсті.
"Бота" қорының эмблемасы. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

"Бота" қорының эмблемасы. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.


Қор гранттарына іліккен студенттер саны бойынша Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.

Биылғы білім гранттарын жоғары оқу орнының 135 студенті және техникалық-кәсіби білім беру ұйымдарының (колледж) 54 студенті алды. Грант иелерінің барлығы - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары. Олардың 15-і - жетім, төртеуі - мүмкіндігі шектеулі балалар, 104 стипендиат - ауыл балалары.

Бағдарлама іске қосылғаннан бастап (үш жылдан бері) стипендианттарды қолдау үшін жұмсалған шығын 600 миллион теңгеден (4 миллион АҚШ доллар) асып отыр. Оған оқуға төленетін ақы, стипендия, тұратын жердің төлемі, жолақысы, кеңсе тауарларын және оқу материалдарын сатып алу, стипендианттарға арналған тренингтер өткізу және қабылдау науқандарының шығындары кіреді.

– «Бота» қоры – Қазақстандағы ірі қор. Мақсаты - жағдайы төмен отбасылардағы балардың өмірін білім, денсаулық және әлеуметтік көмек арқылы жақсарту. Қор қаржысы ашық түрде жұмсалады, қатаң бақыланады. Жылына бір рет қор қамқоршылар кеңесінің алдында есеп береді, – дейді «Бота» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Сергей Злотников.
«Бота» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Сергей Злотников. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.

«Бота» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Сергей Злотников. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.


2009 жылы сәуірдің 30-ы қамқоршылар кеңесінің шешіміне орай «Бота» қоғамдық қоры Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен балаларға арналған үш жаңа инвестициялық-әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті.

Алғашқысы – тұрмысы нашар отбасыларға сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтерге, білім алуға қол жеткізуге көмектесу.

Екіншісі – әлеуметтік қызмет бағдарламасы Қазақстан бойынша әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған отбасылар мен жастардың өмір сүру деңгейін жақсартуды көздейтін жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға грант бөлу.

Үшінші бағдарлама бойынша білім гранттары беріліп, қазақстандық колледждің немесе жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқығысы келетін, бірақ оқуға төлейтін қаржысы жоқ жастарға қаржылай көмек көрсетіледі.

ДАУЛЫ ҚАРЖЫ

«Бота» қоғамдық қорының бастапқы қаржысы – кезінде «Қазақгейт» ісіне байланысты Швейцария банктерінде анықталған, шығу тегі бұлыңғыр 84 миллион АҚШ доллары.

– «Ботаның» бастапқы капиталы – Қазақстанға қайтарылған 84 миллион доллар. Қазір «Бота» қорына тиесілі капитал мөлшері – 115 миллион доллар, - деді қордың атқарушы директоры Аарон Борнстин.
"Бота" қорының атқарушы директоры Аарон БОРНСТИН. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

"Бота" қорының атқарушы директоры Аарон БОРНСТИН. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.


Оның айтуынша, қазір 115 миллион доллардың 55 миллионы жұмсалған. Қор қалған қаржы біткенше жұмыс істеп, қаржы толық игерілген соң жабылады.

Бұл 84 миллион АҚШ доллары – кезінде Қазақстандағы билік басындағылардың кеңесшісі қызметін атқарған бизнесмен Джеймс Гиффеннің АҚШ мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін оңтайлы шешу үшін осындағы лауазымды адамдардың есепшоттарына аударды деген қаржысы.

1991 жылы Қазақстанға бұрынғы СССР саяси элитасымен байланыс орнатқан АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффен келіп, көп ұзамай президент Назарбаевтың жақын адамына айналды.

Кейінірек Гиффен Қазақстанның мұнай саласымен байланысты стратегиялық істеріне зор ықпал жасайтын адам болды.

2003 жылдың көктемінде Джеймс Гиффен мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы қарым-қатынас АҚШ құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Джеймс Гиффен тұтқындалып, оған «Қазақстандағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға пара берді» деген айып тағылды.
АҚШ кәсіпкері Джеймс Гиффен (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сарамен.

АҚШ кәсіпкері Джеймс Гиффен (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сарамен.


Бұл іс 2010 жылдың тамызында аяқталды. Нью-Йорк федералды сотының отырысында Джеймс Гиффен салық қызметінен өзінің шетелдердегі банктік есеп-шоты туралы ақпаратты жасырып келгенін мойындады. Гиффенге бір жылдық түрме жазасы кесіліп, 25 мың доллар айыппұл салынды.

«Қазақгейт» ісіне байланысты АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктері 84 миллион долларды құлыптап тастаған болатын. 2007 жылы үш мемлекет қол қойған келісімнің нәтижесінде «Бота» қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG