Accessibility links

«Қазақмыс» спортқа қаржы бөлуден қашпайтынын айтты


Воспитанники ЧУ "Детско-юношеская спортивная школа города Жезказгана ТОО "Корпорация Казахмыс" во время игр на футбольном поле. Фото из личного архива тренеров.

Воспитанники ЧУ "Детско-юношеская спортивная школа города Жезказгана ТОО "Корпорация Казахмыс" во время игр на футбольном поле. Фото из личного архива тренеров.

Жезқазған қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жабылды. Ал мектепке қаржы бөлетін «Қазақмыс» корпорациясы демеуші болудан бас тартпайтынын айтады.

Спорт мектебінің тәрбиеленушілерінің бірі 11 жасар Женя Крецудің анасы Анжела Маслова баласының футболмен шұғылданғанына үш жылдан асқанын айтты. Жалғызбасты ана Азаттық тілшісіне:

- Оның сүйікті спорты – футбол. Атақты футболист болам деп, басқа ешқандай спорт секциясына барғысы келмейді. Алматы, Қарағанды, Сарань және басқа қалаларға жарысқа барып жүрген. Шын сүйетін ісі еді, енді қайда баратынын білмеймін? Мен де ештеңені түсінбеймін. Мүмкін, бір реті болар, - деді.

СПОРТ МЕКТЕБІН ЖАБУ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТУ

Жезқазғандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл - «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландыратын жеке меншік мекеме. Бапкерлердің айтуынша, осы мерзім ішінде мұнда талай чемпион, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері өсіп шықты.

Спорт мектебінде бір мыңнан аса бала футбол, баскетбол, бокс, күрес, жеңіл атлетика және т.б. спорт түрлерімен мен шұғылданады. Тәрбиеленушілердің басым бөлігі - «Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлерінің балалары. Жаттықтырушылар «Жезқазғанда енді балалар спортын дамыту тоқырайды» деп алаңдайды.

Кезекті демалыстан шыққан жаттықтырушылар еңбек шартын бұзу туралы ескерту қағазын алған. Оған «Қазақмыс» корпорациясының жеке меншік спорт мектебін жабу жөніндегі комиссия төрағасы Тілемісов қол қойыпты.

Өзінің аты-жөнін атамауды өтінген футбол жаттықтырушыларының бірі қалалық спорт мектебінде жұмыс істеуге шақыру алғанын айтты.

– Жақында бізбен жиналыс өткізді. Мектептің Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы екі филиалында жұмыс істеген 18 жаттықтырушымыз болған. Көбінің жалақысы енді азаяды. Балаларды да жан-жаққа таратып жіберетін болды. Біреулерін мемлекеттік спорт мекемелеріне қабылдайтын шығар. Ал кейбір балаларға «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлерімен жұмыс істеуге ауысатын жаттықтырушыларға баруды ұсынып жатыр. Бірақ енді бұл балалардың жарыстарға бара алмайтыны анық. Балалардың еңселері түсіп кетті. Мынадай мектепті жапқандары өкінішті-ақ. Мысалы, футболды алсақ, Жезқазғанда жақсы жабдықталған стадион, ал Сәтбаев қаласында – манеж бар. Яғни жаттығуға тамаша жағдай бар. Мына кешен шынымен де жұмыс істеп тұрған, жетістіктеріміз де тамаша еді. Қазақстанда жыл бойы жаттығуға болатын манеждер аз, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

«БАЛАЛАР СПОРТТЫ ТАСТАП КЕТУІ МҮМКІН»

Спорт мектебі директорының орынбасары Геннадий Ким «мұнда келіп жүрген балалардың көбі енді спортпен шұғылдануды тастап кете ме?» деген қаупін айтты. Ол Азаттыққа берген сұхбатында:

– Балалар да, жаттықтырушылар да далада қалмайды деп жатыр. Жаттықтырушылардың біразын «Қазақмысқа» инструктор етіп алады дейді. Спортқа ден қойған көп баладан айырыламыз. Оларды жаттықтыратын адам жоқ. Алты жаттықтырушымыздың үшеуі Сәтбаев қаласына, үшеуі Жезқазғанға мемлекеттік мекемелерге кетеді: онда бос орындар бар екен. Ал 12 адам «Қазақмыс-спорт» кешеніне бапкер болып барады. Оларға «жұмыстан бос уақыттарыңда балаларды жаттықтырасыңдар» депті, - деді.

Оның айтуынша, әр жаттықтырушының қарамағында үш топтан бар, шамамен 50-80 баладай болған. Геннадий Ким «балалар мен ересектерді бірдей жаттықтыру мүмкін емес» дейді.
"Қазақмыс" қарасты спорт мектебінде балалар футбол ойнап жүр. Сурет бапкерлердің жеке архивінен алынды.

"Қазақмыс" қарасты спорт мектебінде балалар футбол ойнап жүр. Сурет бапкерлердің жеке архивінен алынды.


– Балалар енді жарыстарға бара алмайды. Келген балалардың өздері біраздан кейін ынтасы жоғалып, спортты тастап кетеді. Бізде балаларға жаппай спортпен шұғылдануға жағдай жасаған тұтас мектеп болып еді. Жыл сайын спорт шеберлерін беріп отырдық. 2010 жылы бокстан, 2011 жылы каратэден, биыл жеңіл атлетикадан халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері шықты. Азия чемпионы болған балалар бар. Мектептегі сабақ тегін жүрді, – дейді директордың орынбасары Геннадий Ким.

Оның айтуынша, жабылатын спорт мектебінің әкімшілігінде істеген директор, оның орынбасары, әдіскерлер мен медбикелерді жұмысқа орналастыру мәселесі әлі шешілмеген.

– Біз жайында, тіпті әңгіме де қозғалмайды. Жұмысты өзіміз тауып алуға тура келеді енді. Ликвидациялық комиссиядағылар біздің мектеп «қаржы үнемдеу мақсатында жабылып жатыр» дейді. Мектепті жапқаннан үнемделген қаржы өндірісті дамытуға жұмсалмақ-мыс. Бұл арадан ешқандай үнем көріп тұрғаным жоқ. Корпорацияға қарайтын спорт ұйымдары көп, басқаларына қарағанда, біздің мектепке қаржы аз бөлінетін. Олар мұны ресми түрде еш жерде жазбайды, – дейді Геннадий Ким.

«ЕШКІМ ДАЛАДА ҚАЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісінің «Қазақмыс» меншігіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебін жабу туралы сауалына Жезқазған қаласының әкімдігі нақты жауап бере алмады. Олар қалалық білім беру бөліміне сілтеді.

Жезқазған қалалық білім беру, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Зинаида Ақылбекова осыған дейін «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырып келген, енді жабылатын спорт мектебінің жұмыстан босаған жаттықтырушыларын жұмыспен қамту жөніндегі ақпаратты растады.

– Төрт жаттықтырушы Қарағанды облысына қарайтын Жезқазған қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне жұмыс істеуге шақырту алды. Олардың жұмысқа қазірден кірісе беруіне болады. Тағы екі жаттықтырушыны Жезқазғанның спорт-сауықтыру кешені жұмысқа алады. Бірақ олар жұмысқа 2013 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қана кіре алады, - деді Зинаида Ақылбекова.

Алайда оның сөзіне қарағанда, жабылатын мектептің тәрбиеленушілерін қаладағы спорт мектептерінің бәрі бірдей қабылдай алмайды.

– Маған жаттықтырушылар келіп, 320 бала босайтынын айтты. Мысалы, спорт-сауықтыру кешені 120 баланы қабылдай алады. Қалғандарын қайда орналастыруға болатынын әзірше білмеймін, – дейді Жезқазған қалалық білім беру, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Зинаида Ақылбекова.

«ДЕМЕУШІЛІКТЕН ҚАШПАЙМЫЗ»

Ал «Қазақмыстың» баспасөз қызметі Азаттыққа балалар да, жаттықтырушылар да далада қалмайды деп түсініктеме берді.

Олар кейбір азаматтық белсенділердің «Қазақмыс» қаржы дағдарысы келді, енді назарды тек өндіріске аудару қажет деген сылтаумен әлеуметтік жауапкершіліктен қашқақтап отыр» деген сөзін жоққа шығарды.

Компанияның баспасөз қызметі берген түсініктемеде «ел үшін қиын заманда «Қазақмыс» мемлекеттің кейбір миссиясын өз мойнына алып, жаңа әлеуметтік нысандар тұрғызып, пайдалануға берді. Енді олардың құрылымын өзгерту туралы мәселені шешуі қажет» деп жазылған.

Қазақстанның бірнеше облысының әлеуметтік саласына «Қазақмыс» құйып жатқан инвестицияның көлемі - миллиардтаған теңге. Ең көп қаражат Қарағанды облысына бөлінді.

«Қазақмыс» корпорациясының хаты (қысқартып жарияладық):

«Компания 2011 жылы Қарағанды қаласында Мұз сарайы мен Теннис орталығын салып, Тәуелсіздік монументі мен тарихи қайраткерлер: Қазыбек би, Қасым Аманжолов, Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштерін тұрғызды... Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалалары үшін жедел жәрдем көліктері сатып алынды.

Қаржының бір бөлігі облыстың бірнеше кентін абаттандыру, жолдарын жөндеу, жатақханалар мен спорттық кешендер салуға жұмсалды. Жезқазғанда көкөніс сақтау қоймалары мен коммуналдық базардың ғимараттары сатып алынды. ...Сәтбаев қаласын абаттандыруға қомақты инвестиция қарастырылған. Компания бөлген қаражатқа Балқаш қаласында балалар алаңдарын салып, қалалық бақты жөндеу жоспарланған.

Компания бірнеше жыл қатарынан «Тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету жөніндегі Қарағанды аймақтық қоры» атты шағын несиелік ұйымға демеушілік көрсетіп келеді. Қиын жағдайға тап болған тұрмысы төмен жүздеген азаматтар бұл ұйымнан қайтарымы жоқ материалдық көмек алады. Өтініш бергендер етікшілік, тігіншілік және ұсталық шеберханалары сияқты өз істерін ашуға, ал ауылдық жердің тұрғындары ірі қара және ұсақ мал сатып алуға нақты мүмкіндік алады».
Өтініш бергендер етікшілік, тігіншілік және ұсталық шеберханалары сияқты өз істерін ашуға, ал ауылдық жердің тұрғындары ірі қара және ұсақ мал сатып алуға нақты мүмкіндік алады.

«Қазақмыс» компаниясы Азаттықтың сауалына «компания үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партияларды қаржыландырмайды» деп жауап жазған. «Қазақмыс» студенттердің білім алуына, оның ішінде шетелде білім алуына көмектесу, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қамқорлыққа алудан басқа, Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында спорт нысанының құрылысын, Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің мектебіне қосалқы бөлмелер салуды, Глубокое ауданындағы Белоусовка кентіндегі мәдениет үйінің құрылысын, Өскемен қаласындағы бокс және күрес сарайының құрылысын қаржыландырғанын хабарлапты. Павлодар облысындағы білім жобаларына «Қазақмыс» ондаған миллион теңге бөлген екен.

Жезқазғандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі туралы «Қазақмыстың» жауабы мынадай:

«Мемлекеттің хоккей, футбол, баскетбол сияқты спорттың кәсіби және басқа түрлерін дамыту жөніндегі функциясын қайталамау мақсатында қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыруға арналған спорт саласына бөлінетін қаржыны қайта қарау бағдарламасы бойынша оны мамандандырылған құрылым - корпорацияның филиалы «Қазақмыс-спортқа» аудару көзделген».

Түсінік-хатта «Қазақмыс» корпорациясында балалар спортын дамыту енді басқаша сипатқа ауысып, балалар спортын қаржыландыру мен қолдау алдағы уақытта да жалғасады» деп жазылған.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG